Сағыздан самғаған Сұңқар

Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда ҚР Мәдениет саласының үздігі, Президент стипендиясының иегері, композитор-әнші  Есенбай Құлидың «Айқалқа» атты шығармашылық кеші болып өтті.

????????????????????????????????????

Тамаша әндері мен табиғи дарыны арқылы көпшілікке танымал өнер иесінің кеші сахна төріне шыққан әнші-сазгердің «Айқалқа» шығармасын орындауымен басталды. Кеш иесі одан әрі  халық жазушысы Әбіш Кекілбай мен маңғыстаудың марқасқа ақындары Сабыр Адай мен Светқали Нұржандардың  сөздеріне жазылған «Дәуренім менің», «Ән басы», «Аққу әні» атты әсем әуезге толы әндерін орындады.

Бұдан соң, көпшілік алдына Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі Лаура Жұмаханова шығып қойнауы құтқа толы  Қызылқоға өңіріндегі Сағыз ауылынан түлеп ұшқан сазгердің «Тәтті елес», «Мәжнүн тал» атты әндерін әуелетті.

Одан кейін, құттықтау сөз талантты сазгердің кешіне арнайы маңғаз Маңғыстаудан келген белгілі ақын, Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты Светқали Нұржанға беріліп, арқалы ақын Есенбай әндерінің әсемдігін, сыршылдығын  сұлу сөздерімен сомдай келе:

– Осы бергі замандағы қазақтың  қазанына ас салған, дәм салған Қалнияз, Жұбаннан тараған шалдардың ең соңғы ұрпағы – осы Есенбай. Ол  бүгін біздің көкірек қазанымызға ән салып тұр. Құтты болсын. Осы Есенбайымыздың дариясы сарқылмасын, Алланың нұрынан бөлінген рухы қайтадан Алланың нұрына жалғанғанша біздің рухымызды шаттандырып жүре берсін, – деді.

Келесі кезекте кеш себепкері гитарасының сүйемелдеуімен Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған  «Жалғыз жиде», «Есентай өзені», «Мәжнүн тал», Светқали Нұржан тудырған «Дәурен көшкен», «Ана жаным», «Талға түнеген ай» атты әндерін орындап берді.

Есенбайды білетіндер оны негізінен қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтың төл шәкірті деп таниды. Және біртуар Табылдының әндерін нақышына келтіріп айтатын санаулылардың бірегейі осы – Есенбай екен. Осы кеште «Биіктік» әнінен басталған әндер легі шынайы таланттың шырайлы келбетінен шашыраған шуаққа шомылып, көрермендердің көкейлеріне шаттық ұялатты.

Бұдан соң, сазгердің бір топ  өлеңдерін ҚР мәдениет саласының үздігі Асанәлі Көшеров, әнші Мөлдір Мақсот орындады.

Кеш соңында белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев   Есенбай шығармашылығының шуақты кезеңдері туралы айта келіп, әнші-сазгердің өнер әлемінде самғар кезі әлі алда екендігін әсерлі жеткізді.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*