Болашақтың инвестициясы

Bolasha tyi investitsiyasyi Қоғам

Мемлекет басшысының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген алғашқы 18 оқулық қалың оқырманға, студент жастарға жолдама алды. Гуманитарлық ғылымдардың іргелі бағыттары болып табылатын философия, философия тарихы, тарих, мәдениеттану, психология, экономика, тіл білімі (этика), социология бойынша әлемнің ең үздік оқулықтары біздің жастарымыздың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге, әлемдік білім кеңістігіне сай білім алуына жол ашады.

Болашақтың инвестициясы

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасымен жарық көрген алғашқы оқулықтардың 4-еуі философия, 2-еуі социология, 3-еуі психология саласынан, қалғандары филология, тарих, экономика, журналистика, кәсіпкерлік, менеджмент бойынша. Олардың арасында Дүниежүзілік Давос экономикалық форумының президенті Клаус Швабтың «Төртінші индустриалдық революция» атты еңбегі де бар. Бұл – қазіргі адамзаттың ақыл-ойының негізінде пайда болған әлемдегі технологиялық өзгерістерді баяндайтын кітап. Аталған еңбекті әлемдік көшбасшы білім ордалары Stanford, Princeton, Columbia, басқа да университет студенттері оқиды. Давос форумының негізін қалаушы және тұрақты президенті Клаус Шваб жасанды интеллект, роботтандыру, нано-биотехнологиялардың алапат жетістіктерін алдын-ала болжап, технологиялық дүмпуді адамзат игілігіне жаратудың жолдарын қарастырады.

Қазіргі таңда болашақ мамандықтары деген пайда болды. Біздің күнделікті естіп, көріп жүрген мамандықтарымыз жойылып кетуі ғажап емес. К.Шваб ақылды қалалар, интернет, роботтар секілді жасанды интеллект қолданылатын салаларды талдап, алдағы 20 жылға болжау жасайды. Оның айтуынша, адам атқаратын жұмыстарды роботтардың алмастыруына байланысты мамандықтар, яғни, адамның кәсібі өзгеріске түседі. Сондықтан, біз балаларымызға білім беруде технологиялық өзгерістерді, кәсіби бағдарды ескеруіміз керек. Жалпы айтқанда, болашақ технологиясы адамның келешек өмір тұрмысын жайлы етуге қызмет етеді. Болашаққа бүгіннен дайындалғымыз келсе, заман көшінен қалмай, замана ағымымен үндес боламыз десек, Клаус Швабтың кітабын оқу қажеттілік деп санаймын. Орысша аудармасы болса да бұл кітап қазақ тіліне ағылшын түпнұсқасынан аударылған. Сондықтан, қазақ оқырмандарына, ұлттық менталитетімізге лайықты сапалы жазылған, оның үстіне «Менің болашағым қалай болады? Менің қазіргі мамандығым, кәсібімнің тағдыры ше?» деген көкейдегі сауалдарға жауап іздеген адам мұндай оқулықтарды оқиды.

Көпшілікке ұсынылған кітаптардың ішінде француз философы Реми Хесс авторлығымен күні бүгінге дейін әлемнің 12 тіліне аударылған «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атақты Платоннан бастап XX ғасырдағы А.Бергсон, М.Хайдеггер секілді философтар шығармаларына талдау және түсіндірмелер береді. Қай заманда болсын философиялық ой-сана гуманитарлық ілімнің көш басында жүрді. Дүниені түсінуге ұмтылған даналардың бәрі де философияға келеді. Қазақстандық қоғамның азаматтарының ізгілікті жан-дүниесін қалыптастыру осындай мағыналы кітаптардан сусындайды.

Бұл кітаптармен қатар, біз оқу орнымызда қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, Абай хакімнің асыл сөздерін де шәкірттер тәрбиелеуде пайдаланамыз. Әлемдік және ұлттық қазынаны бір арнаға тоғыстырып, жастарымызды бәсекеге қабілетті, жан-жақты сапалы маман ретінде дайындауға қызмет етеміз. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде биылғы оқу жылынан бастап «ASU Innovations» инновациялар және коммерцияландыру және «Ispace» бизнес-инкубатор орталықтары құрылып, тиімді жұмыс жасап келеді.

«100 оқулық» жобасы аясында кәсіпкерлікті дамытуға қажетті кітаптар да бар. «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» оқулығының авторы – Халықаралық кәсіпкерлік білім беру ұйымының жетекшісі Дональд Куратко. Оқулықта XXI ғасырдағы экономикалық дамудың локомотиві болып отырған кәсіпкерліктің теориялық негіздері мен практикалық мәселелері талданады. Кәсіпкерліктің бастаулары, идеясы, жоспары, қалыптасуы, дамуы сияқты сатылары жүйелі сөз болған. Идеядан туындайтын кәсіпкерлік ойды кәсіпке, пайда көзіне айналдыра білу үлкен шеберлікті, білімді қажет етеді. Бизнесті ойластырған кез келген адамға осындай танымал авторлардың кітаптарын қазақ тілінде оқу мүмкіндігі болашаққа құйылған маңызды инвестиция болып отыр.

«Заманымыз – мәдениет заманы. Мәдениетіміздің негізі – білім» деп ойшыл Халел Досмұхамедұлы айтқандай, білімге апарар даңғылдың бірі – кітап. Әлемнің үздік кітаптарын қазақ баласына ана тілінде оқуға мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық келешекті қолдау екені даусыз. Адамның рухани қазынасы, интеллектуалдық деңгейінің өлшемі болған кітаптар практикалық тұрғыдан да пайдалы. Алдағы оқу жылында оқу үдерісінде міндетті түрде бұл кітаптар ғылыми кітапханалар арқылы студенттер қолына тиеді.

Абзал  ТАЛТЕНОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің ректоры,

химия  ғылымдарының докторы, профессор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз