СҮТ БЕЗІНІҢ ҚАТЕРЛІ ІСІГІ

 

– Жексенбай Қалменұлы, қатерлі ісік ауруларына, соның ішінде сүт безі ісігіне соңғы кездері нәзікжандылардың жиі шалдығуына не себеп деп ойлайсыз?

– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта республикамызда қыз-келіншектер арасында онкологиялық ауруларға, әсіресе, сүт безінің қатерлі ісігіне 3000-ға жуық адамның жаңадан шалдығушылық жағдайы анықталуда. Сүт безі қатерлі ісігі 20-60 жас арасындағы әйелдерде кездеседі.

Адам ағзасының залалынан сүт безі қатерлі ісігі алғашқы орында болса, өкпе, қолқа,өңеш, қарын қатерлі ісігі, жыныс ағзалары екінші, үшінші орындарда болып отыр. Біздің өңірде де әйелдердің сүт безі қатерлі ісігі көбеймесе, азаяр емес. 2001 жылы 30 науқас есепке алынып, емделген болса, соңғы жылдары бұл ауру саны 100-ге жетті, яғни, үш есе өсті деп айтуға болады.

Ал, аталмыш сүт безі қатерлі ісігінің пайда болуына ықпал ететін факторларды айтайық. Оны адамның өмір сүру салтына, кәсіптік дағдыларына байланысты жіктер болсақ, бұл дерт ағзадағы гормондар деңгейінің бұзылуы (етеккір, генеративтік, лактациялық қызметтер) әйелдің жыныс жүйесінің созылмалы аурулары, тұқым қуалаушылық, жиі күйзеліске ұшырау. Сондай-ақ, осы қатерлі ісіктің ерте білінетін белгілері; сүт безіндегі ауырмайтын, байланған түйіннің болуы, түйін үстіндегі терінің тарылуы, сүт безі мөлшерінің едәуір ұлғаюы, емшек ұшының тартылуы немесе қозғалмауы, терінің нақты бір жерінің қызаруы, қолтықтағы бір немесе бірнеше байланған түйіндердің болуы, емшек ұшынан білінетін бөлінділер немесе оны патологиялық өзгерістерден байқауға болады.

Бүгінде сүт безінің қатерлі ісігі ауруы жас талғамайтын деңгейге жетіп отыр. Сондықтан, қыз-келіншектер бұл дерттің алдын алу үшін дәрігерге жиі қаралып тұруы қажет. Егер де бойдағы  дерт дер кезінде анықталып, ем жасалса, аурудың асқынуына жол берілмейді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2004 жылы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осының ізінде 2011-2016 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы аясында 2012 жылдан бастап 50-60 жас аралығындағы әйелдерді толық тексеруден өткізетін «маммографиялық скрининг» деп аталатын Ұлттық бағдарлама дүниеге келді. Бағдарламаның мақсаты – сүт безінің қатерлі ісігі ауруын алдын ала анықтау, өлім-жітімді азайтып, өмір сүру ұзақтығын ұлғайту. Осы мақсатта тексеру үшін қала, аудандарда рентгеннен өткізетін маммограф аппараттары емделушілерге қызмет көрсетуде. Онда 50-60 жас аралығындағы барлық азаматшаларға тұрғылықты мекен-жайына қарасты емханаларда екі жылда бір рет тексеруден өтуіне мүмкіндік жасалды. Десек те, сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан көптеген әйелдер ауруы асқынған кезде, яғни 3-4-ші сатыда ем алуға мәжбүр болады.

– Скринингтік тексеруден өткізу қандай нәтиже көрсетті?

– Маммограф аппараты арқылы тексеруден өткен бірнеше жүздеген әйелдер арасында тек он шақты әйелдің өздері білмейтін ауруы анықталды. Мәселен, жыл басында осы ауруға қатысты диспансерде, сондай-ақ, қала, аудандардағы емханаларда «Ашық есік» күндері ұйымдастырылып, нәтижесінде 800-ге жуық адам скринингтік тексерістен өтті. Олардың ішінде ондаған қыз-келіншектің бойынан сүт безінің қатерлі ісігі ауруы анықталып, науқастардың емделуіне жағдай жасалды. «Ашық есік» күндері қыз-келіншектерге ультрадыбыстық тексерулер тегін жүргізіліп, аурудың қауіптілігі турасында кеңес берілді. Бір айтар жайт, осы тексеруден біз көптеген әйелдердің өз денсаулығына немқұрайлылықпен қарауының, яғни, медициналық-санитарлық сауаттылығының төмен екендігін байқадық. Мысалы, көптеген елді мекендерде тұратын әйелдер өздерінің ауру-саулығын тексеруді қиынсынады, керісінше, «денім сау» деп тексеруден қашқақтап жүреді. Ал, ондайларды жергілікті дәрігерлер еріксіз әкеліп түсіруге мәжбүр болады.

Жұртшылық арасында «бұл жаман аурумен» ауырсаң жазылмайсың, қалай емделсең де одан нәтиже жоқ» деген теріс түсініктер де жоқ емес. Біз мұндай жаңсақ пікірдегі адамдар арасында ақпарат көздері арқылы түсінік жұмыстарын жүргізіп келеміз.  Себебі, тәжірибемізден белгілі, сүт безіне, теріге, ерінге түскен қатерлі ісіктері бар адамдар алғашқы сатысында қаралып, тексеруден өтіп, ем алған болса, ол науқастардың 80-90, тіпті 100 пайызға дейінгісі бұл қатерлі сырқаттардан сауығып кетулеріне мүмкіндіктері бар. Бізге түрлі қатерлі ісік ауруларымен келіп, емделіп шыққандардың бес жылдан он жыл, тіпті одан да көп жыл өмір сүре алатынын айтуға тиіспіз.

Біздің мақсатымыз, әйелдерді маммографқа түсіріп, іздейтініміз – көбіне сүт бездерінде кездесетін түрлі түйіншектерді тауып емдеу. Ол кезінде сүт қатып қалған, не болмаса оқыстан жарақат алған жағдайлардан да болуы мүмкін. Бұл жағдай сүт жүретін түтіктерді бітеп, түйіншектерге әкеліп соқтырады. Әйелдер көбіне бұл жағдайға мән бермейді. Жалпы, қатерлі ісік сау адамның ағзасында болмайды, оған түрлі себептер әсер етеді.

– Мұндай ауруға шалдыққандар көбіне дәрігерді емес, емшілерді жағалап жүретіндері жасырын емес қой…

– Жөн айтасыз. Өкініштісі, кейбір әйелдер сүт безінің қатып, түйіншектелуі білінсе, алдымен емшілерге, экстрасенстерге қаралуға бейім тұрады. Науқас сол емшілерге барғанда сырқатынан жазылып кетсе жақсы, керісінше, ауруын асқындырып алады. Емшілердің бәрі бірдей емес, арасында қолы шипалы емшілер де баршылық, олардың кейбірінің сырқаттар үшін емінің пайдасы да жоқ емес. Бірақ, сол емшілерден өтініп сұрайтынымыз, қатерлі ісік ауруларына араласпаса екен. Кейде орынсыз жерге пышақ ұрып, көрініп тұрған ісікке ананы-мынаны жағып,  емдеген болып, ол науқастың ауруын бұрынғыдан да асқындырып, өміріне зақым келтіруі мүмкін. Бастапқыда пайда болған ісікті жоғары сатыға дейін асқындырып алып, «енді болмайды, дәрігерге барып қаралыңыз» деп шығарып салады. Егер бойыңызда пайда болған сырқаттан ісік ауруы деп күдік алсаңыз, алдымен дәрігер-онкологқа қаралғаныңыз дұрыс.

– Сонда бұл қатерлі ісік ауруларының алдын алу жолдары бар ма?

– Дәрігер-онколог ретінде айтарым, әйелдер өзін-өзі жүйелі тексеруден өткізіп тұруды естен шығармаса екен. Кейде бізге келген әйелдердің бірі «мен суға түсіп жатқанда байқадым» немесе «бала емізіп отырғанда көрдім» деп мұң шағады. Ал, кейбір әйел адамдар денесіндегі осындай көрініп тұрған ақауларды елемей жүріп, артынан опық жеп жатады. Осындай келеңсіз жағдайды болдырмас үшін дәрігер-онкологтар келген науқастарға өзді-өзін қалай тексеру тәсілдерін үйретіп, кеңестер береді. Айтпағымыз, әрбір әйел міндетті түрде айына бір рет сүт бездерін өзі тексеруден өткізіп тұрсын. Артық дене салмағын болдырмау үшін майлы тағамды көп мөлшерде пайдаланбағаны жөн. Бірінші жүктілікке міндетті түрде сақтанып және 1 жасқа дейінгі балаға емшек емізіп отыруы тиіс. Сондай-ақ, ретсіз жыныстық қатынастан немесе іштегі шарананы алдырып тастау, жүктілікті болдырмаудың жолы деп дәрі-дәрмектерді орынсыз пайдалану аталмыш қатерлі ісікке душар етуі мүмкін. Гинекологиялық ауруларды уақытымен емдетіп тұруы керек.

Ал, табылған қатерлі ісік ауруларының емі жөнінде айтсақ, қазір ғылымның алға дамып отырған кезінде дәрі-дәрмектің жеткіліктігі немесе осы ауруларды тексеріп анықтайтын аппараттарды сапалы пайдаланудың нәтижесінде аталмыш сырқаттардың алдын алып, емдеуге толық негіз бар.

Бұрын көп жағдайда сүт безін операция жолымен сылып тастап, не дәрі-дәрмекпен емдеуге көңіл бөлінетін. Қазіргі кезде бұл сырқаттарды кешенді түрде емдеуге қол жетіп отыр. Мамандар бірінші химиятерапия арқылы ісік тұрған жердің айналасындағы қызарып, не қалың тұрған жерін азайтуға тырысады. Нау-қасқа екі-үш мәрте химиятерапиялық ем жасалынып, сосын барып операциялық жолды пайдаланады, одан кейін сәулемен бұл аурулардың ұшып түсетін белгілі-белгілі ошақтарын тауып күйдіріп, сәуле арқылы радиологиялық терапиялық ем көрсетеді. Облыстық онкологиялық диспансерде осындай жолмен науқастарға ем жасауға барлық мүмкіндік бар. Емдеу жүйесінде тәжірибелі дәрігер онколог-маммологтар жеткілікті, әрі дәрі-дәрмектен тапшылық жоқ.

Тағы бір игілікті ісіміз, алдағы уақытта емдеу қызметіне осы заманғы сандық томограф құрылғысын сатып алмақшымыз. Бұл сандық томограф қатерлі ісік ауруларының қандай түрлерін болмасын дәл анықтап, тиімді емдеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейін, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша денсаулықтың 50 пайызы адамның өзіне, атап айтқанда, оның өмір сүру жағдайына байланысты, ал 10 пайызы ғана дәрігерге байланысты болады екен. Адам өз денсаулығына қаншалықты дәрежеде көңіл бөлсе, бізге соншалықты дәрежеде оның шалдыққан ауруымен күресу оңай.

– Жексенбай Қалменұлы, онколог-маман, дәрігер ретінде қыз-келіншектерге қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Турасын айтсам, біз өз денсаулығына немқұрайлы қарайтын халықтың біріміз. Қатерлі ісік ауруларына шалдыққанын сезіп тұрса да дәрігерге ауруы әбден асқынғанда бір-ақ баратындар бар. Сондықтан, әр адам ауырып емес, ауырмай тұрып алдын ала дәрігерге қаралуы тиіс.

Медицина сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдердің өз бетімен емделуін қостамайды. Біздің тәжірибемізде сырқатына қазақы ем-дом жасап, ақырында ісіктің соңғы сатысында бізге кешігіп келіп, опық жегендер көп. Тағы да ескертіп айтамын, бұл сырқатқа шалдыққандарды тек маммолог мамандар ғана құтқарады. Қатерлі ісіктің құрығынан сақтану үшін алдын-ала тексеріліп тұрғаны жөн екендігін қыз-келіншектерге және бір мәрте ескертемін.

– Әңгімеңізге рахмет. Халық денсаулығы жолында жасап жатқан еңбектеріңіз жемісін берсін!

Әңгімелескен

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*