БІРДЕ-БІР ШАРАДАН ШЕТ ҚАЛМАЙМЫЗ

Көктоғай ауылдық округі ардагерлер ұйымының құрамында негізінен осы ауыл бойынша бұрынғы «Путь Ильича» кеңшары, аурухана, балалар бақшасы, байланыс, пошта, тұтынушылар қоғамы, тағы басқа ұйымдардың мүшелерінен зейнеткерлікке шыққан 201 адам есепте тұрады. Оның біреуі – соғыс ардагері, елу үші – тыл ардагері, отыз тоғызы – көп балалы ана.

 

Ауылдағы негізгі жұмыс көзі – ауыл шаруашылығы саласы болғандықтан, тұрғындар шаруа қожалықтарын құрып, мал бағып, егін егуді мақсат еткен. Заман ағымына қарай зейнеткерлікке шықса да әлі еңбек етіп, өз кәсіптерін жалғастырып жүргендер де баршылық. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында Ғ.Нұғыман, А.Қамаш, М.Егінбай, М.Айманакумов, сауда саласында И.Айсина, Ш.Тлеуова, З.Құлшықова сияқты ардагерлеріміз бар.

Ауылда үнемі көңіл бөліп, округ әкімдігімен бірлескен жұмысымыздың бірі – отбасы бірлігі мен жастарға патриоттық тәрбие беру жайы. Осыған орай ұлттық салт-дәстүр, үлкендерді сыйлау, әдет-ғұрыптарды сақтау алғы кезекке шықты. Өмірде көпті көрген, бойында білімі мен тәжірибесі мол ақсақалдарымызға әкімдік тарапынан істің әділін анықтауды, болған дау-жанжалды дұрыс шешуді, бірлі-жарым заң бұзғандарды тезге салуды тапсырады, одан да оң нәтиже шығып жүр.

Ардагерлеріміз Халықаралық қарттар күнін ұйымшылдықпен атап өтуді дағдыға айналдырды. Соңғы жылдары олардың Сарайшық тарихи-өлкетану мұражайына, М.Мөңкеұлы, Махамбет, Малайсары мазарларының басына барып, сол жерлердің тарихымен танысып, мағлұмат алуларына мүмкіндіктер жасалды.

 Ардагер өнерпаздарымыз Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында өткен «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты фестивальда аудан бойынша І орынды жеңіп алды. Бүгінде  ауылда әжелер ансамблі және бишілер тобы жұмыс жасайды. Ара-тұра ардагерлердің қатынасымен спорттық шаралар да өтіп тұрады.

Ауылымыздағы Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев атындағы орта мектептегі Батыр атындағы әскери-даңқ мұражайымен бірлесіп жоспарлы жұмыс жүргізудеміз. Боран ағаның ерлік жасаған күні – 6 ақпанда жылма-жыл дәстүрлі шаралар (кездесулер, спорт жарыстары, ерлік сабағы) өткізіліп жүр. Боран ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, оның рухына тағзым етіледі.

Өткен жылы округ әкімінің қолдауымен әкімшілік кеңсесінен ардагерлерге арнайы бөлме бөлініп, толық жөндеуден өткізілді, қажетті жиһаздармен жабдықталды. Фото-стенділер жасақталды. Онда ауылымыздан шыққан Кеңес Одағының Батыры Б.Нысанбаевтың, төрт Социалистік Еңбек Ерінің, бірнеше Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Еңбек Даңқы» ордендері иегерлерінің суреттері ілінген.

Біз округ әкімдігімен тығыз қарым-қатынастағы жұмыстарымызды болашақта да жалғастыра бермекпіз.

Әзен ӨТЕУ,

Көктоғай ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы.

Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз