САЙЛАУҒА – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС

 

Call-орталығы құрылды

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 10 сәуірден бастап әр азаматқа сайлаушылар тізімдеріндегі өзі туралы деректерді тіркелген жері бойынша сайлау учаскесінде тексеруге мүмкіндік беріліп отыр.

«Конституцияға және сайлау заңнамасына сәйкес, он сегіз жасқа толған әр азаматтың сайлауда дауыс беру құқығы бар. Сайлаушының бұл құқығын іске асыра алуы үшін әкімдіктер сайлаушылар тізімдерін жасайды және мәліметтердің растығы мен толықтығына жауапты болады. Азаматты нақтылы сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның осы сайлау учаскесінің аумағында тұратын жері бойынша тіркелу фактісі негіз болып табылады» деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясы.

Белгілі болғанындай, әкімдік-тердің, сайлау комиссиялары мен мүдделі мемлекеттік органдардың сайлаушылар тізімдерін нақтылау бойынша бірлесіп жүргізген жұмысының нәтижесінде, белсенді сайлау құқығына ие азаматтардың жалпы саны 2015 жылғы 1 қаңтардағы деректермен салыстырғанда, 213 мың адамға артқан.

10 сәуірден бастап сайлаушылардың жаңартылған тізімдері учаскелік сайлау комиссияларына барып танысу үшін ұсыныла бастады. Және әрбір сайлаушы өзі туралы деректерді тікелей сайлау учаскелерінде дауыс беру күніне дейін және сайлау күні тексере алады. Ол үшін учаскелік сайлау комиссиясына жеке басын куәландыратын, сондай-ақ, тұрғылықты жерінде тіркелгенін растайтын құжаттармен (мекен-жай анықтамасы немесе азаматтарды тіркеу кітабы) келіп, сайлаушылар тізімімен мұқият танысуы қажет.

Орталық сайлау комиссиясы мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлау учаскелеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында олардың кедергісіз және қауіпсіз кіріп-шығуы үшін сайлау учаскелерін мүмкіндігінше құралдармен (арнайы пандустар, тұтқалар және т.б.) жабдықтау туралы мәселені қарастыруда.

Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясының басшылығымен сайлаушылар туралы ақпаратты нақтылау үшін республиканың әрбір ауданы мен қаласында мамандандырылған Call-орталығы құрылды. Ел бойынша олардың 441-і жұмыс істеуде. «Тұрғылықты ауданындағы немесе қаласындағы Call-орталығына телефон шалып, сайлаушы өзінің сайлаушылар тізіміне енгізілгені, қай сайлау учаскесінде тіркелгені туралы

мәліметтермен танысып, сонымен қатар, өзі туралы деректерді тексере алады. Call-орталықтарының телефондары туралы мәлімет жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады» деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясы.

Бұдан бөлек, Қазақстаннан  тысқары аймақта 65 сайлау учаскесі ашылады. ОСК хатшысы Бақыт Мелдешевтің мәлімдеуінше, сайлау күні шетелде болатын Қазақстан азаматтарына арнап 65 сайлау учаскесі жұмыс істейді. «Сайлау учаскелері – Еуропада, Америкада, Азияда. Әрине, біз барлық елді қамти алмадық. Дегенмен, Қазақстан азаматы сайлау күні шетелде болатын болса, онда олар сайлау учаскесіне келіп, жеке куәлігін көрсету арқылы дауыс бере алады. Меніңше, оларға дауыс беру құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндіктері бар. Оларға да бюллетеньдер беріледі» дейді ОСК хатшысы Бақыт Мелдешев. 

Шетелдік байқаушылар  саны 630  адамға  жетті

Әділетті, әрі демократиялы сайлау өткізуде байқаушылардың ролі ерекше екені белгілі. Бұл орайда  Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс Президент сайлауын байқайтын шетелдік байқаушылар санының 630 адамға жеткендігін мәлімдеді. «Бүгінгі таңда халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 496 байқаушы аккредиттелді. ҚР Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттерден 134 бұқаралық ақпарат құралын тіркеді. Осылайша, қазіргі уақытта аккредиттелген шет мемлекеттерден, халықаралық ұйымдардан және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарынан 630 байқаушы бар. Олардың қатарында ЕҚЫҰ/     ДИАҚБ миссиясы, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы, Қытай Халық Республикасы, Молдова Республикасы және Хорватия Республикасы мен Бельгия Корольдігінің өкілдері бар» деп хабарлады ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова.

Сондай-ақ, ол ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД байқаушылар миссиялары өз штабтарын ашқан сәттен бастап белсенді жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. «Қазіргі уақытта олар өңірлерде жүр. Сайлауды ұйымдастырушылармен, ҚР Президенттігіне кандидаттармен, сайлау комиссияларымен және аймақтардағы бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесулер өткізуде» дейді ОСК мүшесі.

Айта кеткен жөн, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Ортсайлауком 2015 жылғы 20 сәуірге дейін жүргізеді.

Сайлау барысында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қорғаныс жүйесі құрылды. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсенбаевтың хабарлауынша, сайлау науқанына қатысты ақпараттар, құжаттар мен сандық мәліметтер жүйесінің қорғалуы ұдайы басты назарда келеді.

«Барлық облыстарда мәліметтердің қорғалуын қамтамасыз ететін білікті мамандар бар. Олар біздің мәліметтердің сақталуын бақылайды. Себебі, сақтықта қорлық жоқ. Жүйені бұзып кіру оқиғалары бұның алдында болғанын айта кетейін. Содан кейін біз тиісті шаралар қабылдадық. Енді біз де интернетпен байланысы жоқ арнайы байланыспен қамтамасыз етілдік. Сондықтан, осы жүйемен жұмыс істей аламыз. Аймақтардан келетін барлық ақпараттар осы жүйемен келіп түседі, бұл оған ешкім теріс мағлұматтар енгізіп, сайлаудың астан-кестенін шығармау үшін жасалуда» дейді ол. 

Онлайн  режимде бақылау  мүмкіндігі

Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы еріктілер үшін ашық кеңістік, мол мүмкіндік беруде. Соның бір дәлелі – қазақстандықтарға сайлаудың өту барысын тікелей онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беріліп отыр. Cол мақсатта www.election2015.kz сайты іске қосылды. Сайттың жұмысын үйлестіруші блоггер  Бауыржан Сәдиев ресурсты құрудың бірнеше себебі барын айтады. «Біріншіден, әлеуметтік желілерде ақпараттық қоқыс өте көп, соның ағымында маңызды электоралдық ақпарат жоғалып, соңғы пайдаланушысына дейін жетпейді. Екіншіден, жаңа сайт қоғамдық плюрализм мен сайлаушыларды тарту үшін өте маңызды» дейді ол.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, www.еlection2015.kz  сайтының ішінде бірнеше қызмет бар. Бірінші кезекте – халық жаңалықтары. Бұл жерде ниет білдірген кез-келген адам басқа пайдаланушылармен ақпарат бөлісе алады. Алаңдаушылық тудырған тақырыптарды талқылауға арналған бос чаттар, қызықты сайлауалды сараптама, бейнематериалдар мен әлеуметтік сервистерден сайлауалды тақырып бойынша жаңалықтарды агрегациялау бар. «Сайтқа кірушілер алдағы сайлауды бөлек тақырыптармен талқылау мүмкіндігін алады. Оның әрбір тақырыбы тек сайтқа кірушілердің өздерінің бастамасымен құрылады» дейді үйлестіруші-блоггер Б.Сәдиев. Ең бастысы, сайт барлық қолданушыларға сайлаудың өту барысын бақылауға мүмкіндік туғызуда.

Сайлау науқаны басталғалы сайлау заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша Орталық сайлау комиссиясы ауқымды жұмыс жүргізді.  Бірақ, бұл жауапкершілік жүгі жеңілдейді деген сөз емес. Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хатшысы Бақыт Мелдешев азаматтардың саяси құқықтарын жүзеге асыруына кедергі келтірілген жағдайда, сайлау комиссияларының жұмысына заңсыз араласса, дауыс беру құпиясын бұзса, дауыс беруге кедергі келтірсе, дауыс беру нәтижесін қорытындылап, дауысты есептеу міндетін орындауға бөгет болса жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Бұл туралы ОСК-ның кезекті отырысында мәлімдеген хатшы Б.Мелдешев бұқаралық ақпарат құралдарында Президенттікке кандидаттың абыройына немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпарат таралғанда, сонымен қатар, оның келісімінсіз суреті жария етілгенде азаматтық құқықтық жауапкершілік туындайтынын айтты.

«Азаматтар анонимді үгіт материалдарын және нақты деректері жоқ үгіт материалдарын дайындағанда немесе таратқан жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, аталған материалдарды шығарған ұйым жайында, олардың басылған жері, таралымы, тапсырыс берген тұлға, басып шығаруға қанша қаржы жұмсал-ғаны туралы ақпарат болмаса, үгіт материалдарын қасақана бүлдірсе, нұқсан келтірсе, меншік иесінің келісімінсіз ғимараттарға, құрылғыларға, сонымен бірге, тарихи, мәдени немесе сәулеттік құндылығы бар ескерткіштерге, ғимараттар мен құрылғыларға орналастырса, жауапкершілік жүктеледі» деді ОСК хатшысы.

Оның атап өтуінше, кандидаттарға қаржылай көмек кандидаттың жазбаша келісімінсіз сайлауалды жұмыстарымен байланысты қызметтерге, сайлауалды үгіт жүргізуге кедергі келтіруге, басқа сайлаушыға дауыс беруге көрсетілсе, онда әкімшілік жауапкершілік туындайды.

«Сайлау үрдісіне қатысушыларды жауапкершілікке тарту негіздемелері Сайлау туралы Конституциялық заңның 50-ші бабында толығымен көрсетілген», – деді Б.Мелдешев. 

СМС-сервис көмекке  келеді

Тағы бір жаңалық, дауыс берушілер үшін сайлау барысын неғұрлым жеңілдету мақсатында Орталық сайлау комиссиясы көптеген мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеуде. Нәтижесі сол, бұдан былай астаналықтар сайлау учаскесін СМС-сервис арқылы анықтай алатын болды.

«Қала тұрғындарына ыңғайлы болуы үшін, Елорда әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті «Сайлау учаскесі туралы ақпарат іздеу» интерактивті СМС-қызметін іске қосты» деп хабарланады Елорданың ресми сайтында. Бастысы, бұл қызмет азаматтарға сайлау учаскесінің нөмірі, мекен-жайы, телефон және ғимараттың орналасқан жері көрсетілген сайлау учаскесі туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Қызметті пайдалану үшін 414 нөміріне (код сөзі) бос орын (азаматтың ЖСН) жазылған СМС-хабарлама жіберу керек.

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, барлық дауыс берушілерге тең құқық қарастырылған. Мәселен, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болатын азаматтар енгізіледі.

Әскери бөлiмдер бойынша оларда тұратын әскери қызмет-шiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскери бөлiмдерден тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi.

Шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген, әрi республиканың жарамды төлқұжаты бар барлық азаматтар енгiзiледi.

Шет мемлекеттерге жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген азаматтар учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасының азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгізілуі тиіс.

Жатақханаларда тұратын, күндізгі бөлімде оқитын студенттер мен аспиранттар жатақхананың тұрған жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі, ал жатақханада тұрмайтындар ХҚО-ға жүгініп, жатақхананың немесе жоғары оқу орнының орналасқан мекен-жайы бойынша уақытша тіркеле алады. Бұдан кейін олар жатақхананың немесе жоғары оқу орнының орналасқан жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі. 

Біздің анықтамалық 

Орталық сайлау комиссиясы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 22 қыркүйектегі қаулысымен 25 адамнан тұратын құрылым ретінде құрылды. 1989 жылғы 18 қазанда Қазақ ССР депутаттарын сайлау және кері шақырып алу бойынша Орталық сайлау комиссиясы аппаратының құрамы бекітілді. Араға екі жыл салып, Орталық сайлау комиссиясы құрамына өзгерістер енгізілді.

Қазіргі кезде қолданыстағы Конституцияға сәйкес, Орталық сайлау комиссиясын қалыптастырудың келесі тәртібі қолданылады. Яғни,  Ортсайлаукомның Төрағасы мен екі мүшесін бес жыл мерзімге Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды; Ортсайлаукомның екі мүшесін бес жыл мерзімге Парламент Сенаты тағайындайды; Ортсайлаукомның екі мүшесін бес жыл мерзімге Парламент Мәжілісі тағайындайды.

Қуандық Тұрғанқұлов Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы болып табылады. Бақыт Мелдешев Орталық сайлау комиссиясының хатшылығына тағайындалды.

 

Дайындаған Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*