ПАСХА МЕРЕКЕСІ

Биыл Бірлік күнімен тұспа-тұс келді

Пасха – православ христиандарының басты мерекелерінің бірі. Сенбі күні түнде өткен осынау шараға халық көп жиналды. Успен шіркеуінде мінәжат еткен православтықтарды Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев арнайы барып құттықтады.

– Биыл бұл мереке тағы бір үлкен мейраммен – Бірлік күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның өзі рухани үндестіктің көрінісіндей. Сіздерге және отбасыларыңызға бірлік, жақсылық, денсаулық, армандардың орындалуын тілеймін. Аспанымыз ашық болсын, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Успен соборының иерейі Михаилдың айтуынша, Қазақстан халқы ынтымақта, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Түрлі ұлттар мен ұлыстардың арасында етене байланыс, терең түсіністік бар. Мұның Отанымыздағы тыныштық пен келісімді сақтаудағы маңызы зор. «Сондықтан, қоғамда қалыптасқан осынау тұрақтылық ұрпақтан-ұрпаққа жете бергей деген тілек айтамыз» деді ол.

Айта кетейік, Атыраудағы Успенсоборы Федор Тудаков есімді көпес пен оның әйелінің қаражатына салынған. 10 жылға созылған құрылыс 1885 жылы пайдалануға беріліпті.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз