САҚШЫЛАРДЫҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫ

19 наурызда өткен оның ашылу салтанатына  Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев, облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Нұрым Оразбаев пен ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Қазиханов қатысты. Жиналғандарды алдымен шаһар басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы құттықтап, жылы лебізін жолдады.

-Елбасы ұсынған, бес институционалдық реформаға негізделген, «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспарында, қала берді қазақстандықтарға арналған дәстүрлі Жолдауында атап көрсетілген мемлекеттік маңызды міндеттердің бірі – түрлі сипаттағы қылмыстылықпен күресті күшейте отырып, қоғамдық тәртіп пен ішкі қауіпсіздікті нығайту. Бүгінгі сіз бен біз куәсі болып отырған мына оқиға да – осы тұрғыда жүзеге асырылған айтулы шаралардың бірі. Мұның өзі сақшылар қызметінің жеделділігін арт-тырумен бірге олардың жауапкершілігін күшейтіп, кәсіби біліктілігін жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер беретіндігіне сенімдімін. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының қамқорлығына, Елбасы саясатының өңірімізде жүзеге асуына жан-жақты жұмыстанған аймақ басшылығына баршаларыңыздың аттарыңыздан шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғимараттарыңыздың іші жайлы, қызметтеріңіз де соған сайлы болсын,-деді ол.

Көп кешікпей әсем де сәулетті ғимараттың кіреберісіне керілген рәміздік көгілдір лента да қиылды. Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев жанындағы орынбасарларымен және  салалық құрылым өкілдерімен бірге  нысанның ішін аралап көріп, танысып шықты. Айта кетейік, ғимараттың жалпы аумағы 5000 шаршы метрден асады.  Мұнда қызметтік кеңсе орындарынан  бөлек, жоғарыда айтылып кеткен жедел қимылдау арнайы жасағы мен өзге де құрамдарға арналған спорттық және кәсіби жаттығу, тұрмыстық-тынығу залдары, асхана мен басқа да қажетті орындар қарастырылған. Оның үстіне, ауысымдық әдіспен, тәулік бойына қызмет атқаратын жедел қимылдау арнайы жасағының сарбаздары үшін жатын бөлмелері де талапқа сай жабдықтал-ған. Тұтастай алғанда, жаңа ғимаратта барлығы 500-дей адамның жұмыс жасауына жағдай туғызылған. Бұдан басқа қазіргі заманғы ақпараттық  технологиялармен, бейнебақылау камераларымен толықтай  жарақтандырылыпты.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*