ИМАН ЖӘНЕ АМАЛ ҰҒЫМЫ

Жергілікті имамдарға бағынбау, намаз оқымағандығы үшін ата-анасын кәпір санап, үйінен безу немесе бір шаңырақтың астында тұрып ата-анасы әзірлеген асты ішпеу, ата-анасының рұқсатынсыз неке қию, зайырлы өкіметтің ұстанымдарын кәпірлікке шығару сынды оқиғалар ел ішінде көптеген алауыздықтарға себеп болумен қатар, жастардың радикалды топтар қатарына қосылып, қару алып, ақыры шет ел асып кетуіне дейін апаруда. Сондықтан, ел ішінде дұрыс ислами түсінік қалыптастыру үшін сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі ханафи (ақидада матуриди) мәзһабының ұстанымдарын насихаттау маңызды.

 

Әбу Ханифа «әл-Алим уәл-мутааллим» атты кітабында «Иман жүрекпен бекіту, мағрифат (дәлелмен білу) және оны тілмен айтудан тұрады. Ал, Ислам – пенденің Алланы Жаратушы Ие деп танып, тілмен айтуы, Оған терең иманмен илануы. Бұлар сөздік тұрғыдан әртүрлі болғанымен, екеуінің мағынасы бір» дейді.

Матуриди де иман мен исламның сөздік тұрғыдан бөлек болғанымен, ұғым ретінде бір екендігін Құран аяттарында қолданылған мағыналарына сүйене отырып айтады. Оның пайымдауынша, әрбір мұсылман – мүмін және әрбір мүмін – мұсылман. Мұсылман мен мүмінді бір-бірінен бөлек қарастыру – алғашқы кезең мұсылмандарының ұстанымдарына қайшы. Дін сенімнен, ал, ол сенім исламнан тұрады .

Имам Мәлік, Имам Шафиғи, Имам Ахмед ибн Ханбал секілді ғалымдар мен хадисшілер амалды иманның бір бөлігі деп есептегенімен, иман негіздеріне жүрегімен сеніп, тілімен сенімін айтқан. Амалды тәрк еткендігі үшін күнәһар болады.

Анығында, Әбу Ханифа амалды иманның талабы ретінде емес, оны иманнан бөлек қарастырғаны белгілі. Әбу Ханифа ілімі бойынша, амал иманнан кейін келеді. Адам намаз оқып, ораза ұстағандығы үшін Аллаға және пайғамбарға (с.ғ.с) иланбайды, қайта Аллаға және Пайғамбарға (с.ғ.с) сенгендіктен құлшылық етеді. Құранда да алдымен иман ету, содан кейін барып амал ету мәселесінің айтылуы да амалдың иманнан бөлек екендігін көрсетеді .

Матуриди «кімде-кім толық иман келтірген мүмін ретінде игі істер істейтін болса», деп басталатын «Та­Һа» сүресінің 112 аятының тәпсірінде де (түсіндірмесінде) иман мен амалдың бір­бірінен бөлек ұғымдар екенін меңзеп былай дейді: «Бұл аятта адам баласының игі істер істемей­ақ мүмін деген атқа ие бола алатындығын көрсететін дәлел бар».

Расында, бұл аятта игі істің мүмін деген сипаттан кейін орын алғандығын көреміз. Демек, бұл амалдардың иманның ажырамас бір бөлігі еместігін білдіру үшін.

Сондай­ақ, Матуриди «уа, иман еткендер, рукуғ жасаңдар, сәждеге бас қойыңдар, Раббыларыңа толыққанды құлшылық етіңдер және жақсылық жасаңдар», – деген аяттың тәпсірінде былай дейді: «Бұл аятта иманның жалқы әрі өз алдына бөлек нәрсе екенін, сондай­ақ, жақсылық атаулының (игі істердің) атауы емес екенін көрсететін дәлел бар. Ол (иман) – сену/растау деген сөз. Өйткені, Алла оларды әу бастан­ақ мүмін деп атап, содан кейін оларға рукуғ жасауды, сәждеге бас қоюды және игі істер істеуді бұйырған.

Қорытындылай айтар болсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезеңінен бастап, қазіргі күнге дейінгі ахлу сунна уәл-жамағат ғалымдары жүрегінде иманы бар және иманын тілімен айтқан, бірақ амалдарды орындамай, күнә жасаған кісілерді де кәпір демеген, мұсылман санаған. Ондай жандар дүниеден өткенде жаназалары шығарылып, олардың артынан дұға оқылып, Алладан жарылқау тілеген. Сондықтан да, қазіргі таңда ел ішінде діни алауыздыққа жол ашып жүрген харижиттік түсініктің жалғастырушылары болып табылатын, елдігімізге, діни тұтастығымыз бен тыныштығымызға үлкен қауіп төндіретін уаххаби түсініктің таралуына жол бермеу үшін халықтың сауатын арттыру маңызды.

 

Алау ӘДІЛБАЕВ,

теология ғылымының докторы, доцент.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз