ҰЛТ БІРЛІГІ – ЕЛДІГІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІ

Облысымызға арнайы келген Алматы орталық мешітінің найб имамы, елімізге белгілі исламтанушы Ерсін Әміре Жылыой ауданында болып «Дінді ұстай білсең – қасиетің, ұстай білмесең – қасіретің» тақырыбында тұрғындармен кездесу өткізді.

 

Аудан тұрғындарымен кездесу барысында ол ел тарихында ислам дінінің алар орны туралы өз ойын ортаға салды. «Ұлт бірлігі – елдігіміздің ертеңі. Өкінішке қарай, қоғамымыздағы жастардың түрлі ағымға бөлініп, дәстүрлі дінімізді мойынсұнбауы ел болашағына қатер төндіруде. Бізді бұл қасіреттен құтқаратын бір ғана нәрсе ол – діни сауаттылық», – деген ол дінге құрметпен қараудың қажеттілігін баса айтты.

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қоры директорының орынбасары Айбек Аташев та жиналғандарға қазіргі ақпарат ғасырындағы діни сауаттылықтың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, ол ел бірлігіне нұқсан келтіретін жат ағым өкілдерінің іс-әрекеті туралы да айтып өтті.

Сондай-ақ, аудандағы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ауылдар мешіттері имамдарының бас қосқан жиын өтті.

Өзекті  діни мәселелер Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының акт залында ауыл мешіттері имандары бас қосқан шараға да арқау болды. Басқосу барысында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға түсінік берілді.   

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз