СӘУЛЕТ ПЕН ДӘУЛЕТ

Ауру, сырқау деңгейі жоғары және ауруды анықтау деңгейі төмен, ал әлеуметтік қамтамасыз ету саласына келсек, азық-түлік қоржынына тұрғындардың шығыны жоғары. Тек кен өндіру компанияларында жұмыс істейтін отбасылар орта топқа жатқызылады, ал қалған тұрғындар төменгі табысты қанағат етуге мәжбүр. Бұл жөнінде «Бюджеттік сараптама және экономикалық мониторинг орталығы» қоғамдық қорының 2011-2015 жылдарға арналған облыстың өңірлік әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасын жүзеге асыру туралы зерттемелік жоба аясындағы сараптаулар қорытындыларымен таныстырған жиында мәлім болды. Облыс әкімдігі мен «Сорос-Қазақстан» қорының «Мемлекеттік қаржы айқындылығы» бағдарламасының қолдауымен жүргізілген бұл жоба облыс тұрғындарының пікірін анықтау және өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық жетістігін зерттеу арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерделеуге бағытталған. 
Зерттеу барысында тұрғындардың өмірлік іс-әрекетінің әртүрлі аспектілері бойынша 30 мазмұнды сұраққа жауаптар алынған. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде облыс тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен өсудің болашағын жақсы деп бағалайтындығы анықталды. Көпшіліктің пікірі бойынша, тұрғындардың табыс деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді, десе де әлі көтеріле түсуін қажетсінеді екен. «Сауалнамаға қатысқан халықтың көбі табыстарының негізгі бөлігі азық-түлік өнімдеріне шығындалатынын айтады. Ал, бұл облыс бойынша орта топтың қандай да бір қомақты әлеуметтік тобының қалыптасқандығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді», – дейді «Бюджеттік сараптама және экономикалық мониторинг» қоғамдық қорының директоры Ұлықбек Тінәлиев.
Тағы бір айта кетерлігі, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесіне тұрғындардың көңілі «қара қазандай». Олай дейтініміз, сауалнамаға қатысушылардың 41 пайызы «ақ халаттылар» қызметін «қанағаттанарлық» деп тапса, 51%-ы бұған кереғар көзқараста.
Сауалнамадан жұмыссыздық жайы да тыс қалмады. Барлық респонденттердің жартысы өңірде жұмыссыздардың көбейгендігін айтады.
Облыс тұрғындарының пікірін анықтау, әрі қарай мониторинг жүйесін енгізу және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді бағалау арқылы облыстағы жағдайды зерттеуге бағытталған жоба аясындағы сауалнамадағы «Сіз өзіңізді, өз жанұяңызды қандай категорияға жатқызасыз?» деген сұраққа тұрғындардың 49%-ы өз дәулеттілік деңгейін орташа деп бағалаған. Іс жүзінде әрбір үшінші тұрғын, яғни 32%-ы өз дәулеттілік деңгейін орташадан жоғары деп есептесе, сұралғандардың 7 пайызы ғана өзінің жағдайын дәулеттіліктің жоғары деңгейі ретінде бағалайды. Ал, 10%-ы деңгейінің орташадан төмен екендігін көрсетеді», деп атап өтті Ұ.Тінәлиев.
Жалпы, зерттеу барысында тұрғындардың бар табысы азық-түлік өнімдері мен тұрғын үй-коммуналдық қызметі үшін төлеммен есептесуден әріге аспайды екен.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*