Қазақ руханиятын жаңғыртудың жаңа дәуірі

aza ruhaniyatyin zha yirtudyi zha a d uiri Қоғам

Кең байтақ сайын дала төсінде қоныс теуіп, мекен еткен қазақ халқының тарихи тамыры тереңде жатыр. Саясаттың «салқыны», қала берді әр дәуірдің қилы-қилы кезеңдері ұлттық болмысымызды толықтай айқындауға кедергі болды. Ал, сол олқылықтың орнын толтырып, өткенімізді түгендеуге мүмкіндік беретін Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы тамырлас жұрттардың да ортақ игілігіне айналды. Демек, маңызды құжаттан туындайтын мәселелерді жүзеге асырудың жолдары қандай? Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауованың төрағалығымен өткен «дөңгелек үстелде» талқыланды.

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада ұйымдастырылған талқылау алаңына облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов, облыстық мемлекеттік архивтің басшысы Серік Қуаныш, «Атырау облысы «Ұлттық спорт түрлері» федерациясының президенті Өнербай Жанбала, ҚР Мәдениет қайраткері Абай Кенжеғалиев, облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Сая Ғазимова, жергілікті «Atyray» телеарнасының директоры Асқар Әшімов және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

????????????????????????????????????

Мыңжылдықтар тоғысы

Нұрсәуле САЙЛАУОВА:

­­–Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық болмысымыздың өзіндік ерекшелігін, құндылықтарын айқындағаны ақиқат. Өйткені, еркін өскен азат елдің ұрпақтары үшін атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металл өңдеу жұмыстары, адам мен табиғат байланысын бейнелейтін аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемі – Отырар, Түркістан қалалары, экономикалық дамудың Ұлы Жібек жолы, алма мен қызғалдақтың Отаны болып саналатын Ұлы даланың жеті қырын танып білу ерекше маңызды.

Тарихтың берер тағылымы мол. Оған дәлел – өңірдегі Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти қалашықтары, Жылыой жерінен табылған Алтын адам, Қызылқоға жеріндегі сарматтар дәуірінің бұйымдары, Индер ауданындағы «Теректі» қабірінен табылған ХІ ғасырға жататын  салмағы 30 келі темір сауыт және тағы да басқа құнды жәдігерлер.

Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ халқының тарихын тұтас қалпында зерделеу, ғылыми тұрғыдан терең зерттеу қажеттігін атап айтты. Тарих қойнауына терең үңіліп, ауқымды зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық  бағдарламасын ұсынды. Атақты тарихи тұлғалардың жетістіктерін насихаттау, жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында ашық аспан астында ескерткіш, мүсіндер орнатуды тапсырды. Мақаланың әр бөлімінде маңызды ой жатыр.

Ежелгі өнер мен технологиялар музейін ашу арқылы туризмді дамыту, сол кездегі озық технология үлгілерін дәріптеу жұмыстары біздің өңірде де ұйымдастырылуда. Ол әрі қарай да жалғасын табуы қажет. Халқымыздың мәдени өнері – ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері аңыз-қиссаларды, эпостық жырларды жинақтап, ұлттық аспаптарда орындалған нұсқасын шығару арқылы мыңжылдық музыкамыз бен өнерімізді дәріптеу жұмысы жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақ халқының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдер, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем фильмдердің арнайы циклдарын өндіріске енгізу қажеттігін атап өтті.

Әбілсейіт МҰҚТАР:

– Жақында «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы құрылды. Бүгінде оның штаттық құрамы кеңейді. Мәдени қорықтың жұмысын зерделеуге Қазақстандағы белді тарихшы, ғалымдар тартылуда. Мәселен, Сарайшықты таза архивтік деректік негізде жазған – семейлік Амантай Есин. Оны біз өзімізге жұмысқа тарттық. Өйткені, Сарайшыққа қатысты құжаттың барлығы Ресейдің көне актілер мұрағатында жатыр. Өз басым ХV-ХVІ ғасырлардағы материалдарды  алғаныммен, одан бұрынғы материалдармен танысу қиындық тудыруда.  Жалпы, Қазақстанда осындай құнды дүниелерді оқитындар саусақпен санарлық. Соның бірі – Амантай Есин.  Ол – сонау ғасырлардағы қазақ-ноғай қарым-қатынасын зерттеген ғалым.

