ЖАСТАРДЫ СПОРТҚА ТАРТТЫ

Екі мыңыншы жылдардың басында атыраулықтардың сан жылғы арманы орындалып, облыс орталығында қазіргі заман талаптарына сай спорт нысандары пайда болды. Футбол алаңы халықаралық стандарттарға сәйкес келді. Бес арнаулы залдан тұратын тұтас кешен, бассейн, т.б. ғимараттар тұрғызылды. Жұмысқа республикадағы ең үздік жаттықтырушылар шақырылды.

 

Тұрғындар қалашығының байырғы стадионы бір-ақ сәтте нағыз спорт орталығына айналды. Мыңдаған жас пен қала тұрғындары солай ағылды. Шын мәнінде таңертеңнен қараңғы түскенше «Мұнайшы» стадионы араның ұясындай гуілдеп тұратын. Волейболшыларды баскетболшылар, бұларды қол добы ойыншылары ауыстыратын. Үлкен теннис пен бокс залына адам сыймайтын.

Ал, тұңғыш кәсіби футбол командасы ше? «Атырау» клубы құрылған сәтте-ақ екі жыл қатарынан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Кейін ел кубогін жеңіп алды. Еуропалық аренада өнер көрсетіп, қаламызға шетелдік үздік командалар келді. Волейболшылар мен баскетболшылар, жеңіл атлеттер аймақтық және халықаралық жарыстарда көзге түсті. Атыраудағы жаттығу залы республикадағы ең үздіктер қатарынан саналды.

Міне, осы оң өзгерістердің бәрі Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асты. Оның ұйымдастырушылық, адам танушылық, мамандарды орналастыра білушілік қасиеті ерекше еді ғой. Өзі де талай рет жасыл алаңға шығып, доп тебуге уақыт табатын. Волейбол да ойнайтын. Менде сондай жарыстарда бірге түскен суреттер де бар.

Ол бізге «егер көшеде текке жүрген он баланы спорт залға әкеле алсаңдар, онда еңбегіңнің еш кетпегені» дегенді жиі айтатын. Мен қазір нық сеніммен айта аламын, сол жылдары он шақты емес, жүздеген, тіпті мыңдаған жас спортқа тартылды. Кейін ірі жарыстарда жүлде алған спортшылар алғашқы әліппесін сонда үйренді. Сөйтіп, үлкен жеңістердің іргетасы қаланды.

Мен Нұрлан Өтепұлы сынды үлкен жүректі, тау тұлғалы адамның замандасы болғанымды, оның қоластында еңбек еткенімді мақтан тұтамын. Бұл менің өмірімдегі ең тиімді де нәтижелі шақтар еді.

Халит ЖАМАЛЕТДИНОВ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Атырау қаласы. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз