Конституциялық нормалар қаншалықты сақталынып жүр?

img 1276 0 Қоғам

Жыл айналып, міне, тағы да тәуелсіз мемлекетіміздің Ата Заңы – Конституцияның қабылданған күнін қарсы алғалы отырмыз. Мерейімізді асырып, мәртебемізді биіктетер осынау мерекеге орай жүрекжарды ой-пікірін білу үшін Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

img_1276_0

– Марғұлан Жұбанышұлы, әңгімемізді Ата Заңның мәні мен маңызы, оның зайырлы қоғамды қалыптастырудағы орны мен рөлі қандай?

– Елбасы Н.Назарбаевтың «Конституция – біздің арайлы азаматтығымыздың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары, еліміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың қайнар бастауы» деген толымды пікірі бар. Шындығында, тәуелсіз еліміздің Ата Заңы бүгінде құндылығы өлшеусіз, қабілеті орасан, қастерлі кітап іспетті. Өйткені, бұл халықтың жүрекпен жасаған таңдауы, елдегі тыныштық пен татулықтың, береке мен бірліктің кепілі, алтындай азаттықтың тұғыры екені даусыз.

Биыл еліміздің Ата Заңының қабылданғанына 22 жыл толып отыр. Осы аралықта қаншама игі реформалар іске асты, өзгерістер болды, саяси аренада небір сын кезеңді бастан өткердік. Соған қарамастан Қазақстанның Конституциясы заманның ырғағына сай келіп, халықтың игілігіне қызмет етіп келеді.

– Ел Конституциясына енгізілген өзгерістер, оның әрбір саланың, тұтастай қоғамның дамуына тигізген ықпалы жайында не айтар едіңіз?

– 1995 жылы қабылданған Ата Заңымызға бірнеше рет күрделі өзгерістер енгізілді. Өйткені, Конституция – мемлекеттің құқықтық құрылымы, әр азамат үшін маңызды. Нақтырақ айтқанда,  Конституция да басқа заңдар тәрізді кейбір мәселелерді шектесе, кейбір қалыптасқан қарым-қатынастарды айқындайды. Әрине, осының өзінен  оның бойынан консерванттық белгілер байқалады. Өмір әрі қарай жалғасқан сайын, конституциялық  нормаларды өзгертудің қажеттілігі туындауы да заңдылық.

Осы өзгерістерден сот жүйесі де тыс қалмады. Оған қатысты сот төрелігін жүзеге асыру кезінде алқабилерді қатыстыру мәселесі заңмен реттелді. Мәселен, 2007 жылы қамауға алуды санкциялау мәселелері қайта қаралды. Нәтижесінде, бұрынғыдай қамаққа алуға санкцияны прокурор емес, сот беретін болды. Одан бөлек, адам құқықтарын кеңейтуге, заңнамаларды ізгілендіруге байланысты бірқатар жұмыс атқарылды. Биыл да Ата Заңымызға кезекті өзгеріс енгізілді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бұл турасында биылғы 25 қаңтарда халыққа үндеу жариялап, мемлекеттік  басқаруға енгізілетін өзгерістердің мәнін түсіндіріп берді. Бұл – қажеттіліктен туындаған жайт.

Осы жағына нақтырақ тоқталып, талдап берсеңіз…

– Елбасының өкімімен жоғарыда баяндалған өзгерістерді енгізуге байланысты құрамына мемлекеттік органдардың, депутаттық корпус пен сот жүйесінің, Қазақстанның заңгерлер одағының өкілдері мен құқықтанушы ғалымдары бар арнайы жұмыс тобы құрылды. Бір айдың көлемінде мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді тең бөлу үшін түрлі талдау жүргізілді. Ұсыныстар мен пікірлер жинақталып,  қорытылғаннан   кейінгі нәтиже Президентке ұсынылды.

Талқыға шығарылған жобада қолданыстағы Конституцияның 19-бабына өзгеріс енгізу ұсынылды. Сол өзгерістердің басым көпшілігі билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу мәселелеріне қатысты болғанын атап айтқан жөн. Мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесін ел дамуының жүйелі және заңды кезеңі ретінде бағалау қажет. Бұған дейін Елбасы ұсынған бес институционалдық реформаны іске асыруда Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер жүктелген еді. Бұл жағдайда да қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конституцияны қорғаудың және мемлекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің басымдығы  Президенттің құзырында қала беретін болып шешілді.

Конституцияға енгізу үшін ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар жобасын екі топқа бөліп  қарастырған  дұрыс. Себебі, біріншіден, Қазақстандағы меншік құқының кепілдігін қамтамасыз ету қажеттілігі туындады. Яғни, Конституция аясында жекеменшікке қатысты заңдылықты қорғау тетіктерін одан әрі нығайту, күшейту қарастырылып отыр. Екіншіден, Қазақстандағы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі қарастырылды. Осылайша, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсудің тиімді  жолдары айқындалды. Қазір Қазақстан Президентінің ерекше құзырына жатқызылған өкілеттіктер саны жаңа өзгерістерге сай біраз азайтылғанын аңғару қиын емес. Мәселен, бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мәселелері, жаңа басқару органдарын құру Үкімет пен Парламенттің құзырына өтті. Сонымен қатар, Парламенттің, оның ішінде Мәжілістің рөлі күшейтілді.

– Қалай дегенде де, барлық заңның бастауы саналатын ел Конституциясына енгізілген өзгерістерден қазақстандықтардың күтері көп. Осы орайдағы пікіріңіз бен ойыңызды түйіндесеңіз?

– Қазіргі таңда барлық мемлекеттік құрылымдардың мақсатына конституциялық нормаларды шынайы мазмұнмен толықтыру жатады. Демек,  күнделікті өмірде қолданылып, мүлтіксіз орындалуы  міндетті. Елімізде жаңадан заң қабылданса, қарапайым халықтың арасында  заңгерлер мен әділет саласының қызметкерлеріне қажет деген біржақты  түсінік бар. Әрине, бұл дұрыс емес. Заң – әр  адамның  өмір  сүру  құқығы. Сондықтан,  Ата Заңның маңызын, барлық баптарын баршамыздың  толық білгеніміз абзал. Бұл, ең  алдымен, әр азаматтың өз құқығын қорғай білуі үшін қажет. Сол  себептен,  республика азаматтарының конституциялық-құқықтық мәдениетті қалыптастыру, Конституцияны құрметтеп, қастерлей білу бірінші кезектегі борышы боп қала бермек. Сонда ғана азаттығымыздың алтын арқауына айналып, ел азаматтарының құқығы қорғалуына кепілдік беретін Конституциямыздың  абыройы асқақтап, мемлекеттілігіміздің  беделі нығая түседі.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз