Ол өнердің жанашыры еді…

 Менің қолыма қалам алуыма «Атырау» газетінің 16 наурыз күнгі №21 санында ғалым, профессор Қадыр Жүсіптің «Атырауды жерұйық санайтын» деген тақырыпта жарияланған еліміздің көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы мақаласы себеп болды.

 Сонау елуінші жылдардың аяғында өнерге қанат қаққан жастардың бірі ретінде мен ҚазССР-ның 40 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған көркемөнерпаздардың аудандық байқауынан озып шығып, облыстық сайысқа жолдама алдым. Бұл өнер байқауында да жолым болып, республикалық конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болдым.

  Қорытынды концерт болатын күні сәл кешігіп келдім. Домбырамды құшақтап, Тұрғындар қалашығы клубына келсем, концертке жауапты жігіт ашуға булығып, түтеп тұр. «Ешқайда бармайсың, қайда жүрсің, кімнен рұқсат алдың, кет, сахнаны босат, Алматыға бармайсың» деді. Мен жылап жіберіп, сахнадан секіріп түсіп бара жатқанмын. Алдыңғы қатардан бір аға ұшып тұрып, қолымнан ұстап алып, «Шырағым, қайда барасың, неге жылайсың?» деп сұрады. Мен болған жайтты айттым. Әлгі кісі мені қолымнан жетектеп, сахнаға алып шықты да «шақыр, қайда әлгі бастықтарың» деді. Әлгі бастығым жүгіріп келіп, бәйек болып жатыр. «Доғар сөзді, мына бала неге жылайды? Сахнадан неге кетті?» деді. Жаңағы ашулы жігіт бірдеңелерді айтып, міңгірлеп ақталғандай болады өзінше. «Доғар енді бос әңгімені, бәрің бармайсың, Гурьевтің намысын бір «Паң көйлек» әнімен өзі қорғап шығады» деді мені қорғаштаған жаңағы ағай. «Екі-үш нөмірден кейін жібер, себебі ол қазір ренжулі күйде. Мен осы баланың «Паң көйлек» әнін әдейі естуге келдім» деді.

 Сахнаға шығып, халыққа иіліп сәлем беріп, микрофонға жақындай бергенде «Микрофонсыз айт» деді. Өзімді сондай қамқорлаған жаннан несіне аянайын. Мұхиттың «Паң көйлек», «Тілеуқабақ», «Ақиіс», «Жантелім» өлеңдерін ерекше шабытпен орындадым. Концерт бітіп, сыртқа шықсам, жаңағы ағай сыртта адамдармен әңгімелесіп тұр екен. «Айналайын, көп жаса, жолың болсын. Гурьевтің атын асқақтатып кел» деп тілегін айтты. Кейін мен бұл адамның Нұртас Оңдасынов екендігін білдім. Егер де мен сол күні кетіп қалған болсам, өнер жолындағы табыстарымның болу-болмауы екіталай еді. Республикалық байқаулардың, Бүкілодақтық фестивалінің үш турының лауреаты атанбас едім. Конкурс аяқталған соң композитор Сейілхан аға Құсайынов «Сүйінші, Ұлдай, Гурьевтен екі нөмір киноға түсетін болды. Біреуі – сенің орындауыңдағы, екіншісі оркестрдікі»,-деді. Осылайша сол жылы «Ән қанатында» киносына түстім. Ол «Замана бұлбұлы» деген атпен бірталай елді аралап, қазір мұрағаттағы Алтын қорда сақталған екен.

 Осыдан екі-үш жыл бұрын ұлым Самат «Қазақфильм» киностудиясына барып, бейнетаспаға түсіріп әкелді. Сол жылы тамызда киноаппаратын арқалап операторлар мені, №11 автобазадағы жұмыс орнымнан кино кадрлар түсірді. Егер сол кезде менің өміріме облыстың үлкен басшысы араласып, кездеспегенде, мүмкін мен «ҚР мәдениет қызметкері», «Индер ауданының Құрметті азаматы», республикалық дәрежедегі зейнеткер атақтарын алмаған да болар едім. «Қазақстанның үздік адамдары», ауданның «Шежіре» кітаптарына енбей қалуым да мүмкін еді. Қазақ музыка өнерінің шоқ жұлдыздары – ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевпен, Әбілахат Еспаевпен, Сейілхан Құсайыновпен, дүлдүл домбырашы Бақыт Қарабалинамен, поэзия падишасы Фаризамен таныс болмаған болар едім. Қадыр ақынның Нұртас ағаға ескерткіш орнату жөніндегі ұсынысы өте орынды, әрі мен де оны қолдаймын. Барша атыраулық ағайындар да еліне бар жастығын, күш-жігерін жұмсаған, елдің көркеюі үшін аянбай тер төккен Нұртас Дандыбайұлындай абзал азаматқа жасалатын шараны қолдайды деп сенемін.

Ұлдай АМАНҒАЛИЕВА,

ҚР Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері,

республикалық дәрежедегі зейнеткер,

Индер ауданының Құрметті азаматы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз