РУХТЫ КӨТЕРГЕН ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚ

Кейін аталмыш би мектебі орналасқан «Достық» үйіне бас сұқтық. Әртүрлі сырқаттың салдарынан арбаға таңылған жандардың  ортасында алғаш болған адамның жүрегі сыздайды екен. Бірақ, солардың ешқайсысының көзінде мұң, я, бір қиналған белгі жоқ…

Білгеніміздей, сауапты істі қолға алған «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің  төрайымы  Гүлсина Байкенова  екен. Ол мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы би мектебін ашып, өткен жылдың тамыз айынан бері жұмыс жасап келеді. 

– Мүгедек жандарға кішкене болса да көмектескім келді. Олардың арасында дарынды адамдар өте көп. Тағдырдың теперішін көрген жандардың өмірге деген көзқарасын танытып, қабілеттерін жан-жақты ашқым келді. Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамның тең құқылы мүшесі екендігін сезінсе деймін. Олар аяқ-қолы бүтін кез келген адаммен иық тіресе би билеп, ән де айта алады. Негізгі мақсатым да осы – мүгедек жандарды қоғамға тарту. Оларға қоғамның көмек қолын созуына ықпал ету, – дейді Гүлсина Ғаріпжанқызы.

Айта кетелік, мұндай би мектебі республика бойынша Қостанай облысында және біздің өңірімізде ғана бар.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысы да, ерік-жігері де жоғары. Соған дәлел, аталған мектепте қазіргі уақытта бес мүгедек жан балет өнерінің ғана емес, театрландырылған хореографиялық қойылымдардың  да қыр-сырын меңгеруде. Бишілердің арасында жасы да, жасамысы да бар. Мәселен, Данила Давыдов екінші сыныпта оқитын болса, Жұмабай Жұмағалиев – 16 жаста. Олар он екі мүшесі сау адамның өзі төзе алмайтын сынақтарды көтеріп келеді. Жүректерінде жалын, көздерінде от ойнаған олар «тағдыр сынына ұшырасақ та, өмірден қол үзуге қақымыз жоқ» деп біледі. 

«Өнер – мүгедектің арбасына таңылған адамдардың өмірге деген талпынысын, құлшынысын оятатын керемет құдірет. Өйткені, арбада отырған адам өзінің мүгедек екенін көрсеткісі келмейді. Бірақ, сахнада өнер көрсету ішкі психологиялық қорқынышты сейілтеді. Оңалту жағынан да пайдалы. Омыртқаң қозғалысқа түседі. Қозғалыс деген –  өмір. Ал, би – бұл қозғалыс. Бүкіл денең қозғалады, дене сымбатың дұрысталады», – деген аталмыш өнер мектебінің бишісі Асылай Ақбергенова мұның ерекше күш-жігер беретініне тоқталды.

Асылай Ақбергенова осыдан 27 жыл бұрын 16 жасында тағдырдың теперішіне тап болған екен. «Төрт қабырғаға қамалып, он жылға жуық уақыт үйден шықпай отырдым. Ешкімнің көзіне көрінгім келмеді. Бұл бір психологиялық жағынан да қиын кезең еді», деп еске алады Асылай. Кейін «Мүгедектер әлемі» қоғамдық бірлестігіне жұмысқа орналасады. 2009 жылы осы бірлестікке Қостанай облысынан хат келіп, онда арбаға таңылған жандар арасында би фестивалі өтетіні хабарланады. Ал, бұған дейін облыста арбамен билейтін өнерпаздар болмаған. Аталмыш бірлестік тарапынан биші тренерлерге ұсыныс жіберіледі. Сол кезде бұл іске тек татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Гүлсина Байкенова ғана қолдау білдіріп, өзгелерге ұқсамайтын ерекше бишілерді өнерге баулуды қолға алады. «Фестивальға өзім секілді арбаға таңылған Руслан Айтбаев  екеумізді  дайындады. Барғым келмеді, көптің алдына шығуға жүрексіндім. Алайда, облыстың намысын қорғауымыз керек болды. Кәсіби бишілердің сүйемелдеуімен өнер көрсеттік. Нәтижесінде, олжалы оралдық», – деген Асылай Ақбергенова би әлеміндегі алғашқы қадамының 2009 жылы басталғанын айтады.

2011 жылы мүмкіндігі шектеулі жандар арасында алғаш рет чемпионат өтіп, әр облыстан озық шыққан өнерпаздар өнерін ортаға салды. Бас жүлде үшін көптеген талантты жандар тартысқа түсті. Осы чемпионатта  Асылай мен Руслан алтын медаль иеленіп, Қостанай облысы әкімінің кубогін жеңіп алды.  

– Арбада отырған жандардың бағдарламасын, концертін көріп, қазақтың рухы биік ұл-қыздары бар екеніне көзім жетті. Өзім ұзақ жылдар мәдениет саласында қызмет етіп келемін. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өнерлеріне бас идім. Жасандылық жоқ. Жүректері таза, – дейді мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев.    

Айта кетелік, «Шектеусіз таланттар» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған би мектебінде көз жанарынан айырылған Раушан Оспанова да жаттығып, би өнерінің қыр-сырын меңгеруде. Спорттық-балдық би өнерімен айналысу Раушанға қанат бітірді. Еркін жүріп-тұра алмайтыны болмаса, дарыны мен қарымы мықты жан бұл өнерін шыңдап келеді. Оның өмірге құштарлығы, талпынысы, табандылығы өзге де мүмкіндігі шектеулі жандарға үлгі боларлықтай.

Өткен жылдың тамыз айында аталмыш би мектебі Польша қаласында өткен «Караван культуры» атты фестивальға қатысып, Бас жүлдені иеленіп қайтты. 

Мүмкіндігі шектеулі болса да өнерді жанына серік еткен жандар үшін басты сый – қоғаммен етене араласып, өз мүмкіндіктерін батыл көрсете білуде секілді. Өйткені, мүгедектерге деген көзқарас, бұл – қоғамдағы үлгі-өнегенің көрсеткіші. Бүгінде елімізде мүгедектердің өмірін барынша жақсартуға және оларды қоғам өміріне толыққанды бейімдеуге мүмкіндік жеткілікті. Осындай игі істердің арқасында олардың адамдарға деген көзқарасы өзгеріп, қоғамның мүмкіндігі жеткілікті толыққанды мүшесі ретінде қабылдануға жол ашылады. 

– Көпшіліктің санасынан мүгедек жандар туралы қалыптасып қалған теріс көзқарасты жоюымыз қажет. Оларға арналған би мектебі – өмірге деген шексіз құштарлықты, күш-қайратты көрсететін алаң бүгінде облыста 18000-нан астам мүгедек жан бар. Би мектебіне осы жандарды шақырып, оның пайдасын көрсе, ортаға тартылса деймін, – деп аяқтады бізбен әңгімесін  «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы, би мектебінің басшысы Гүлсина Байкенова.

Алда өнерпаздар Испанияда өтетін халықаралық фестивальға қатысып, ел  намысын қорғамақ. Байрақты бәсекеде жерлестерімізге жеңіс тілейміз. 

Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*