Элистадағы туғандар

13 bet Қоғам

Кешегі бір заманда қандастарымыз тағдыр талайымен қайда бармады? Бұл күнде әлемнің 46 елінде қазақтар ұйымы жұмыс істесе, соның бірі – Ресейдегі бауырларымыз. Бірақ, бірі дегенде орыс жерінде тек жалғыз ғана емес, орталық қалаларын былай қойғанда Қазақстанға іргелес қанша облыс, шаһар болса, сонша ұйым бар. Мәселен, осы күні 300 мың халқы бар Қалмақ Республикасында алты мыңға жуық қазақтар тұрады. Әуелден шекіссе де, тебіспей, араздасып, сөгіспей ауылы аралас, қойы қоралас тұрып жатқан, қалмақ жеріне қазақтардың түйе шөгеріп, қоныс тепкені өткен ғасырдың отызыншы жылдары болса, қырықтың ортасындағы депортацияда біраз жұрт ошарыла көшті. Солардың кейбірі әлі де тұрып жатыр. Біз қалмақ даласына бет бұрғанда «ондағы ағайындар қалай тұрып жатыр, ежелгі салт-дәстүрді ұстауы қалай, жүректерінде ұлттық намыстың шоғы бар ма?» деген сұрақтар көкейде тұрды.

13 бет

Біз жуырда қалмақтардың жаңа жылы мейрамында Элистаға бардық. Мұнда қазақтардың «Жерлестер» мәдениет орталығының төрағасы Қатимолла Ыдырысов қарсы алып, өз жайларынан сөз қозғады. Қандастарымыз негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қол еңбегімен күн көретіндер қатары көп. Кейінгі 15-20 жылда қала тірлігіне бет бұрғандар саны артып келеді екен.

Бұдан әрі қала орталығындағы батырлар аллеясына бардық. Ондағы отызға тарта орда бұзған қаһармандар тақтасында үшінші боп тұрған Кеңес Одағының  Батыры, түркістандық отандасымыз Қарсыбай Сыпатаевтың (1918-1942) барельефі бізді еріксіз елең еткізді. Ол Ставрополь, одан қалмақ даласын көктей өріп, Астраханға бет бұрғандар құрамында 41 танкісі бар жау жасағын тоқтатқан нағыз ноян екен. Нәсілдесіміз он үшінші атты-артиллерия корпусы құрамында «Красный герой» колхозы аумағындағы ұрыста дұшпандардың бір взводқа жуық жаяу әскерін және 36 танкісімен жеке-дара айқасқа түседі. Ол ақырғы минасын қолына ұстап, танктың астына құлайды. Танк өте алмайды. Міне, қандастарының осындай ерлігін ескерген қалмақ даласының қазақтары жергілікті билік орындарына талай барып, батырлар аллеясында оның барельефінің орын алуына негіз болыпты.

Құрамында біз және Қазақстан халқы ассамблеясына қатысты Атырау облысы әкімі «Қоғамдық келісім» мекемесі мен «Елсана» руханият клубы мүшелері бар топ Элиста қаласындағы қариялар үйінде болып, асыраушысы жоқ кембағал жандармен кездестік. Мұнда кездесуге еліміздің түрлі республикаларында еңбек етіп, қоғамның дамуына үлес қосқан, қазірде есейіп, қорғансыз қалған 145 жалғызбасты қария тұрады екен. Олар өз өмірлерінен сыр шертті. Біз болсақ, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан, Мәңгілік ел мұраттарын әңгімеледік. «Елсана» клубы мүшелері Бақытбек Сәрсенов, Айбек Қабыланбеков, Берік Амантаевтар бірінен соң бірі халқымыздың дәстүрлі әндерін шырқады.

13 бет2

Қариялардың ішінде Қазақстанда туған, болмаса сонда еңбек етіп, тағдыр айдап, Элистада қалып қойған қариялар да бар екен. Шағын ғана концертіміз аяқталғанда біздің жанымызға бетінде мұң, көзінде шаршағандықтың белгісі бар қарт келді. Қазақша сәлемдесті. Біз де аман-сау алыстық.

– Қазақсың ба?

– Қазақпын.

Аты Захар екен.

– Интернатта сенен басқа қазақ бар ма?

– Жоқ! Мен жалғызбын.

– Тәуба! Тәуба! Оған да шүкір.

– Сен мұнда неғып жүрсің?

– Тағдыр ғой…

Ертесіне Элистадағы республикалық музейде Атырау облысының тарихи-өлкетану музейінің «Ұлттық  қолданбалы өнер – ұлт қазынасы» деген тақырыптағы көшпелі этнографиялық көрмесі өтті. Онда Қалмақ Республикасының Мәдениет және туризм министрі Х.Б.Эльбинов, Қалмақ университетінің проректоры, ауыл шаруашылығы  ғылымдарының докторы А.К.Натыров, Элистадағы қазақтардың «Жерлестер» мәдени орталығының төрағасы Қ.Ыдырысов, Атырау тарихи-өлкетану музейінің директоры Р.Харипова, Атыраудағы «Елсана» руханият клубының басшысы Н.Ермұқановтар сөйлеп, Атырау облысы мен Қалмақ Республикасы арасындағы мәдени-рухани байланыс, бауырластық пен достықты нығайтудағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгіме болды.

Тағы да көзімізге тоқсанды толтырып қалған кейуана түсті. Арбаға таңулы екен, жанарында жас тұр.

– Апа, қайдан келдіңіз? – дейміз.

– Яшкөлден, ол осыдан біраз жер. «Көрме болады. Көненің бұйымдары ілінеді. Өнерпаздар ән салады» дегенді естіп, «Өлсем, соларды көріп өлейін» деп әдейі келдім. Рахмет, балаларым. Бұндайларды ұмытқалы қай заман. Өткен күндерім еске түсіп, жасарып қалдым. Қалмақ жерінде қазақ мектебі, мешіт деген жоқ. Газет те шықпайды. Қайран ел, айналайын атажұрт. Дәл қазір соншалықты аңсап, сағынып отырмын, – деді ол.

Сөйтсе, Ақлима апай тумысы жағынан атыраулық екен. Тағдыр айдап, соғыс жылдарында Астрахан облысының колхоз құрылысында қолдап еңбек етіпті. «Ол кезде облыс халқының 5 пайызы қазақтар еді. Бірақ, соғысқа 35 мың қандасымыз алынды. Соның бірі менің ағам-ды. Ол майдан даласынан оралмады» дейді кейуана.

Соңынан көрмеге келген жұрт атыраулық музей қызметкерлері апарған этнографиялық экспозицияның 100-ге жуық жәдігерін тамашалады. Бәрі де қызыға қарайды. Кейуаналар көзіне жас алады. Байқасақ, әр жағында мұң, жазылмайтын шер бар сияқты.

Біз тысқа беттегенде 8-9 жастағы бір топ мектеп оқушысы келді. Экскурсовод оларды арнаулы орындыққа отырғызып қойып, қалмақ ныспысындағы әр отбасының ұйқыдан оянуынан бастап, жуынып-шайынуы, дастархан басына келуі, дәм татар алдындағы дұға, тамақ ішіп болғаннан кейінгі бата, ұлттық дәстүр  жайлы қысқа да нұсқа әңгімеледі. Сондай-ақ, дастархан басындағы әке мен ана, әже, атаның орны жайлы, оларды тыңдау, құрмет белгісі төңірегінде сөз етті.

Міне, осы жерге келгенде біз де ойландық. Музей – қашан да тәрбие орны. Біз бұдан бұрын қала орталығындағы діни ғибадатханада болғанбыз. Аса ірі және будда дінінің ұлттық нақышында тұрғызылған бұл құдай үйінде де пұтқа табыну құндылықтарын дәріптеген көптеген игі іс бар екен. Енді, міне, музейдегі әңгіме бізді рухани жаңа бір биіктерге жетелегендей болды. Өсем деген елге өркениет қырлары көп. Оларды көре білу де, үйрену де керек-ақ.

Жолшыбай Астраханның Алтынжарында Құрманғазы мәдени орталығында болып, әуелі күй атасына зиярат еттік. Одан әрі күйші мұражайын тамашаладық. Орталық Атырау облысы әкімдігінің демеушілігімен биыл да күрделі жөндеуден өтіпті. Біз алғашқы қонағы екенбіз. «Ағайыншылығына селкеу түспей, бірлігі мен тірлігі қатар дамыған екі өңірдің өркені өсе бергей» деген тілекпен елге бет түзедік.

 

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау облыстық филиалының басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз