КӨШЕГЕ – АРДАГЕР ЕСІМІ!

Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер-ұстаз Қисым Ғабдоллаұлының есімі Атырау қаласындағы Балықшы селолық округіне қарасты Көкарна ауылындағы жетінші көшеге берілді. 

 

Ол алғашқы қызметін химия, биология пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1942 жылы сәуір айында әскер қатарына шақырылып, командирлер даярлайтын курсты бітіріп, сержант атағын алып майданға аттанды. 1942 жылы «Майдандағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Соғыстың төрт жылында төрт рет орден, медальдарға ие болды.

Қ.Ғабдоллаұлы соғыстан кейінгі жылдары аудандық партия комитеті мен оқу бөлімінде, Новобогат ауданы, Орпа ауылындағы Папанин атындағы орта мектептің директоры, бастауыш партия ұйымының хатшысы жұмыстарын атқарған. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласа жүріп, көптеген марапаттарға ие болды. Жұбайы Лизана екеуі өмірге бес қыз, екі ұл әкелген. Бүгінде балалары жоғары білімді, әр салада табысты еңбек етіп жүр.

Ардагердің ұлы Ахметжан Ғабдуллиннің айтуынша,  әкесі Қисым Ғабдоллаұлы 1968 жылы денсаулығына байланысты Балықшы кентіне көшіп келіп, Құрсай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте қарапайым мұғалім болады. Бірақ, соғыстан алған ауыр жарақаты күн өткен сайын асқынып, 1969 жылы дүниеден озды. Өткен жылы Қисым Ғабдоллаұлы жайлы замандастарының, майдандастарының естеліктері топтастырылған «Майдангер-ұстаз» атты кітап та жарық көріпті.

– Қаладағы нөмірмен белгіленген көшелерге белгілі тұлғалардың есімін беру – соңғы кезде қарқынды жүріп жатқан жұмыстардың бірі. Балықшы округіне қарасты Көкарна ауылындағы төртінші көшеге күні кеше Ұлы Отан соғысының ардагері Ғилаж Нұрмашевтың есімі берілді. Бұл дәстүр алдағы күндері де жалғасын таппақ, – дейді Балықшы селолық округінің әкімі Ернар Өтешқалиев.

Майдангер-ұстаз есімі берілген көшеде ардагерлердің ұрпақтары жиналып игі іске ризашылық тілектерін жеткізді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суреттерді түсірген:

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз