САҒЫЗДА АШЫЛҒАН ОРТАЛЫҚ

Ол Кенбай орта мектебі, №11 кәсіптік-техникалық лицей қабырғаларында білім алған. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің экономика және құқық факультетінде оқып, мемлекеттік және жергілікті басқару ісін меңгеріпті. Жоғары оқу орнында жүріп кәсіпкерлік байқауларда жүлделі орындар иеленген ол іскерлік қабілетімен көзге түсіп, құлшынысы бар студенттердің басын қосқан екен. Ал, еңбекке араласқан соң, қым-қуыт тірліктің қиындықтарына жолығады. Сөйтіп, мамандық бойынша қызмет ету аздық етіп, Сағыз селосынан кәсіпкерлерді оқытатын арнайы орталық құрады. Салық заңдылығында көрсетілгендей, міндетті тіркеуден өткен нысан алты ай сайын кіріс-шығыс есебін тапсырып тұрады.

– Неге біздің кәсіпкерлер дүкен, монша, сауналар салумен ғана шектеледі? Болашақта олар батыл шешіммен тәуекелге барып, елі үшін қыруар пайда әкелетін істерді қолға алса екен. Осы мақсатта «БизнесMEN» оқыту орталығын аштым. Қазір бизнеске жастар көптеп келуде, бұл қуантарлық жағдай. Өйткені, олардың қолында сарқылмас күш-жігер мен асқақ арман бар. Бірақ, жүйесіз бастау алған бизнес сәтсіз аяқталуы да мүмкін. Аты айтып тұрғандай, біз тек ер балаларды ғана оқытамыз. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға да арнайы жеңілдетілген бағдарламалар қарастырылған. Мұндай орталық Қазақстан бойынша алғаш рет біздің Қызылқоға ауданында ашылып жатыр, – дейді Мейрамбек.

«БизнесMEN» – жастарды мектеп жасынан кәсіпкерлікке баулитын, заманауи әдістер арқылы іскерлік машықтарына үйрететін республикадағы бірден-бір оқу орталығы. Уақыты келгенде ол ірі білім беру мекемесіне айналмақ. Мамандық таңдап, оқуға түсетін шаққа дейін 7-11 сынып оқушыларын бизнеске баулу өте маңызды. Сондай-ақ, орталықта қосымша ағылшын тілі де оқытылады. «Біздің көздеген бағытымыз – маман дайындау және қызмет көрсету саласында әлемдік сапаға сай үздік нәтижелерге қол жеткізу. Коммерциялық негізде жұмыс жасай отырып, жастарға сапалы білім бергіміз келеді. Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытып, отандық сауатты бизнесмендерді дайындау – басты мақсатымыз. Алдағы уақытта сапалы білім берумен қатар, білікті маман даярлауға да ынтамыз зор. Нарықта бағаланатын идеялар, жаңа өзгерістер, тың әдістерді одан әрі дамытатын боламыз» дейді орталық иесі.

Жас жігіттің сөйлеген сөзінен, жалын атқан жігерінен жауапкершілік пен болашаққа деген сенімділікті байқадық. Оның айтуынша, бүгінгі қоғамның әр мүшесі жеке және ұжымдық әрекеттерге  жауапты. Жастар бұл орталықта кәсіпкерге тән бар қасиетті бойларына сіңірмек. Түрлі семинар-тренингтер, бизнес-ойындар, психологиялық жаттығулар ұйымдастырылады. Оқу бағдарламалары мен әдістемелік құралдар заңдық негізде қорғалған. Оқуды аяқтап шыққан түлекке арнайы сертификат табысталатын болады. Жаңадан ашылып жатқан соң әзірге оқу ақысы, ұзақтығы сияқты мәселелер талапкерлердің оқу материалын игеріп кету қабілетіне байланысты шешіледі.

Қазір орталық жастарға алғашқы бағыт-бағдар берумен ғана шектелсе, болашақта өз ісін дөңгелентіп отырған жеке кәсіпкерлерден де кеңес алып, тәжірибе жинақтайтын оқу орталығына айналады деп сенеміз.

Амандық АБДОЛОВ. 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*