CУРЕТШІ ҚУАНДЫҚ МӘДІРОВ: «СУРЕТ САЛҒАННАН ЛӘЗЗАТ АЛАМЫН»

Жуырда суретші, сазгер, Қазақстан Республикасы Суретшілер және Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Қуандық Мәдіровтің 50 жасқа толу мерейтойына орай, облыстық Шаймардан Сариев атындағы өнер музейінде «Талбесік» атты суретшінің жеке көрмесі болып өтті.

Алдымен сөз алған облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев көрменің тұсауын кесіп, мерейгерді құттықтады. Ал, белгілі композитор, суретші Илья Жақанов автордың портреттік туындылары туралы ойларын ортаға салды.

1965 жылы Махамбет ауданы Забурын селолық кеңесінде туған Қуандық Насихатұлы 1983 жылы Құрманғазы ауданы Жұмекен ауылындағы Еңбекші орта мектебін бітіріп шығады. Қазақстан Суретшілер және Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, педагог, өнертанушы ретінде еңбекке араласады. Осыған дейінгі автор қолынан жарық көрген барлық туындыларды санамалайтын болсақ, 500-ге жуықтап қалады.

1988 жылдан бері шығармашылықпен тұрақты түрде айналысып келеді. Батыс Қазақстандағы сарапшылар тарапынан еңбегі жоғары бағаланды. Көптеген графика, кескіндеме туындылары алыс, жақын шетелдерде жеке коллекцияларда сақтаулы. Ол «Өнер» қоғамдық қорының президенті болып табылады. Автор портрет жанрында көп еңбектенген. Ондай туындылардың ішінде Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те бейнеленген.

– Бір суретті салу үшін кем дегенде бір ай, көп дегенде бір жыл уақыт керек. Бала кезімнен бейнелеу өнерін ұнатамын. Жас кезде ғарышкер болуды армандап, авиациялық институтқа да түскім келді. Кейін әкемнің «жерде жүріп те өлуге болмай ма?» деген бір ауыз сөзінен кейін райымнан қайтып, өнерге бет бұрдым. Портрет жанрында кез келген адамды сала бермеймін. Олардың әрқайсысы қоғамнан ойып тұрып орын алған. Атап айтсам, Әнұранымыздың авторы Жұмекен Нәжімеденов, аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов, ақиық ақын Ақұштап Бақтыгереева және тағы да басқаларды бейнеледім. Актер өзінің кейіпкерін қалай сомдаса, мен де дәл солай, кейіпкеріммен тікелей тілдесіп, жан-жақты танысып аламын. Ол мүмкін болмаған жағдайда, артында қалған мұрасын зерттеп, оны білгендерден, көзін көргендерден естеліктер тыңдаймын. Осыдан кейін ғана жұмысқа кірісемін. Қазір Илья Жақанов ағамыздың портретін салумен айналысудамын. Бұл кісінің қыры өте көп. Соның барлығын қамту үшін қыруар уақыт қажет, – дейді автор.

Қуандық, тек суретші, ұстаз ғана емес, тамаша сазгер де. Әр жылдары жазған әндері мен сурет туындылары, ғылыми-әдістемелік және танымдық мақалалары республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Ал, Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония әншілері автордың ән-романстарын орындап жүр. Біразы Батыс Қазақстан облыстық радиосының алтын қорында сақтаулы. Сондай-ақ, ол батыс аймақтық суретшілер одағына да төрағалық етеді.

Бұдан бөлек, ол «Талбесік», «Жыр-Жайық» кітаптарының, «Батыс Қазақстанның суреттері» атты альбом жинағының, «Сурет салудың негізгі заңдылықтары мен ережелері» және «Натюрморт салу жолдары» атты әдістемелік құралдардың авторы. Суретшіден «Шеберлігіңіздің сыры неде?» деп сұрағанымызда, «Суретті сату үшін емес, ләззат алу үшін саламын, өнерден бизнес жасамаймын, бар сиқырым – осында» деген жауабын алдық. Келемін деушілерге 23 қарашаға дейін көрме есігі ашық екендігін қаперлейміз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген автор.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз