Қалам ұшындағы құдірет

Қалам ұшындағы құдірет Қоғам

Ол кісі біз ес білгеннен сурет салады. Қашан да жанға жайлы жылылық есіп тұратын қарапайым қазақы үйдің бір бұрышында  жазылған картиналар көрген жанның таңдайын қақтырады.

Қалам ұшындағы құдірет

…Жан-дүниемді толқытқан осы бір ойлардың жетегінде Әмина апайдың үйінің табалдырығын аттадым.

– Әмина апа, мен сіз туралы, сіздің ғажайып суретшілік өнеріңіз туралы жазсам деп көптен бері ойланып, толғанып жүрген едім…

– Мен 1964 жылы мектепке барғанымда ұстаздарымның назарына бірден іліктім. Суреттерім әртүрлі қоғамдық жұмыстардың сұранысын туғыза бастады. Олардың бәрі де сурет салу, әдемілеп жазу секілді жұмыстардан айналып өте алмайтын. Сөйтіп, суретшілік өнерімнің арқасында мен қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдім. Оның үстіне сабақты да жақсы оқыдым. Мектепті ойдағыдай бітірдім.

– Мектептен кейін сіз үшін өнер соқпағы жеңіл болмаған сияқты. Кәсіби білімге де кейінгі жылдары қол жеткіздіңіз. Оның себебі неде?

– 1974 жылдың жазында қолдарына бір-бір аттестаттан ұстаған өзге кластастарым арман қуып, жан-жаққа аттанып жатқанда мен отбасындағы жалғыз перзент  болған соң, анам мен әжемнің және нағашы апамның жайын ойлап ауылда қалып қойдым.

Келесі жылы әжем мен анам менің бағымды байлағысы келмеді. Енді керісінше, солардың қолқалауымен Ә.Қастеев атындағы Шымкент көркемсурет училищесіне бардым. Бірақ, өкінішке орай, ол жолы түсе алмадым. Өтініш берушілер өте көп екен.

– Десек те,  училищенің есігі жабылғанымен, алдыңыздан өнер есігі жабылған жоқ емес пе?

– Иә, өнер адамды кез келген қиындықтан алып шығады ғой. Әрбір жаңа суретім менің қиялыма қанат бітіріп, жаныма қуат беретін. Әлі күнге солай. Сурет салу адамды ауыр ойлардан, уайымнан арылтады.

Мен 1975 жылдан бастап 1991 жылға дейін суретті көркемдік тұрғыда ғана салып келдім. Ал, өнер туындысын   тауарға балайтын нарық кезеңі  келгенде  түрлі тапсырыстар қабылдай  бастадым.

– Бірақ, бұл кезең шығармашылығыңыз кемеліне келген сіз үшін жаңа мүмкіндіктер туғызған секілді.

– Иә, мен материалдық дүниеден гөрі рух қажетін көбірек ойлаймын. Картиналарымнан көз алмай, ерекше махаббатпен, қимастықпен қарап тұратын жақын, дос адамдарға керек кезінде тапсырыстарын сыйға да жасап беремін.

Қалам ұшындағы құдірет-4

Шүкір, ұзақ жылдарғы маңдай терім текке төгілмеді. 1993 жылы Ш.Сариев атындағы облыстық көркем сурет және қолданбалы-сәндік өнер мұражайында алғашқы көрмем өтті. Оған қазақ поэзиясының алыбы Абайдың және сарайшықтық ардагер ұстаз Сайлау Есекеновтің портреттерін алып барғам. Осы көрмеден кейін Атыраудың мәдени жұртшылығы мен  облыстық суретшілер одағының мүшелеріне танымал болдым.

– Ал, 2000 жылы облыс орталығында өткен «Ақ ерке Жайық» фестивалі сіздің бағыңызды одан бетер ашты ғой?

– Дәл солай.  Осы фестиваль аясында өткен көрмеде мен даңқы жер жарған суретшілердің алдын орап, үшінші орын алдым.

Одан соң, 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына орай Атырауда өткен көрмеге ұсынған махамбеттік соғыс ардагері, «Даңқ» орденінің кавалері Кузняткиннің портреті маған екінші орын әперді. Мұның бәрі еңбектің, мольберт алдында тапжылмай отырған ұйқысыз түндердің өтеуі дер ем.

Қалам ұшындағы құдірет-3

Дана  халқымызда «Ұстазсыз шәкірт, шәкіртсіз ұстаз тұл» деген мақал бар. Олай болса, кәсіби білімді қалай алғаныңыз және ұстаздарыңыз туралы айтып өтсеңіз?

– Сонау 1975 жылдан бері «суретшілік дипломым болса» деген арман жүрек түкпірінде бұғып жатты ғой. Соны бір қолға алсам деп ойланып жүргенімде мені Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің сол кездегі директоры, бүгінгі осы селоның әкімі Алмажай Мастекова мектепке бейнелеу өнері пәнінен сабақ беруге шақырды. Үйірме де ашып берді. Бұл маған үлкен қанат бітірді. Содан соң көп ұзамай Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік  университетінің бейнелеу өнері және дизайн мамандығына грантпен түсіп, оны 2008 жылы қызыл дипломмен бітіріп шықтым. Менен мемлекеттік емтихан алған ұстаздарым: «Сырттай оқитындар ішінен қызыл диплом алғанды көптен бері көрмеп едік» деп, риза болды.

– Сіз Сарайшық орта мектебінде шәкірт тәрбиеледіңіз. Енді суретшінің болашағынан үміт күттірер шәкірттер бар ма?

– Бекбарыс Балтабеков деген шәкіртім болды. Қазір де сол мектепте оқиды. Оның басқа балалардан ерекшелігі,  суретті ойдан салады, өзінің фантазиясына жүгінеді. Мен кез келген бір бейнені ауызша суреттеп берсем, соны менің ойымдағыдай етіп салып береді.  Есіл-дерті суретте. Соған қарағанда, болашағын суретпен байланыстыратын сыңайы бар.

Қалам ұшындағы құдірет-2

Ал, енді, Серік Сиғуатолла деген тағы бір шәкіртім де тым жақсы сурет салады. Бұл балада прагматиктік болмыс басым. Яғни, ол қандай салада жұмыс жасаса да оны игеріп кете алатын бала. Оның суретші болу-болмауын еркіне қалдырған жөн. Бұдан бірнеше жыл бұрын мектеп бітірген Айдана Жаңбырова деген шәкіртім де бар. Ол тұрмыс құрған соң өнерден қол үзіп қалған секілді. Бірақ, оған кәсіби суретшілік білім алуға әлі кеш емес. Бұлардың үшеуі де менің үмітімді ақтап келеді. Мәселен, «Жас ұрпақ нашақорлыққа қарсы!» атты облыстық көрмеде Бекбарыс екінші орын алды. Оның суретті ойдан салғанын қазылар алқасындағы шеберлер сезе қойды. Ол суретте нашақорлықтан зардап шеккен қыз және оған таңғала қарап қалған бозбала  бейнеленген.

 Сұхбаттасқан: Тарас НАУРЫЗӘЛІ.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз