«Сұлулық әлемді құтқарады»

Атырауда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және қала күніне орай бірнеше мәдени-спорттық шара бастау алды. Ауқымды шаралардың қатарында «Сұлулық әлемді құтқарады» атты халықаралық суретшілер симпозиумы да  бар. Симпозиумды өткізуге «BatikKami» мәдени қоры ұйытқы болып отыр. Қор төрайымы, Қазақстан  Суретшілер  одағының  мүшесі, мәдениет қайраткері, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты Камила Жапалованың айтуынша, отандық және шетелдік суретшілердің өзара байланысын өрістетіп, бір-бірімен  тәжірибе алмасуына септігі тиер халықаралық  симпозиумның өтуіне Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов қолдау білдіріпті.

dsc_0077

Симпозиум қонақтары арасында «ТҮРКСОЙ» халықаралық  ұйымы төрағасының орынбасары Санжар Мүләзімоғлы, Қытайдың бірінші дәрежелі суретшісі Түсіпхан Ұлықпан, Қырғызстан Республикасының мәдениет қайраткері Талант Огобаев секілді танымал суретшілер бар.

–Жастардың талантын ашып, суретшілік өнердің биік шыңына шығуына қолдау көрсету мақсатында жан-жақтан дарынды суретшілер, бейнелеу өнерінің корифейлері жиналып жатыр. Түркиядан, Қытайдан, Қырғызстаннан келген әріптестерімізбен  тәжірибе алмасудамыз. Рухани жаңғыру аясында ұлттық мәдениетімізді көтеру, өнерді биік белеске шығару мақсатында жас суретшілерге шеберлік сыныптары өткізілуде,-деді Қазақстан Республикасы көркем академиясының директоры, академик Ермұхан Жүнісхан.

«ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы төрағасының орынбасары Санжар Мүләзімоғлының пікірінше, Түркияда бірнеше мәрте көрмелер мен симпозиумдар өткізілген. «ТҮРКСОЙ»  тек суретшілерге ғана емес, ақын-жазушыларға да, ғалымдарға да қолдау көрсетеді. «Өнер — халықтың жаны, ол әр ұлттың құндылығынан хабар береді, салт-дәстүрін танытады. Өнер арқылы мемлекеттер арасына алтын көпір салынады. Сондықтан, талантты жандарға сенім білдіріп, көмек көрсету — парызымыз» деді ол.

Қытайдың бірінші дәрежелі суретшісі Түсіпхан Ұлықпан сол елде тұратын қазақ суретшілерінің жағдайы туралы айтты.

– Қазақстанның сурет, бейнелеу өнері өте жоғары дамыған. Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев сияқты суретші ағаларымыздан бастау алатын қазақ суретшілерінің шеберлігі мен дарынына Қытай да тәнті болады. Біздің сіздерден үйренеріміз көп. Қытайда да суретшілер көрмесі өтіп тұрады. Мәселен, Шыңжаңда бүкіл қазақ суретшілеріне арнап көрме ұйымдастырдық. Өзіміз білетін қазақстандық суретшілерді де шақырдық. Ендігі жерде байланысып тұрамыз,-деді Түсіпхан Ұлықпан.

Гүлзада Ниетқалиева

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*