БІР БАЛЫҚ ҮШІН – БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Бекіре балығын заңсыз сақтағаны, тасымалдағаны үшін азамат Б.Нұқаевқа бір миллион теңгеге жуық айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

 

Белгілі болғандай, Атырау облысының ішкі істер департаменті балық қорына қолсұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері рейдтік жедел-профилактикалық шараларын өткізу кезінде Астрахан-Атырау тас жолының Аққыстау селосы тұсында Б.Нұқаевтың басқаруындағы «Фольксваген Пассат» маркалы автокөлігін тоқтатып, тексереді. Автокөлік салонынан бір дана бекіре балығы табылады. Көлік иесі еліміздің ҚК-нің 339-бабымен көзделген, яғни аулауға, тасымалдауға тиым салынған бекіре тұқымдас балығын сақтап, тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Б.Нұқаевтың өтінішімен Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 612 және 615 баптары басшылыққа алынып, сотталушы мен Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Қ.Өтеулиевтің арасында кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процессуалдық келісім жасалды.

Исатай аудандық сотының үкімімен Б.Нұқаев белгіленген заң бабымен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни  991 000 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

Айта кету керек, сот азаматқа қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, осы Кодекстің 46-бабының ережелері ескеріле отырып, бас бостандығынан айыруға ауыстырылатынын түсіндірді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз