ӨНЕГЕНІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

Махамбет ауданының ардагерлері де ел тұрғындарымен бірге мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Ардагерлер Елбасының жүргізіп отырған саясатын толығымен қолдап, өмірлік тәжірибелерін, ақыл-ойларын жүзеге асыру үшін тұрғындармен, соның ішінде жастармен үнемі жұмыс жүргізіп келеді.

Ардагерлер кеңесі Қазақстан озық отыз елдің қатарына ену үшін елдің ертеңі саналатын жастармен өздерінің өмірден алған мол тәжірибелерін бөліседі. «Жастарға ақыл айту – қарыз, өнеге үйрету – парыз, тәжірибе үйрету – міндет. Бұл үшеуін айтпаса – қарт кінәлі, ұқпаса – жас кінәлі» деп айтқан екен бір ғұлама. Сондықтан, жастарға үйретуден жалықпауымыз керек. Мемлекетіміздің негізгі тірегі, болашақта ел басқаратын, экономиканы нығайтатын, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында тер төгіп, еңбек ететін – солар.

Аудандық ардагерлер кеңесі көмекке мұқтаж зейнеткерлерді де назардан тыс қалдырған емес. Олардың тұрмысын жеңілдетуге, материалдық, әлеуметтік, медициналық көмек беру мақсатында барлық ұйымда дербес карточка толтырылып, мәліметтері мен дерекқоры жасақталған. Аудандағы 90-нан астам қарияға әлеуметтік көмек көрсетілсе, 60-қа жуық тыл еңбеккері жаңадан есепке алынды. Шағын кәсіпкерлікпен айналысатын елуден астам ардагер бар. Жұмыссыздықты жою бағытында да айтарлықтай істер атқарылуда. Өзге аудандардағы ардагерлермен де тұрақты байланыс орнаған.

Ардагерлер алдындағы басты міндеттердің бірі – Елбасы Жолдауын насихаттау. Бұл орайда 24 елді мекеннің тұрғындарымен кездесу ұйымдастырған болатынбыз. Ардагерлер ұйымы көптеген маңызды қоғамдық іс-шараларға тікелей қатынасып, дұрыс шешімдердің қабылдануына ықпал етуде. Мысалы, сайлау, тазалық, жер бөлу, дәрігерлік көмек, тұрғын үй бөлу, құрметті атақ беру, көше атын беру, көмекке қаржы бөлуге араласады, қоғамдық бақылау жұмыстарын үнемі бақылауда ұстайды.

Елбасының қамқорлығының арқасында аудандық ұйым ардагерлері «Алтын белгі», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталып, Махамбет аудандық ұйымының «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» фестивалінің республикалық жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, С.Нұрмағамбетов, Т.Бигелдинов атындағы медальдарымен, аудандық, облыстық, республикалық ардагерлер ұйымының Құрмет грамоталарымен, «Алтын дәрігер», «Достық» орденімен және өзге де мерекелік медальдармен марапатталды.

Ардагерлер әрдайым өскелең ұрпақ алдында мемлекеттің алтын қоры, дәстүріміздің сақтаушысы, патриоттықтың, адалдықтың, шыдамдылық пен сенімділіктің жарқын үлгісі болып қала бермек.

Нәсіпқали СӘМЕНОВ, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-нің  Махамбет аудандық филиалының төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз