КӨРМЕДЕГІ КЕРЕМЕТТЕР

Атырау қаласының оқушылар орталығында «Балалардың ғажайып өнері» атты екінші қалалық көрме өтті. Жас шеберлердің қолөнер туындыларын насихаттау арқылы олардың шығармашылығын дамытуды мақсат еткен бұл байқауға қаланың 22 мектебінен оқушылар қатысты.

Көрмеге 5-8 сынып оқушыларының жұмсақ және қатты материалдардан, моншақтардан, тұрмыстық қалдықтар мен табиғи заттардан жасаған бұйымдары, сондай-ақ, құрастырған макеттері қойылды. Олардың жеке және топтық жұмыстары әртүрлі номинациялар бойынша бағаланды.

Байқау қорытындысында жұмсақ материалдардан жасалған сәндік қолданбалы өнер бұйымдары бойынша бірінші орынды Еркінқала орта мектебінің оқушысы Әсем Қуанғали жеңіп алды.

Балалар қатты материалдардан да сәндік қолданбалы өнер бұйымдарын жасапты.  Бұл номинация бойынша Оқушылар орталығының шәкірті Алдияр Шарипов бірінші орынды иеленді. Ал, макет құрастырудан Жамбыл орта мектебінің оқушысы Еркебұлан  Ризуановтың (І орын) мерейі үстем болды. Сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтар мен табиғи заттардан жасалған тамаша бұйымдардың да жеңімпазы анықталды. Бірінші орын № 20 орта мектептің оқушысы Данияр Абулгаппаровтың еншісіне тиді.

Моншақтан жасалған бұйымдардан №2 орта мектептің оқушысы Хадижат Магомедованың (І орын) жұмысы үздік деп танылды. Топтық жұмыс бойынша Жамбыл орта мектебінің оқушылары (І орын) жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясының оқушылары екінші орынды еншілеп, №25 орта мектептің оқушылары үшінші орынды иеленді. Басқа қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз