«Бір сөздің тасасында асылым бар…»

Ekinshi oryin iegeri batyis aza standyi D ulet uanyishbay lyi Мәдениет

Атырау облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасының Гимні авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты   Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті.

Екінші орын иегері – батысқазақстандық Дәулет Қуанышбайұлы

Конкурстың мақсаты – Жұмекен Нәжімеденовтің әдеби мұрасын халық, әсіресе, жастар арасында насихаттау, оның шығармашылығы арқылы адамгершілікке, ұлттық рухқа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Көркемсөз оқу шеберлерінің додасының тапсырмалары – бір поэзиялық және бір прозалық шығармадан үзінді оқу. Шарттары – мәтінді оқу уақыты бес минут, дайын фонограммадан оқымау, үміткерлердің Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиялық және прозалық шығармаларының бірнеше мәтінін жатқа білуі. Сайысқа Қазақстанның 15 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 17 сайыскер үміттерін үкілеп келген екен.

Байқауға жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Мереке Құлкенов төрағалық етті. Жазушы, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Қуаныш Жиенбай, жазушы, ғалым Бекен Ыбырайымов, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ақын Серік Әбіл қазылар алқасының құрамында екі күнге созылған өнер додасына төрелік айтты.

Өнер жарысына келген үміткерлер мен қатысушылар Нұрсая ықшамауданындағы Жұмекен Нәжімеденов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

– Шындық деген көк аспандай тым биік,

мұхит сынды әрі терең тұңғиық.

Жан сендіріп жаңсақ жайлар, қате аңыз

біз де содан қателесіп жатамыз.

Шыңды, рас, мойындадық биік деп

суды, рас, мойындадық сұйық деп

Көрген шақта шын қасірет-қайғыны аяғаннан жүрегіміз айныды, – деген екен Жұмекен бір өлеңінде. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 17 талапкер «жұмбақ ақын, философ ақын» атанған Жұмекен Нәжімеденовтің шығармаларын оқып, ондағы теңіздей тереңдікті, Алатаудай асқақтықты, даладай кеңдікті, аспандай шексіздікті ұғынғанына разы болдық.

– Биыл үшінші жыл өткізіліп отырған Қазақстан Гимні авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың көрнекті ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына қазақ даласының түкпір-түкпірінен жиналған жастарға алғыс айтамын. Исатай мен Махамбет тұлпарларының тұяқтары дүбірлеткен, Құрманғазы мен Дина күйлерінің үні үзілмеген Атырау жері – киелі өлке. Қадамдарыңыз құтты болсын! Баршаңызға да сәттілік тілеймін, – деді байқау шымылдығын ашқан Атырау облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Әсия Қыстаубаева.

– Жұмекеннің жары Нәсіп Мұстахова апайымыз «Жұмекен – құдірет» деген кітап шығарған болатын. Шындығында, ол кісі ғана емес, бүкіл қазақ Жұмекенді құдірет деп біледі. Оның шығармаларындағы кез келгеннің түсінуге өресі жете бермейтін тұңғиық тереңдік пен тылсымға толы философиялық тұжырым қазақ әдебиетінің мәңгілік мұрасы болып қала бермек. Ал, осы жұмбақтықты, тереңдікті түсіну үшін жүрек керек. Оқыған жанның да талантты болуын талап етеді Жұмекен өлеңдері. Бүгінгі Жұмекен оқуларына қатысқан 17 үміткерде сондай сезімтал жүрек, талант бар екені даусыз. Мен соған қуанып тұрмын, – деді қазылар алқасының төрағасы Мереке Құлкенов.

Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің сайысында бас жүлдені қарағандылық Айсұлу Нұртай қанжығасына байлады. Бірінші орынды Атыраулық Жаңылсын Өтешова жеңіп алды. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Атырау облысы әкімінің атынан дипломдар, қатысушыларға Алғыс хаттар, ақшалай және арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Жұмабай  ШАШТАЙҰЛЫжазушықазылар алқасының мүшесі:

Жұмекеннің жұмбақ әлемі

Бүгін екінші күн Атырау өлкесінде дүбірлеп өнер мерекесі өтуде. Қазақстан Республикасының Гимні авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауына әділқазы ретінде төрелік етуімнің өзі – маған бұйырған бір жақсылық. «Ақ шағылында», «Кішкентайы» мен «Даңқ пен дақпыртында» елдің адамдарын, алақандай ауылдың тірлігін бүкіл ел тірлігімен сабақтастырып берген шеберлігі тәнті етеді. Өлеңдеріндегі ерекше сөз тіркестері оған ойлылықты, философияны үстейді. Жұмекенді түсіну, оған қол созу – жүректілік. Ақынын еске алған жұртты көріп, көңіліміз босады. Жұмекеннің жұмбақ әлеміне еніп, шығармаларын жаттап, көңілдеріне тоқыған бір топ өрімдей жастар сахнаға шыққанда қатты толқығаным рас. «Елдің елдігі» деп осыны айтса керек бабаларымыз. Осындай елі бар Жұмекен мұралары ешқашан ұмытылмайды, барған сайын биіктей түсері анық.

Жәмилә  ОТАРБАЕВАкөрермен:

Теңіздей терең жырлар

Жұмекен оқуларына жыл сайын көрермен ретінде қатысып жүрмін. Былтыр да жоғары деңгейде өтіп еді. Биылғы қатысушылардың талғамына, Жұмекен шығармаларын сараптап, таңдап алғандарына тәнті болдым. Өзім «Бақсы» әңгімесін оқыған астаналық Назарым деген қатысушыға разы болдым. Біздің облыстан қатысқан Нұртай Мәжит те керемет оқыды. Ол қалалық байқауда «Бір үзім нанды» ғажап шеберлікпен көрерменге жеткізіп еді. Бұл жолы да сонысынан танбады.

Бекен ЫБЫРАЙЫМОВжазушығалым:

Атыраукиелі  мекен

Атырау өлкесі – мұнайдың ғана емес, өнердің де астанасы. Жұмекен сынды ұлыларды дүниеге әкелген елді қалай атасаңыз да жарасатыны анық. Аэропорттан түскеннен алақанына салып, құрметтеген қонақжай жұртқа ризашылығымыз да шексіз. Жұмекеннің ескерткішін көріп, көңіліміз толды. Туған жердің төсінде қасқайып тұрған бейнесінен көңілімізге көп ойлар келіп, жүрегімізге шабыт толғандай болды. Ұйымдастырылып отырған Жұмекен оқулары дәстүрлі түрде өткізіліп келеді екен. Соған разы болдық. Қатысушы жастар Жұмекенді түсінген, ішіне кірген. Сол бізді қуантты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз