Жаңа кітаптың тұсаукесері

photo 2018 12 21 15 44 08 Қоғам

«Қазақ журналистикасының тарихы». Еуразия телевидение және радио халықаралық академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты Мәншүк Мұқашеваның Алматыдағы «Қазақ университеті» баспа үйінен орыс тілінде жарық көрген  кітабы осылай деп аталады.

Screenshot_1

Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін үздік бітіріп, ғылыми-педагогикалық жұмысын аталған оқу орнында газет-журнал ісінің техникасы, халықаралық журналистика шеберлігі және әдеби редакциялау кафедрасында ұстаздықтан бастаған Мәншүк Тынышқалиқызы 2008 жылы Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жалғастырды. Соңғы екі жылдан бері ол Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі.

Кітап авторы аталған еңбегінде қазақ журналистикасының ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарайғы ұзақ жылдық тарихына бүгінгі күн тұрғысынан көз жіберіп, тың байламдар жасап, жаңаша ой айтады.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің баспасөз орталығында өткен кітаптың тұсаукесер рәсіміне әріптестері, дәріс алып жүрген шәкірттері келді. «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының міндетін атқарушы Нұрлан Қабылов, облыстық «Атырау», «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Исатай Балмағамбетов, Нәсіп Шалабаева және басқалары сөйлеп, педагог-ғалымды жаңа еңбегімен құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі. Олар қазақ баспасөзінің теориясы мен практикасын зерделеген, газет, радио мен телевидение жанрларын ғылыми негіздеген Тауман Амандосов, Марат Барманқұлов, Темірбек Қожекеев сынды белгілі ғалымдардың ғылыми еңбектерінен кейін жарыққа шығып отырған Мәншүк Мұқашеваның  қазақ журналистикасының өткені мен бүгінге дейінгі тарихын орыс тілді оқырманға жеткізуге үлкен еңбек сіңіргендігін атап өтті.

Қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына қосымша оқу құралы ретінде қайта басылып отырған бұл ғылыми еңбек осы жаңашылдығымен де құнды. Кітап жоғары оқу орындарындағы журналистика факультеттерінің  ұстаздары мен студенттеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ, баспасөз тарихымен жақынырақ танысқысы келетін әрбір зерделі оқырманға арналды.

 

Бақытжан ЖҰМАТ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз