Ұлттық өнерге өріс кең

lttyi nerge ris ke Мәдениет

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы да жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтап қалу жолдарын анық көрсетуімен құнды болды. Ал, күні кешегі жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын біз «Рухани жаңғырудың» жарасымды жалғасындай қабылдадық.

Ұлттық өнерге өріс кең

Фольклор дегеніміз – ғибрат. Өткеннен өнеге алмай, ата салтына адалдық танытпай, түп қазығымызды танымай болашаққа жоспар жасау қауіпті. Өйткені, кешегісін ұмытқан ұрпақтың жоғалуы да оңай. Ал, фольклор – өскелең ұрпақты тәрбиелеудің бірден-бір эстетикалық құралы. Осы орайда Елбасының «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасын жариялауы – өз алдына үлкен жаңалық.

Фольклор және музыка ұғымы – ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі. Нәрестенің өмірге келген сәтінен бастап бесік жырымен әлдилеп, өмірден озған адамды жоқтаумен шығарып салатын халқымыз үшін өнердің де, өлеңнің де бағасы жоғары. Дәстүрлі халық күйлері, аңыз-әфсаналары мен жыр-термелері бізге ұлттық мәдениетіміздің бай мұрасы ретінде жетті. Жаңа дәуірде қазақ фольклоры нағыз көркем өнер болып қалыптасты, бүгінгі мәдениеттің бір бөлігі ретінде қоғамға қызмет етуде.

Енді «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады. Сонымен қатар, қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет. Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта жаңа тыныс алуға тиіс» деп атап көрсетті.

Ежелден күй Отаны атанған Атырау өңірінде дәстүрлі өнердің бәсі биік, оны қолдауға деген оң ықылас-ниет те жоқ емес. Айта кетсек, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі халқымыздың ұлттық музыка дәстүрінің озық үлгілерін тыңдарман қауым назарына ұсыну үшін жұмыстанып келеді. Әрдайым репертуарын жаңартып, гастрольдіксапарларына жаңа бағдарламалармен шығуға күш салады. Облыс өңірінде болып жатқан түрлі шараларға белсенді қатысып отырады. Елбасы алдында да өнер көрсеткен оркестр еліміздің түкпір-түкпірін аралап, концерттік бағдарлама ұсынды, алыс-жақын шетелдерге де шығып жүр.

Қазақ халық аспаптары ұжымынан кәсіби академиялық оркестрге айналу жолындағы 28 жылда еліміздің музыкалық мәдениетінің одан әрі дамуына зор үлес қосқан ұжымның алға қойған жоспары да көп. Ендігі кезекте Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттерді де атқаруға құлшынуымыз қажет.

«Фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет» делінген Елбасы мақаласында. Қай өнерпаз, өнер ұжымы болсын, алдымен орындайтын шығарманың тарихымен, авторымен танысады. Халыққа да осыны насихаттау мақсатында лекция-концерттер өткізуді дәстүрге айналдырдық. Гастрольдік сапармен барған жерлерімізде халық әндері мен күйлерінің тарихынан хабардар көнекөздерді іздеп жүреміз. Енді бұл жұмыстарымызды арнайы экспедиция ұйымдастыру арқылы да жалғастыратын боламыз.

Сағынтай КӨПЖАСАРОВ,

Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз