САҒЫМҒА АЙНАЛҒАН АРМАН

Менің қазіргі оқып жүрген мектебім Фариза апайдың атында болатын. Себебі, Фариза апам осы мектепте білім нәрін алып, осы мектептен түлеп ұшып, осы мектепте бірнеше жыл ұстаздық қызмет атқарған еді. Ол кезде біздің мектеп «Октябрьдің 40 жылдығы атындағы мектеп» деп аталатын.

Мен Фариза апамның мектебінде оқысам да, ол кісіні бірде-бір рет көрмеппін. Өйткені, мен мектеп табалдырығын аттағанда Фариза апам Алматыда өзінің шығармашылық жолын жалғастырып жүрген еді.

Бірде біздің мектепке «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы келді. Қымбат апай өзін біздің мектепке Фариза Оңғарсынованың жібергенін айта келе: «Ал, балалар! Ақын апаларың өскен ауылда өсіп жатырсыңдар, ақын апаларың оқыған мектепте сендер де оқып жатырсыңдар… Ендеше,  араларыңда бір ақынның болмауы мүмкін емес! Қанеки, ең болмаса, апайларыңның бір өлеңін білесіңдер ме?» деді. Ақынды айтпай-ақ қойғанда, біздің балалар Фариза апайдың өлеңін оқуға ұялды ма… бәріміз басымызды төмен салбыратып отыра беріппіз.

Қымбат апайдың әр айтқан сөзі мірдің оғындай ғой… Сөйтіп, бізге: «Сендердің араларыңнан, мына мектептеріңнің атын шығарар бір бала табылар ма екен? Әй, қайдам…» деп бізді қайрап-қайрап кетті. Кішкентай кезімнен қыз бала болсам да намысшыл болып өстім. Сол кезде өз-өзіме уәде бердім. «Мен бұл мектепті қалайда Фариза Оңғарсынованың мектебі дейтіндей дәрежеге жеткіземін!» дедім ішімнен. Егер мен қазір біраз жетістіктерге жеткен болсам, ол өзім үшін емес, мектебім үшін деп білемін. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, Аллаға шүкір, бұл мақсатым да сәтімен орындалып келеді. 

Ақыры сол кезден бастап өмірімді поэзияға қарай бағыттай бастадым. Поэзия дегенің – бір оқи бастасаң өзіне қарай тартып әкете беретін құдірет екен ғой. Әуелі мәнерлеп оқуға икемімді келтіре бастадым. Уақыт өте келе, бала қиялыммен өлең шығаруға машықтандым. Кейін қалалық, аудандық мүшәйралардан жүлделі орын алған кезде көз алдыма мектептегі апайлардың емес, Фариза апамның «Жарайсың» деп бетімнен сүйіп, батасын беріп жатқандығын елестетіп, бала қиялға сапар шектім.

Сол кезден бастап менде жаңа арман пайда болды.Фариза апамның алдында жыр оқып беріп, оның бір жылы сөзін есту менің арманыма айналды. Әр оқу жылы басталғанда: «Фариза апай биыл келіп қалар-ау» деген үмітпен жаңа оқу жылына кірісетінмін. Сөйтіп жүріп, 11-сыныпты бітірер шаққа таяп қалыппын. Биыл да сол баяғы балалық үмітпен Фариза апамды күтіп жүрдім. Тіпті, қатты армандадым да. Бірақ, қаралы хабарды естігенде арманның бәрі орындала бермейтінін түсінгендей болдым. Фариза апаммен кездесіп, оның сырлы сұхбатын жазам ба дегенде, орындалмаған арманым туралы жазатынымды кім білген?..

Нұргүл ХАЛИМОЛДАЕВА,

Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*