Екіншісі – еліміздегі парсы тілін жетік меңгерген Нұрлан Алтыбаев есімді азамат. Ол Қасым хан туралы парсы деректеріндегі материалдарды зерттеуде. Оның зерттеулері негізінде Қасым хан туралы фильм түсірілгелі жатыр. Осы тұста Қасым хан фильмі біздің өлкеде, яғни, Сарайшықта түсірілгені абзал. Өйткені, Қасым ханның қазақ хандығын кеңейткені, Сарайшықты астана еткені баршамызға белгілі. Тарихи деректер Сарайшықтың 1470 жылдан бастап қазақтың астанасы болғанын айғақтайды. Қасым хан осы жерде  қазақ санын миллионға, әскерін жүз мыңға жеткізді, қазақ территориясын кеңейтті. Бұл – нақты дерек. Сондықтан, хан туралы фильмнің бір бөлігі болса да Сарайшықта түсірілсе, біз өзімізге керемет дүние жасап алатын едік. Бұдан кейін Сарайшыққа келетін шетелдік туристер саны да артатын  болады.

Елбасы өз мақаласында архивтік зерттеу мен зерделеу жұмыстарын арттыруды тапсырды. Осыған орай Ресейдегі Сарайшыққа қатысты ақпараттарды алуда архивтік жұмыстарды жүргізетін арнайы топ құрылса деймін. Оның құрамында кез келген адам емес, нақты өз ісінің білгірлері қамтылуы қажет. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы айтқандай, архивтік зерттеулер туристік қыдыруға ұласпаса екен. Ал, зерттеу жұмыстары бір-екі күн емес, айлап жүргізілуі қажет.

Мұрат ӨТЕШОВ:

–Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын былтырғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының тікелей жалғасы деп қарау керек. Өйткені, екеуі бір-бірімен үндесіп, сабақтасып жатыр.

Шындығын айтсақ, 70 жасқа келіп жатқан біздің ұрпақтың өзі кезінде ұлт тарихының, өркениетінің Ұлы даладан бастау алатынын толық ұғына алған жоқ. Оның  тұнып тұрған тарихы біз үшін жұмбақ болды. Ал, қазақ эпосындағы батырлар жырын ертегі деп қабылдайтынбыз. Сол Қобыланды, Қамбар, Төлеген, Алпамыс батырлар образдарының тарихта болғанын, олар мінген тұлпарлар дүбірінің, маңыраған қой-ешкінің, нар қоспақтардың, мөлдір бұлақ құдық суының, алтыбақан  тепкен  бозбалалар мен қыздардың, қатар тігілген ақ боз үйлердің, түтіні тіке шыққан ошақтың, ат байлайтын желінің, өрістен қайтқан малдың, сұлу табиғаттың өзі – тұнып тұрған қазақи тәрбиенің қайнар көзі. Батырлар мен жыраулардың болуы –шындық. Соның бәрі – біздің ғұмырымыз, өміріміз. Кезеңдерді ұмытуға болмайды. Біз көптеген тарихи оқиғаларды болмаған жағдай деп ойлайтынбыз.

Рухани жаңғыру –қазақты әлемге паш еткен құбылыс. Және ғұндар мен сақтар мұрагерлері екенімізді дүниежүзі мойындап отыр. Елбасы мақаласында ұлттық рухтың ерекше салтанат құруына, ұрпақтың қазіргі технологиялық, инновациялық жүйенің  дамуына, туған жердің тарихын білуге, құндылықтарын қастерлеуге, қазақтың өткеніне басқаша сипатта қарауға, болашаққа бағдар жасауды атап көрсетті. Тарихтың қай парағын ашсақ та бабалардың ізі жатыр.

Өкінішке қарай, кешегі алпауыт империялар кезінде қазақтан осы мәселені алшақтау ұстаған кездер болды. Ал, жылқыны алғаш  соғыс құралы ретінде пайдаланған – біздің бабаларымыз. Өкініштісі сол, кешегі тарихта қазақты көшіп жүрген, мекені, тұғыры жоқ ел ретінде көрсетті. «Тарихта болмады» деген сөздер айтылды. Бұл жайды өткенімізді бұрмалау, басқа жағынан қол салу деп бағалау қажет. Шын мәнінде, қазақтың тарихы – мыңғасырлық.

