БӨКЕЙ ЕЛІНДЕГІ БІР КҮН

Елбасы қойған тапсырмалардың бірі – өңіраралық байланыстарды жандандырып, іскерлік қарым-қатынастар аясында еңбек қоғамын қалыптастыру, сол арқылы еліміздің экономикасын одан әрі дамыту болатын. Осыған орай жақында Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Бөкей ордасы және Исатай мен Индер аудандары болып ауданаралық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ондағы мақсат – шекаралас жатқан аудандармен ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім, медицина және кәсіпкерлік салалары бойынша тәжірибе алмасу, табиғи  апаттардың алдын алу,  аудандардың ортақ  проблемалық мәселелерін бірлесіп шешу. 

 

Шаруашылығы шалқыған  аудан

Қазақ хандығының  550 жылдығы аясындағы бұл сапарда ХІХ ғасырда мәдениет пен өнер, білім мен сауда-саттық дамыған орталық – ішкі қазақ немесе Бөкей ордасының тарихымен танысып, үлкен әсер алдық.     

Жаңақала ауданы – Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде орналасқан аудан. Батысында Бөкей ордасы, солтүстігінде Казталов, шығысында Ақжайық ауданы, оңтүстігінде Атырау облысының Индер, Исатай, Құрманғазы аудандарымен шектеседі. Аудан 1930 жылы құрылған, ауданның аумағы 20,8 мың шаршы км. болса, халық саны 23,9 мың адамнан асады.

Ауданның әлеуметтік мәселелері де шешімін тауып, 1972 жылдан табиғи  газ беріле бастаса, ауылдар ауыз сумен қамтылып, Чапаев-Жаңақала тас жолы жөндеуден өткен. Ерекше айта кететіні «Капустин Яр», «Азғыр» әскери полигондарынан зардап шеккендердің денсаулығын жақсарту мақсатында аудан орталығынан 100 орындық сауықтыру орталығы ашылып, халыққа қызмет етіп тұр. Жаңадан 250 орындық емхана салынса, өзге де білім, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктерді санамалай беруге әбден болады. 

Ескерткіштер өте көп

Ресми кездесуден соң аудан орталығындағы ескерткіштер және жаңа нысандармен  танысу жалғасты. Алдымен, Д.Нұрпейісова атындағы мұражайға барып, көне тарихпен таныстық. 

Жаңақала өңірінің ежелгі тарихы және этнографиясына арналған залдың экспозициясына 1871 жылы сауда орталығы ретінде салынған Жаңа Қазан елді мекенінің алғашқы құрылыстары көрсетілген фотосуреттер  қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін баяндайтын заттай жәдігерлер сақталған. Мәдениет үйінің алдында Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Мәмен Ерғалиев, Шамғон Қажығалиев, Тұяқберді Шәмелов сынды аттары алты алашқа мәшһүр домбыраның құлағында ойнайтын құлагерлерлерге арналып ескерткіш-бюсті орнатылған. Бәрінің авторы Оралда тұратын мүсінші Шамсутдинов деген татар азаматы екен.

Бір қызығы, біздің өңір озаттары секілді мұнда да 4 Кеңес Одағының Батыры және 16 Социалистік Еңбек Ері бар екен. Аудан орталығындағы 8 саябақтың өз мәні бар. Айталық, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған саябақ және «Даңқ» аллеясы, Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер жұлдыздарына арналыпты. «Ерлік ешқашан ұмытылмайды!» атты боздақтарға арналған және «Ана – бейбітшілік» монументіне де тағзым еттік.

Ал, Бөкей сұлтанның Жайықтың Самар бетіне көшін бейнелейтін композиция да бір көше қиылысында қиюын тапса, Исатай мен Махамбет рухына арналған «Тастөбе шайқасы» ескерткішінің шыңында ұлыған бөрі бейнесі бөрітекті ұрпақты  ерлікке үндегендей. Мұнда гранитке Махамбет өлеңдері және жорыққа қатысқан әр ру батырларының есімдері жазылған. 

Жәңгір ханға тағзым

Бабалар жатқан киелі өңірдегі  хан Жәңгірдің кесенесіне арнайы дұға бағыштадық. Содан соң Дәулеткерей Шығайұлы мен этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері алдына тізе бүгіп,  тағзым еттік.     

Жергілікті азаматтардың таныстыруы бойынша Жәңгір хан кесенесі Орда ауылының солтүстік батыс бетіндегі хан қорымында орналасқан. Кесенені 1997 жылы Маңғыстау облысынан алдырылған ақ тастан, биік күмбезді етіп, авторы әрі салушы сәулетші Көпбол Демесінов тұрғызған екен.

Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлы 1845 жылы 11 тамызда Тарғын (қазіргі РФ Волгоград облысы, Палласовка ауданы, Савинка селосы) өзенінің жанындағы жазғы Ставкасында дүние салған. 1849 жылы артында қалған өтініші негізінде осы араға қайта әкелініп жерленген. Алғашында оның басында ағаштан қиып салынған кесенесі болған. Бірақ, 1933 жылдары жергілікті кеңес қызметкерлері оны бұзып алып, шаруашылық қажеттілігіне пайдаланған.

1997 жылы жергілікті халықтың өтініші мен облыс басшыларының қолдауы негізінде Жәңгір ханның басына жаңа кесене тұрғызылып, оны Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі арнайы келіп ашқан. Жәңгір хан кесенесі жанында белгілі күйші Дәулеткерей Шығайұлы мен этнограф-ғалым Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері орналасқан. 

Хан  ордасындағы кездесу

Орда ауылдық округінің орталығы Хан ордасында жергілікті халық өкілдерімен кездесу өтті.

 Хан ордасынан сәуірден желтоқсан айына дейін турист арылмайды екен. Мысалы, Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін көруге 2013 жы­лы 13510 турист келсе, былтыр атал­мыш кешенге 14720 турист, биылғы жылдың алғашқы алты айының өзінде 6900 турист келіпті. Мұның өзі ауылда қо­ғам­дық тамақтану, тұрмыстық қыз­мет көрсету және қонақ үй биз­несінің қанат жаюына жол ашуда екен. 

Талайлар тамсанған тарихи кешен

Өз еліміз түгілі жапондық ғалымдарға дейін тамсанып кеткен Хан ордасына кірудің өз тәртібі, тазалығы бар. Ғимарат ішінде суретке түсуге, жәдігерлерді ұстап қарауға рұқсат жоқ. Тек таныстырушының сөзін ұйып тыңдап, көз жүгірте жүруің қажет. Бөкей ордасы тарихи-музейлік кешені Орда ауылының Жәңгір хан көшесінде орналасып, кешен ХІХ ғасырда салынған деседі. Мұнда Хан Сарайы, 1867 жылы ашылған Қазынашылық, 1868 жылы ашылған Тарғын учаскелік мектебі, 1883 жылы ашылған қыздар мектебі сынды тарихи-архитектуралық ғимараттарынан және 1835 жылы салынған хан мешітінің негізінде қалпына келтірілген мешіт ғимаратынан құралған. Кейін 1962 жылы Орда тарихи-революциялық музейі қоғамдық негізде болып құрылса, 1967 жылы мемлекет қарамағына алынып, алғашқы директоры болып  А.Ю.Тажетдинов қызмет атқарған. Ал, 1997 жылы Бөкей ордасы тарихи музейі болып өзгерген. Мұнда 12 экспозиция залы болса,  1997 жылдары жаңартылып, қайта жасақталып, 2001 жылдан бастап Бөкей ордасы тарихи кешені болып атауы өзгерген.

Қазынашылық ғимаратында негізінен Бөкей ордасының 200 жылдық тарихы бейнеленсе, Хан мешіті ғимараты Тәуелсіздік тарихына, Хан Сарайы ғимараты Хан Жәңгірдің жеке өмірі мен қызметіне және қару-жарақ палатасы тарихына арналған. Мұнда ханның жұмыс, қонақ қабылдау бөлмесі және жалпы жәдігерлер бөлмесі жақсы жасалған. Білім беру музейі жасақталған ғимарат 1882 жылы қыздар училищесі болыпты. Ал, жалпы мектеп 1841 жылы ашылып, алғаш 9 шәкірт 2 кластық білім алып шыққан. Ал, тұңғыш қазақ кеңес баспаханасында «Жаңа жол» газетінің шығу тарихы, онда жұмыс жасағандар, қолданылған құрал-жабдықтар, т.с.с. жәдігерлер қойылған. Бір қызығы, осы кешен директоры биыл үйін жөндегенде ағаш үй қабырғасына жасырылған газеттің 1930 жылы, 8 қазан, сәрсенбіде татарша-араб тілімен шыққан  №9 саны табылыпты. Сол кезде 5000 таралыммен шығады екен. 

Ордаға келетін қонақтар көп болған соң әрі туризм орталығын қалыптастыру мақсатында облыс әкімі болған кезінде  Б.Ізмұхамбетов  осы жерден заман талабына сай демалыс кешенін салып беріпті. Міне, осы орталықта алған әсерімізбен бөлісіп, тынығып алған соң ертесіне алғашқы қадамымызды мешітке, одан әрі жаңа салынған «Қыз Жібек» атты тойханаға арнадық. Мұнда аталған кинофильмдерінің портреттері ілініпті.  Бұл 150 кісіге арналған мешіт пен 400 кісілік тойхананы «Рауан» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Мұхамбетшин деген Орданың белсенді азаматы салыпты. Төрт түліктің де асылын ұстайтын азамат қонақтарды құшақ жая қарсы алып, дәм ұсынды.

Тағы бір көрікті жері 350 орындық сәулеті келіскен мәдениет үйінің оң жағында Сейтектің, сол жағында Мәншүк Мәметованың ескерткіші қойылған. Осы мәдениет үйінің алдында Кеңес үкіметін орнатуға қатысқандардың аты-жөндері мәрмәрға  жазылып ескерткіш қойылса, Батыр Бисен Жәнекешовке барельеф орнатылған. Ұлы Отан соғысында оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш-стелла да осы маңнан орын тапқан.  Одан әрі ханның қырым қарағайы, қайың аралас өсірілген тоғайын тамашалап, елге қарай қозғалып кеттік.

Жанай  АМАНТУРЛИН,

Индер-Ақжайық-Жаңақала-Бөкей ордасы-Индер.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз