Сәуленің «Ән сапары»

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісованың «Ән сапары» атты концерті жұртшылық көңілінен шықты.

????????????????????????????????????

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ұлы даланың түкпір-түкпірінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын, ұлттық салт-санамызды оятуға бағытталған іс-шаралар өтуде. Мен де өзімнің осы бағыттағы концерттік бағдарламамды «Ән сапары» деп атадым. Бұл жоба бойынша  бүкіл қазақ сахарасын аралап шығуға бел буып отырмын. Орындауымда – негізінен батыстың ән мектебі өкілдерінің шығармалары, халық әндері. Алайда, осы жолы репертуарымды жаңарттым. Арқаның, Жетісудың әндерін де қазіргі таңда орындап жүрмін. Өйткені, қазақ халқы – біртұтас ұлт. Сондықтан, оны бөле-жармай, тұтас қарастыруымыз керек. Осы орайда Маңғыстаудың жеті қайқысының, Сыр бойының жырауларының термелерін де көрермен назарына ұсынамын.

Халық әндері – ұлтымыздың рухани байлығы. Осы мол мұрамызды бағалап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – біздің қасиетті парызымыз, – деді Сәуле Стаханшылқызы шара шымылдығы ашылар кезде.

Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен халық әндерін нақышына келтіріп орындаған әншіні көрермендер де қолпаштаудан танбады. Өзі атап айтқандай, репертуарына енгізілген жаңалықтың бірі – халық әні «Сәулем-ай» топтамасы. Қазақта «Сәулем-ай» әні көп, бүгінгі таңда Сәуленің тапқаны әзірге он бір ән. Осы әндерді оркестр сүйемелдеуімен шырқатқан әнші бір кезде микрофонды көрермендерге де ұсынды. Өйткені, аталған әндер – халық жүрегінен орын алған, бәріміз сүйіп айтатын туындылар. Залда отырған көрермендер ішінен «Атыраудың Айнамкөзі» атанған әйгілі әнші, Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясының ұстазы Рая Ләтифуллина апамыз «Сәулем-айды» Сәулемен бірге әуелеткен кезде сүйсінбеген жан болмады.

????????????????????????????????????

Сонымен қатар, дәстүр жалғастығына көбірек мән беретін Сәуле Жанпейісова келесі кезекте сахнаға Халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпазы, күміс көмей, жезтаңдай Қайрат Кәкімовты шақырды. Жанды дауыста, қазақтың қасиетті қара домбырасынан шыққан ғажайып әуен көпшілік көңілін жаулағаны сондай, екі сағат жарым уақытқа созылған концертте бүкіл жұртшылық соңына дейін кетпей, өздерінің разылығын қол соғып, қошеметтеп білдіріп отырды.

Қайрат Кәкімовтен кейін киелі сахна табалдырығын енді ғана аттаған өрімдей жас әншілерге де кезек тиді. Шындығында, домбыраны өмірлік серігі санап, дәстүрлі әнге бас тіккен осындай жастар барда бұл өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны айқын. Осыған іштей қуандық.

Келесі кезекте дауысы алты қырдан асатын әйгілі әншінің композиторлық қыры танылды. Төлеген Айбергеновтың сөзіне жазылған «Сағыныш» әнінен соң орындалған Сәуле Стаханшылқызының әндері жүректерге жол тапты. Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, әнші Ханзада Сахыпова мен Сәуле қосылып шырқаған «Жан әке» әні жиналған көрермендерді тебірентіп, толқытты. Ал, ақын Маржан Ершудің сөзіне жазылған «Рысхан, ырысым-ай» әні де жүректерді баурап алды.

– Сәуленің даусындай дауыс жоқ. Оның кең тынысты әнші екенін, ғажап шебер орындаушылығын үнемі айтып жүремін. Екі жарым сағаттың қалай өтіп кеткені сезілмегені сондықтан. Халық әніне сусаған жұртшылықтың шөлін қандырған бұл концерт бір демде өте шықты. Сәулені қадірлеуіміз керек, – деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, сазгер-жазушы Илья Жақанов.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА,

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*