Ұлы дала батыры – Тайманның ұлы Исатай

T saukeser Қоғам

Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,  ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Аманкелді Шамғоновтың «Ұлы дала батыры – Тайманның ұлы Исатай» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесер

Шараны Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов жүргізіп отырды. Жиынды Ғабдол Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының басшысы Сара Ізмұхамбетова кіріспе сөзбен ашты:

– Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында атап өтілгендей, Ұлы даланың ұлы есімдері ұмытылмауға тиісті. Ұрпақ санасында мәңгі қалдырып, жастарды патриотизм мен отансүйгіштікке тәрбиелеудің басты құралы ретінде үнемі өз елі мен жерін қорғаған ұлы тұлғаларды ұлықтап отыруымыз қажет-ақ. Халқына қорған болған батыр – Исатай Тайманұлы. Ғалым, тарихшы Аманкелді Шамғонов ағамыздың «Ұлы дала батыры – Тайманның ұлы Исатай» кітабының жарық көруі санамызды сілкіндіріп, өз еліміздің тарихына жаңаша көзқараспен қарауға жол сілтейтіні анық, – деді Сара Салахатдинқызы.

Кітаптың авторы Аманкелді Шамғонов туындыны жазуға себеп болған жағдайлар, еңбекті жазу барысында кездескен қиындықтар мен қызықты оқиғалар, Исатай батырдың ұрпақтары жайлы сыр шертті.

Тұсаукесер рәсіміне арнайы келген Исатай Тайманұлының ұрпағы Аманғали Құрманұлы өзінің батыр бабасы жайлы ойларын оқырмандармен бөлісті. Ол Исатайдың батыр ұлы Жақиядан тараған ұрпақ екен. «Жақия Исатайұлы 1836-1837 жылдарда Ішкі ордада болған халық-азаттық қозғалысына белсене қатысқан. Көтеріліс кезіндегі Жақияның ерлігі туралы халық аузында аңыз-әңгімелер көп. Кезінде белгілі жазушы-драматург Берқайыр Аманшин Жақия туралы пьеса жазып, ол Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрында әлденеше рет қойылған» деді. Аманкелді Шамғонов Жақияның 1811 жылы дүниеге келгенін тарихи құжаттар арқылы дәлелдейді. Патша әскерінің қолына түскен Жақия Исатайұлы 1836 жылғы 1 желтоқсан күні тексерушілерге берген жауабында жасының 25-те екенін айтқан екен. Жақияның отбасы ол ұсталып кеткеннен кейін көп қиындық көрген. Жары Нәсіпхан батырдан қалған жалғыз тұяқ Шахметті кебеженің ішіне, түйенің қомына, үлкен қазанның астына, тіпті, даладағы жыртқыш аңдардың ініне де жасырып өсіріпті. Оны кітап авторы көнекөз қариялардың айтуынан жазып алған. Шахметтен Таңқаш, Таңқаштан Құрман, Құрманнан Аманғали туған. Аманғали Құрманұлы – Исатай Тайманұлының Жақиядан тараған бесінші ұрпағы.  Ол жұртшылыққа исатайтанушы ретінде белгілі.

Жиынға Исатай аудандық мәдениет және тілдер бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насиханов келіп, Исатай мен Махамбет батырлар бастаған көтеріліс, оның ұрпаққа берер ұлағаты жайында толғанды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз