САХНА САҢЛАҚТАРЫНЫҢ ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТІ

 

Алты күн бойы мұнайлы өлке халқы алыс-жақыннан келген он бір театрдың өнерін тамашалады. Өнер фестивалінің қорытынды кешін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ашты.

– Болмысы бөлек жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев сезімін сөзге, сөзді суретке айналдырса, ал, театр саңлақтары осы суретті халыққа жеткізіп, атыраулықтарға рухани мереке сыйлады.

Атырау өңірі қашан да таланттардан кенде болмаған. Талантты тірі кезінде бағалау деген ой жетелеп, бүгін театр апталығын қорытындылап тұрмыз. Егер Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев сынды біртуар тұлғаларымыз келіп қатыспағанда, бұл фестиваль өз деңгейінде өтпес еді. Қазақ театр өнерін Атырауға көшіріп әкелгендеріңіз үшін облыс халқы атынан басымды иемін, – деген аймақ басшысының орынбасары сахнаға үлкен тапсырмамен шығып отырғанын жеткізді. Астанадан Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мен ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаевтан келген құттықтау хатты оқып, фестиваль иесіне табыстады.

– Мына қайшыласқан, дүниені ғаламтор жаулап алған заманда көңілінің кірі бар адамның қолына қалам ұстатып, алдына ақ қағаз жаюға болмайды. Өйткені, ақ қағаздың бетіне көңілінің кірін төгеді, ол елге жұғады. Мен әлім келгенше, ақыл-парасатым жеткенше сол ақ қағаздың бетіне аз да болса сәулелі ойларымды төккім келді. Соны алыс-жақыннан алып келіп отырған театр әртістеріне мен де басымды иемін. Халықаралық театр фестивалін ұйымдастыруға ұйытқы болған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовке және осындай үлкен істің басы-қасында отырған аймақ басшысының орынбасары, ұйымдастыру алқасының төрағасы Шыңғыс Жұмабекұлы Мұқанға рахмет айтамын.

Айналайын Атырау елі, балаңды тербеткен алтын бесіксің ғой! Осы елдігіңнен де, ерлігіңнен де айырылмашы, – деп жазушы-драматург  Рахымжан Отарбаев туған өлкесіне де ыстық ықыласын жеткізіп, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға халықаралық фестивальден ескерткіш сыйлықты табыстады. Сонымен қатар, өнердің дүбірлі додасына қатысқан театр басшыларына облыс әкімінің орынбасары, фестивальді ұйымдастыру алқасының төрағасы Шыңғыс Мұқанның атынан Алғыс хат табысталды.

Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бұсырман Одурақаев фестивальге белсене қатысқан Баян Өлгей аймақтық музыкалық драма театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық әзіл-сықақ және сатира театры және Алматы облыстық Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры ұжымдарына ынталандыру сыйлығын тарту етіп, диплом мен 300 000 теңгенің сертификатын табыстады.

Ал, ақын, Моңғолия Жазушылар Одағы Баян Өлгей аймақтық қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Рахметұлы жеке рөлдерде көзге түскен өнерпаздарды бірнеше аталымдар бойынша марапаттап, әрқайсысына диплом мен 300 000 теңгенің сертификатын ұсынды. Атап айтсақ, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры ұсынған «Жәңгір хан» спектаклінде Махамбеттің рөлін сомдаған Қуаныш Амандықов «Үздік ер адам бейнесі» аталымын ұтып алса, «Үздік әйел адам бейнесі» дипломы Астана қалалық Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыка драма театрының әртісі Айнұр Бермұхамбетоваға табысталды. Ал, осы театрдың режиссері Нұрлан Жұманиязов «Үздік режиссер» атанды.

Алматы облыстық Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры қойған «Ұйық» драмасында Камиланың бейнесін сомдаған Әйгерім Бекболатова «Екінші кезеңдегі (пландағы) әйел адам бейнесі» аталымы бойынша үздік танылды. «Үздік сценография» аталымы бойынша Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театрының қоюшы-суретшісі Серік Пірмахан жеңіске жетті. «Үздік хореография» атағы Баян Өлгей аймақтық музыкалық драма театрына тиесілі болды. Шара барысында театрға өз өмірлерін арнаған әртістер де ұмыт қалған жоқ. «Ұзақ жылғы сахнадағы еңбегі үшін» номинациясымен Хұсейін Әмір-Темір (Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры) мен Шора Думанаев (Қырғыз ұлттық академиялық драма театры) марапатталды. 

Қазылардың шешімімен «Мұстафа Шоқай» драмасын ұсынған Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының әртісі, ҚР Мәдениет қайраткері Әсем Байырова «Көрермен көзайымы» аталса, Алматы облыстық Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры ұжымы қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ, «Үздік эпизод» аталымына «Мұстафа Шоқай» спектакліндегі рөлі үшін Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбаев лайық деп танылды.

Фестивальдің қорытындысымен ІІІ орын жүлдегерлерін марапаттау қазылар алқасының мүшелері – жазушы, бүкілресейлік Александр Грин атындағы әдебиет сыйлығының және М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Георгий Пряхин мен Мәскеу қаласындағы қазақ ұлттық қауымдастығының төрағасы Ермек Алдановқа бұйырды. Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры мен Оңтүстік Қазақстан облыстық Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры жүлделі ІІІ орынды иеленіп, арнайы диплом мен 750 000 теңгенің сертификаттарына ие болды.

Ал, Қырғыз ұлттық академиялық драма театры мен Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры басшылары Халық әртісі, профессор Есмұхан Обаевтың қолынан ІІ орын дипломы мен 1 000 000 теңге сертификатын алды.

Сахнаға көтерілген қазылар алқасының төрағасы, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Асанәлі Әшімов Халықаралық театр фестивалі аясында Рахымжан Отарбаевтың шығармасы бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Жәңгір хан» спектаклін қойған Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрын  І орын дипломымен марапаттап, 1 500 000 теңге арнайы сыйлығын табыстады. Айта кетсек, аталмыш өнер ұжымы бұған дейін де осы туындымен Оралда жаңа маусымның тұсауын кескен болатын.

 – Бұл апта осы өңірде үлкен тойға айналып, – деді қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов, – Рахымжан Отарбаевтың сіңірген еңбегі көрініс тапқан шығармашылық фестиваль өз деңгейінде өтті. Абай ағам айтқандай, «біреуді неге озасың деп кінәлама, өзіңді өзің қамшыла». Сондықтан, театр ұжымдарына айтарым, бұл фестиваль – әрқайсыларыңа үлкен сабақ. Фестивальдік спектакль дайындап әкелу керек. Жақсы спектакль қоюға тырысу қажет. Біреуге өкпелеудің қажеті жоқ, ең алдымен, өзіңе өкпеле. Бұл күндері Мұстафа Шоқай, Махамбет, Жәңгір хан, Бейбарыс сияқты үлкен бабаларымыздың бейнесі сахнадан көрінді. Ал, оның халыққа қалай жеткізіліп жатқандығы – бөлек әңгіме. Барлық театр ұжымдарына шығармашылық табыс тілеймін.

Өнер додасының соңғы күні Дешті қыпшақ ұланы он жасында жетім қалып, Мысыр еліне құлдыққа сатылып кеткен Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың тағдыры, күрес жолы кеңінен баяндалған «Бейбарыс сұлтан» тарихи драмасын сахналаған Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры жеңіске жетті. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан елдің бас театрының директоры, актер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлға «Бас бәйгенің» дипломы мен 2 000 000 теңгенің сертификатын тапсырды. Сонымен қатар, фестивальдің қазылар алқасын арнайы ескерткіш сыйлықпен және алқамен марапаттады. 

Халықаралық театр фестивалінің жабылу салтанатында өнер көрсеткен ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетова, Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің күйшілері, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері Қуандық Нұғымаров, Венера Машқалиева, Мәрия Нұғымарова және   «Інжу маржан» мен «Махамбет» би топтары кештің сәнін одан әрі асыра түсірді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттерді түсіргенЕрлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*