Бізде «ақырзаман» деген сөз бар. Мағынасына үңілсек, осыдан үш мың жыл бұрын солтүстіктегі алапат мұз оңтүстікке қарай етек жайғанда, мұны ақырзаман деп атаған. Түркі әлемінде немесе басқа ұлт пен этноста мұндай тіркес жоқ. Демек, сол кезеңдерде де біздің ұлт болған.

Жаңаша көзқарас керек

Тоқтамыс  ЖҰМАҒҰЛОВ:

– «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы біздің халқымызға  дер кезінде жарияланды. Мысалы, өзім Кеңес үкіметі кезінде тарих факультетінде оқып жүргенімде «Қазақстан тарихына» бір курс қана уақыт берілді. Мүмкін, сол кездегі саясат солай болған шығар. Бірақ, тарихымызға жаңаша көзқараспен қарайтын кез жетті.

Мемлекеттік қызметте де рухани жаңғыру аясында біз нақты жұмыстарды қолға алдық. Соның  негізінде  мемлекеттік қызметшілердің «Өзгерісті өзіңнен баста!» ауқымды жобасын іске асырдық. Мәселен, сыбайлас жемқорлық проблемасының өзін заңның  немесе күштік шаралардың көлемінде шешу мүмкін емес.

Жалпы, осы мақаланың жастарымызға тиімді тұстары көп деп айта аламын. Қазіргі кезде тәуелсіз мемлекеттің ғана емес, қазақ елінің тарихын зерделейтін уақыт келді. Мақсат – өзге ұлттың алдына шығу емес, біздің болашағымызға үлкен ықпал жасау. Осы орайда  жұмыла жұмыс істесек, алынбайтын қамал жоқ.

Асқар ӘШІМОВ:

– Мемлекет басшысы осынау мақаласында өркениет тарихының  үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклын өндіріске енгізу қажеттігін баса айтып, нақтылап берді. Бұл жұмысты атқаруда бізге сан түрлі сылтауды алға тартып немесе бас ауыртудың еш қажеті жоқ. Тек бірлесе отырып, белсене іске кірісу маңызды. Осы тұрғыда біздің телеарна ұжымы Атырау өлкесінде бірқатар дүниелерді жасап, оны әдеттегідей облыс көлемінде көрсетіп қана қоймай, республикаға, қала берді шетелдіктерге паш етуді көздедік. Жаңа жылдан бастап осындай  жобаларды ұсынатын боламыз. Оған дейін  «Атырау таңы», «Бізбен бірге» сынды бағдарламаларға этнографтар мен тарихшыларды тартып,  алдағы атқарылар жұмыстарға жол ашамыз. Сондай-ақ, Елбасының тарихтың телевизиядағы көрінісін жаңғыртудағы тапсырмаларына сәйкес, бірқатар жобалар бар. Мұның барлығын іске асыруда бізге облыс әкімдігі тарапынан қолдаудың маңыздылығы зор.

Нұрсәуле САЙЛАУОВА:

–          Бұған дейін Атырау өңіріне Ресей, Әзербайжан, Иран елдерінен белгілі  тарихшылар, мамандар келіп, үш  апталық жорық жасады. Біз зерттеп үлгере алмай жатқан өңірлерге өздері барып, Атырау өлкесі туралы үлкен кино түсірді. Бұл жұмыс өз жалғасын табады деп сенеміз. Көп ұзамай  оның түсірілімі аяқталып, әлем деңгейінде көрсетіледі. Ал, облыстық телеарнаның қолға алғалы отырған жобаларының жүйелі жүргізілуіне біздің тарапымыздан қашан да қолдау болады. Ең бастысы, нақты жоспар құрып, оны бірге талқылауымыз қажет.

Өнербай  ЖАНБАЛА:

– Көп нәрсе біздің елімізден Батысқа, Шығысқа тарады. Соның ішінде ат спорты туралы айтсақ, атты игеру, бес қаруды асыну – қазақ халқына ғана тән қасиеттер. Сондай-ақ, металл өңдеу, күміс, алтын соғу, адамның сауытын жасау, мұның барлығы біздің салт-дәстүріміз. Бұрын Райымбек  батыр 14-15 жасында елін, жерін қорғау үшін анасынан бата сұрап, соғыс даласына шыққан. Ал, бүгінде бізде  осы жастағы балалардың бойынан мұндай патриоттық пен батырлықты көру қиын. Сондықтан, ежелгі құндылықтарымызды қазіргі жас ұрпақтың бойына дарытуда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының мәні зор. Соның ішінде жас буынға атқа міну мәдениетін қалыптастыру қажет.

