«САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН ҰСТАН!»

 

«Денсаулық фестивалі» елімізде 1999 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл оның бастау алғанына 16 жыл толып отыр. Дене-күш белсенділігі адамның қалыпты өмірін ұзартатыны ғылыми жолмен әлдеқашан дәлелденген. Былтырғы жылы «Жаттығуға көп рахмет, денсаулығым керемет» деген ұран аясында өткен шара биыл «Салауатты өмір салтын ұстан» деген ұстанымды алға тартуда. 

Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Гүлнәр Мамбетованың айтуынша, бұл фестивальге аймақтағы жеті ауданның   тұрғындары біркісідей атсалысатын көрінеді.

Атырау қаласындағы жоғары, арнаулы оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары мен мекемелер қызметкерлері қатысқан фестиваль қорытындысы бойынша, флеш-мобтан бірінші орын Н.Назарбаев  атындағы зияткерлік мектебінің қанжығасына байланды. Екінші орынға Атырау агро-техникалық колледжі ие болды. Үшінші орын Атырау медицина колледжіне берілді.

Арқан тартыстан Атырау медицина колледжі алға озды. Екінші орын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті пайдасына шешілді. Үшінші орынды Атырау мұнай және газ институты місе тұтты.

Жиырма төрт келі салмақтағы кіртасын көтеруден Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметкері Мейрамбек Досқалиев алға шықты. Дамбы ауылындағы Амангелді мектебінің мұғалімі Құндызбай Құсайынов екінші орынды иеленді. Атырау мұнай және газ институтының оқытушысы Мейрамбек Есмағамбетов үшінші орынның жүлдегері атанды.

Жүгірістен ересектер арасында Атырау агроколледжі қызметкері Айбек Берниязов бірінші келсе, Атырау мұнай және газ институтының профессоры Асқар Қазиев екінші боп мәре сызығын кесіп өтті. Ал, қыз балалар арасындағы жүгірістен Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті студенті Айдана Жеткіншекова өзінің желаяқтығын дәлелдеді. Қаладағы №27 мектептің оқушысы Нұрәсем Ернар екінші, №20 мектеп оқушысы Ирина Гауцель үшінші боп мәреге жетті. Жігіттер арасынан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Әсет Құмаров жүйріктердің арасынан бірінші деп танылды. Атырау мұнай және газ институты студенті Төрегелді Мыңбаев екінші, осы институт шәкірті Жандос Әуесхан үшінші орынға ие болды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*