Өмірі тұнған өнеге

Өткен жылдың аяғы еді. Онда мен «Атырау-Ақпарат» мекемесінде жұмыста едім. Бірде күн сәскеге таяп қалғанда есіктен қадірменді ақсақал Парух ағам (Марданов) көрінді.

– Ассалаумағалейкум!

– Уағалейкумассалам! Бар бол!

Әрі қарай әңгімеміз жалғасып, бір-біріміздің аман-түгелімізді білдік. Аздан соң ағам әңгімені маған бұрып «Осы сен Асқар Нұрғалиев деген кісіні білетін бе едің?» – дегені.

– Білемін! – деймін мен.

– Білсең, заманындағы нағыз идеолог сол кісі еді ғой. Асекең бар саналы өмірін адам тәрбиесіне арнады. Дайындаған кадрлары қаншама! Бәрі де ағаның саяси сауаттылығы, өмірді көп білетін, телімен де, тентекпен де жұмыс істей алатын жұғымдылығы, ұстаз-тәлімгерлігін қадірлеуші еді. Мен Алматының жоғары оқу орнын бітірген соң мектепте, кейін аупарткомда істеген кезімде әңгімелерін тыңдадым, өте сауатты, саяси білігі мол жан болатын. Өзім ол кісіні ұстаз санаймын. Сол ағаң келесі жылы 95-ке толады. Асылдарды ардақтау парызымыз ғой, ұмытпайық. Ол дүниеде де бір аударылып жатсын. Жазсайшы, – дегені бар. Мен келісім бердім.

Кейін Атырауда тұрып жат-қан қызы Раисаны тауып алып, ағаның өмір және еңбек жолын бейнелейтін құжаттарымен таныстым. Сөйтсе, Асқар ағаның 75 жасқа жуық өмірінің ұстаздық, адамгершілік, жастар тәрбиесі, майдангерлік қырларының қайсысын алсаңыз да ауыз тұшытып айтарлық үлкен әңгіменің арқауы, тіпті жеке кітап арнаса да артықтық етпейтін қырлары бар екен. Бірақ, біз бұл жолы ол кісінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті жақындатудағы ерлік істерін ғана еске алуды жөн деп таптық.

Он жасында әкеден айырылған Асқар Нұрғалиев алдында Есен сынды естияр ағасы болса да отбасының жалғыз ғана асыраушысы есептелінген Зүбайда анасының қамқорлығы арқасында мектепте жақсы оқыды. 1939 жылдың күзінде қысқа педагогикалық курсты бітірген соң Зорматада бастауыш мектепте математикадан, кейін Телячьеде сабақ береді. Арада екі жылға жетпейтін уақытта ел шетіне жау тиіп, ағасы Отан қорғау үшін әскерге алынады. Арада аз уақыт өткенде жиырмаға енді толған Асқардың өзі де қолына қару алып, майдан даласына аттанады. Олар алғашында Орынбор түбінде ай жарым уақыт дайындалып, әскери дағдыға машықтанады. Қаруды қолдану, ату, қорғану тәсілдерін үйренеді. Міне, осы кезде оның жауынгерлік жан-жақтылығына тәнті болған әскери басшылар Асқар ағаның құраммен жұмыс істеу мүмкіндігі, насихатшылық қыры, ұйымдастыру шеберлігін байқап, оны осы арада кіші командирлер оқуына тартады. Артынан 318-гвардиялық атқыштар полкінің 241-дивизиясындағы байланыс бөлімшесі құрамында аға сержант шенінде нағыз жауынгерлік жолы басталады.

Сол 1942 жылдың тамызындағы Новгород қаласы маңындағы ұрыс жерлесіміздің есінде ұзақ сақталды. Өйткені, бұл шайқас оның шын мәніндегі жауынгерлік және ұйымдастырушылық қабілетін танытқан-ды. Ұрыс әр сүйем жер үшін өрбіп, нағыз қантөгіс жүрді. Қара жерді солқылдатып, аузынан ажал бүріккен танкілер өз алдына, жай пулеметтердің өзі сақылдап бас көтерткізбейді. Соған сай екі жақтан да шығын бар. Бір сәт батальон командирі, майор А.Герко ауыр жарақаттанып, саптан шықты. Осы кезде оның орнын басу, сөз жоқ батальонның саяси жетекшісі Асқар Нұрғалиевтың мойнына түсті. Тамыздың тамылжыған күні дегенмен аспан қабағы қалың, бұлыңғыр бұлт дамылсыз бүркіп тұр. Ұрыс даласы ми батпақ. Волхов өзені аңғарындағы қамысты қалың қопа арасы адым аштырмай, сәт сайын шым батырып, тереңіне тартып барады. Әсіресе жарақаттанған жауынгерлерге қиын-ақ. Осындайда ұрыс үстіндегі әскерилер бір сәт қаруларынан қол босатып, әлгіндей жаралы жолдастарын сүйрелеп, құрғақ жерге шығарады. Жарасын таңады немесе санитарлық мейірбикелер қолына табыстайды. Содан қайтадан ұрысқа кіріседі.

Уақыт өтіп барады. Бір кез ол құрамды күші басым жаудың қоршап бара жатқанын білді. Мұндайдағы басты міндет – алға жылжу емес, қолайлы жерден қорғанысты бұзып құрамды қоршаудан алып шығу керек. Бірақ, жау жағының бекінісі мықты, оның үстіне өзеннен өтер жалғыз ғана көпірді немістердің ұшағы бомбалап, күлін көкке ұшырған. Енді не істесе болар, артында өзен, алдында жау, тықсыра түседі, тірі қалар түрлері жоқ. Жоғары жақпен хабарласып, ақыл-кеңес алайын десе, байланыс бейтараптанған. Амалсыздан арналы өзеннен құлаш өріп, арғы бетке өтуден басқа айла жоқ. Әйтсе де тағы бір қиындық бар. Ол – құрамдағы сарбаздардың бәрі бірдей жүзе білмейді. Жоқ, қалайда құлаш өріп, бірін екіншісі демеп, амалдау керек. Бірақ, бірде-бір жауынгердің жау қолына түсуге қақысы жоқ. Осындай шешімге келген А.Нұрғалиев ауыр техникаларды ұрыс даласына қалдырып, жеңіл қару-жарақпен өзеннің екінші бетіне өтуге тәртіп берді.

Бұл шешім оңды нәтиже берді. Құрама бар күштерін жұмсап, жау құрсауын бұзды, өзеннің келесі бетіне өтті. Ол жақта бірнеше деревня бар. Оларды басып өтіп, төртінші кезекте тұрған Демьянск селосына табан тіреу керек. Сол арада сәл саябырлап, ес жиған соң өкшелеген жауға қайтадан жауап шабуылын ұйымдастырған дұрыс. Әрине, мақсат зор, міндет бар, бірақ мүмкіндік аз. Өйткені, жаудың күші басым, бұларда оқ-дәрі мөлшері аз.

Батальон бұзып-жарып өзеннен өткенмен жолайғы Славково, Шишкино деревнялары тұсында қатты қарсылық болды. Арттарынан қосымша күш келмеді. Бірақ, оңайлықпен беріле салар бұлар да жоқ еді. Мүмкіндіктері қалғанша қарсыласып бақты.

Толығырақ газетімізден оқи аласыздар

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз