СӨЗ БЕН ІСТІҢ БІРЛІГІ НЕМЕСЕ, АЛТЫ АЙДА АЙТАРЛЫҚТАЙ ТАБЫСЫМЫЗ БАР

 Әлеумет әлеуетін арттыру. Ел экономикасын дамытуға өнеркәсіп өнімін ұдайы арттырып отыру арқылы үлес қосу. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс әкімдеріне жүктеп отырған басты міндеттердің бірі – осы. Облыстық мәслихат сессиясында алғашқы жартыжылдықтағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы есеп берген аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов осы талап үдесінен шығу жолында атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндады.

ЖЕЛ ЭЛЕКТР
СТАНСАСЫ
САЛЫНАДЫ

gfhf56Сөз басында жақын арада болған тарихи оқиға – Ұлыбритания премьері Дэвид Кэмеронның Қазақстанға тұңғыш сапарын Атырау өңірінен бастауы аймақ үшін зор мәртебе екендігін атап өткен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сапар барысында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мәртебелі мейман екеуінің арнайы қатысуымен «Болашақ» зауытының тұсауы кесілгенін еске салды. «Осы кездесуден кейін Елбасы жүктеген тапсырмалардың орындалысын қадағалау барысында облысқа арнайы келген Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің жасанды «D» аралында болғанын білесіздер. Бүгінде нысанды қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде» деп атап өткен өңір басшысы одан әрі алғашқы жартыжылдықта өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 трлн. 257 млрд.теңгені құрағандығын, есепті кезеңде 16,1 млн.тонна мұнай және 7,4 млрд.текше метр ілеспе мұнай газы өндірілгенін мәлімдеді. «Сонымен қатар, Атырау мұнай өңдеу зауыты хош иісті көмірсутегін өндіру кешенінің құрылысы жобасындағы жұмыстар да жалғасуда. Алайда, бұл жұмыстардың жоспарланған кестеден ауытқып жүргізіліп жатқандығын атап өткім келеді» деген ол негізгі капиталға жұмсалған инвестиция көлемінің 479 млрд. 8 млн. теңгені құрап отырғандығын жеткізді.
Мемлекет басшысы айқын басымдық беріп отырған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын мейлінше нәтижелі жүзеге асыруға күш салынуда. Облыс әкімінің айтуынша, аталмыш бағдарлама аясында үстіміздегі жылға құны 9 млрд. теңгенің жеті инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар арқылы жаңадан 326 жұмыс орны құрылатын болады.
Келер жылға да жаңалық әкелетін жобалар бар. Белгілі болғанындай, құны 1,5 млрд.теңгеге бағаланған үй құрылысы комбинаты салынғалы отыр. Комбинат іске қосылған жағдайда жылына 150 мың текше метр темірбетон бұйымдарын шығаратын болады. «Атыраудағы жалғыз құрылыс комбинаты сапалы тұрғын үй салуымызға және құрылыс материалдары бағасының себепсіз өспеуіне мүмкіндік береді» деп мәлімдеді облыс әкімі. Өңір басшысы ерекше басымдық беріп атап өткен тағы бір жобаның құны – 10,3 млрд. теңге. «Ескене» вагонды сервис орталығы» деп аталатын бұл жоба сервистік қызмет көрсетуге және вагондарды техникалық жөндеуден өткізуге арналмақ.
Белгілі болғанындай, облыс әкімі ел Президентінің энергияның баламалы түрлерін дамыту туралы тапсырмасын орындау мақсатында қуаты 54 МВт болатын жел электр станциясын салу мәселесінің қарастырылып жатқандығын атап өтті.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Баяндама барысында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов биыл Жайық өзені бойындағы 13 каналдың 12-сі суға толтырылғандығын, нәтижесінде облыстағы картоп алқабының көлемін өткен жылмен салыстырғанда 57 гектардан 940 гектарға, көкөніс алқабының көлемін 300 гектардан 1 600 гектарға ұлғайту мүмкін болғандығын айтты. Сондай-ақ, ол осыдан екі жыл бұрын төленбей қалған субсидия туралы қызықты жайтты мәлім етті. «Бұл қаражат 2011 жылдың қараша айында мемлекетке кері қайтарылды. Оған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің 2011 жылдың қараша-желтоқсан айларына дейін еккен егіндеріне жіберілген суы үшін төленетін субсидияға құжаттарын тапсырмағандығы себеп болды. Енді жергілікті бюджеттің резервінен қайтарылған қаражатты төлеуге шешім қабылданғандығын айтып өткім келеді» деп атап өтті облыс әкімі.
Тағы бір атап өтер жайт, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуде бүгінде «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда. «Күні бүгін корпорацияның өзінде жалпы құны 23,2 млрд. теңгені құрайтын тоғыз жоба іске асырылуда. Солардың бірі – голландиялық технологиямен жабдықталған 500 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қараға арналған сүт-тауар фермасының құрылысын және 600 бас асыл тұқымды ешкі сүт фермасы сүт өңдеу кешенін жыл аяғына дейін іске қосу жоспарлануда» деді баяндамашы.
Сессия барысында облыс әкімі «Болашақ» зауыты жобасындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуына байланысты биыл 1398 адамның қысқартылатындығын, оның 922-сі Атырау облысының тұрғындары екендігін мәлімдеді.
«Екінші жартыжылдықта «Қашаған» жобасынан 5 400 адамның қысқартылуы жоспарлануда. Оларды жұмыспен қамту мақсатында арнайы шаралар бекітілді. Соның нәтижесінде Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту жобасының, «Іскер-КазСтройСервис» және «Теміржолқұрылыс-Атырау» компаниялары «Батыс Ескене» темір жол кешенінің құрылыстарына 1236 адам жұмысқа орналасты. Бұл кәсіпорындар жыл соңына дейін тағы 760 адамды жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр» деп атап өтті.
Одан әрі білім, денсаулық, құқық қорғау, дін, жастар саясаты, спорт, көлік-жол инфрақұрылымы салаларына тоқталған облыс әкімі Тарих және археология институтын қайта ашу мәселесінің қолға алынғандығын мәлімдеді.

ҰЛТТЫҚ СПОРТҚА БЕТБҰРЫС

Баяндамадан соң, сессия тәртібіне сай депутаттар мінберге көтерілді. Облыстық мәслихат депутаты Өнербек Жанбала аймақ басшысының ұлттық спортқа қолдау көрсетуінің нәтижесінде халықаралық стандарттарға сай ипподромның салынғалы жатқанын жеткізіп, бүгінде құрылыс алаңының белгіленгендігін мәлімдеді. «Тағы бір сүйінші жаңалық, қыркүйек айынан бастап «Облыстық ұлттық спорт командасы» коммуналдық мекемесі іске кіріспекші. Онда көкпаршылар командасы, аударыспақ, теңге ату, құсбегілік, бәйге түрлері бойынша бөлімшелер болады деп күтілуде» деп атап өткен ол, ұлттық спортқа қамқорлығы үшін өңір басшысына ризашылығын білдірді.
Өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалаған облыстық мәслихат депутаты Сүйінішбек Әбуғалиев сахна төріндегі әнші, күйшілердің қай-қайсысының да ауылдан шыққан өнерпаздар екендігін атап өтіп, «күні кеше өткен «Республикалық күй» фестивалі сынды үрдісті жалғастырып, ауыл-аймақтардан таланттарды іздеп-табудағы шығармашылық ізденістер жандана түссе, көп нәрседен ұтар едік» деген ұсынысын жеткізді.
Одан әрі депутаттар облыс әкіміне бірқатар сұрақтар берді. Атырау қаласы аумағындағы Ақжайық елді мекеніндегі жол мәселесінің қиын екендігін жеткізген депутат Талғат Мұқатанов сауал тастады. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов биыл жобалау-сметалық құжаттардың жасақталып, Ақжайық ауылының 2 шақырым 400 метрді құрайтын бес көшесіне (Памир, Алға, Жангельдин, Нұржанов, Жанғалиев) күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілгендігін айтты. «Жобалау-сметалық құжаттары жасақталмаған 2 шақырым 500 метрді құрайтын қалған бес көше ағымдағы жылдың жобалау-сметалық құжаттары жасақталатын нысандардың тізіміне енгізілді. Сондай-ақ, құрылысы аяқталмаған Жанғалиев көшесінің күрделі жөндеу жұмыстары биыл жалғасады» деп жауап берді.
Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік 18 колледждің бірін-бірі қайталап, бір мамандықты қатар оқытып отырғандығын мәселе етіп көтерген мәслихат депутаты Әлия Бекқожиева «Осы оқу орындарын қысқартса немесе біріктірсе, маман дайындау сапасы артады, әрі бюджеттен бөлінетін қаражат та үнемделер еді» деген ұсынысын айтты. Бұл орайда облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов мамандықтардың да, білім сапасының да бақылауда екендігін айтты. «Реформаға сәйкес, барлық лицейлер колледждерге айналдырылды. Облыста 13 лицей болатын, оның алтауы – аудандарда, бесеуі – қалада және екеуі қылмыстық атқару жүйесінің әйелдерге және ерлерге арналған мекемелерінде. Колледжге айналған бұрынғы лицейлер жұмысшы мамандарын даярлайды. Бұл колледждер көп таралған мамандықтарды ішінара қайталамаса, аудандардағы оқушылар басқа аудандарға немесе қалаға келіп оқуға мәжбүр болады. Колледждердегі негізгі проблема – мамандықтың қайталануы емес, жатақхана және олардың материалдық-техникалық базасын нығайту. Біз бұл мәселені де шешеміз» деп жауап берді.
Депутат Амангелді Абдолов жол-көлік апаттарының көбеюіне байланысты, бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшеуіш құралдардың, жол бойындағы автоинспекторлардың санын көбейту мүмкіндігін сұрады. Бұл орайда өңір басшысы облыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 222 жол полициясы, соның ішінде қалада 138 қызметкер жұмыс істейтіндігін атап өтті. «2012-2013 жылдары облыстық әкімдік қаражат бөліп, құқық қорғау органдары, оның ішінде жол полициясы 56 автокөлікпен толықтырылды. Автопатрульдік автомашиналарда 23 борттық компьютер, 10 бейнетіркеу құралы қондырылған. Жол полициясы инспекторлары 85 мобильді терминалды пайдаланады» деп жауап берді.
Мәслихат депутаты Сайын Қуанышев қала маңындағы жаңа қоқыс полигонының қашан іске қосылатындығын сұрады. Бұл орайда өңір басшысы жаңа қатты тұрмыстық қалдықтарды көму және өңдеу полигонының құрылысы үшін ауданы 50 га болатын жер учаскесі рәсімделгендігін, енді қаржыландыру мәселесінің қарастырылатындығын айтты.
Депутат Бекет Кенжеғұловтың тарапынан «Авангард» ықшамауданындағы 10 қатарлы үйлерде лифті мәселесі шешілсе деген ұсыныс айтылды. Бұл мәселеде облыс әкімі аталған ықшамаудандағы көп қабатты тұрғын үйлердің лифтілеріне тұрғындар қолдаған жағдайда, терможаңғырту бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда тұрғандығын, сондай-ақ «Алмагүл» мөлтекауданындағы көп қабатты үйлердің лифтілеріне қатысты да оңды шаралар алынатынын айтты.
Сессияны облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қорытындылады.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*