Осы орайда  облыста бірқатар жұмыстар қолға алынғанымен, оны әлі де дамыта түскен  жөн. Әсіресе, ат шабар ұлттық спорт кешенін салу қажет. Қазір аймақта ұлттық спортты дамытуда көкпар ойыны қолға алынып, «Жас дарын» командасы  жасақталуда. Оның құрамында Махамбет, Индер аудандары мен Атырау қаласының жастары бар. Сондай-ақ, бүркітшілерге баса маңыз беріліп,  бүгінде олардың саны 60-70-ке артты. Бұл жұмыстардың барлығы  – Елбасының тапсырма, міндеттері негізінде іске асып жатқан дүниелер. Алдағы  уақытта оны жаңғырту – айбарлы қазақ азаматының басты міндеті.

Өркениет бастауы

Серік ҚУАНЫШ:

– Саладағы проблемалардың барлығы бізде бірте-бірте шешімін тауып келеді. Аймақ басшысының қолдауымен жаңадан облыстық, қалалық архивке үлкен алты қабатты ғимарат салынбақшы. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталды. Оған заманауи құрылғылар мен техникалар алынбақ. Соған сай осы жаңа құралдармен жұмыс жасайтын мамандар болады.

Жасыратыны жоқ, бұрын архив қалыс қалатын саладай көрінетін. Елбасы мақаласынан кейін мұрағатқа көп көңіл бөліне бастады. Жетіжылдық бағдарлама  ретінде  қарастырылып отыр. Бұл қазақтың арғы-бергі тарихын зерттеуге тың серпіліс береді деп есептейміз.

Жалпы, осыған дейін сала бойынша көптеген жұмыс жасалды. Көршілес Ресейдің Орынбор, Мәскеу, Башқұртстанның Уфа қаласының архивтеріне жасалған экспедиция өзектілігімен құнды болды. Әрине, көп мәселе қаражатқа байланысты. Бұл орайда, облыстық әкімдіктің бізді қолдауға дайын екенін атап өткен жөн.

Президент шетелдік архивтермен ұзақ мерзімді ықпалдастықта болуды тапсырды. Соның аясында өлкемізге қатысты материалдар іздеуге, алыс-жақын шетелдегі архивтермен жұмыс істеу, зерттеу бағдарламасын дайындаудамыз. Облыс әкімінің тапсырмасымен екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар санын анықтауға тапсырма жүктеліп, бұл бағыттағы жұмыстар басталды. Ендігі кезекте Қазақстан бойынша ғана емес, атыраулықтар барған майдан даласы, шетелге кеткен әскер лагерлері, хабарсыз кеткендер деректерін анықтау көзделіп отыр. Демек, тарихи сана да жаңғыртылмақ.

Сая ҒАЗИМОВА:

– Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған құндылықтарды жан-жақты насихаттау – үлкен жауапкершілік. Бұл ретте Ұлы даланың рухани жәдігерлерін насихаттау, музейлер арасындағы өзара ынтымақтастықты дамыту мақсатында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласы және Ресей Федерациясының Калмыкия Республикасымен байланыс орнатылып, көшпелі көрмелерді ұйымдастыру жоспарланды. «Ұлы даланың ұлы есімдерін» насихаттауда жуырда мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі, ғалым Халел Досмұхамедовтың 135 жылдығына  орай «Х.Досмұхамедов – ұлы мұрат жолында» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Ал, Қызылқоға ауданында орналасқан Халел ставкасына жүргізілген тарихи-этноархеологиялық экспедиция жұмыстары, Мәскеу қаласынан  архивтік деректердің алынуы және осы құжаттар негізінде жасақталған жобаны, яғни, Халел ставкасын аспан астындағы музейге айналдыру да  үлкен мәртебе.

Абат КЕНЖЕҒАЛИЕВ:

–Отан тарихы, мемлекет тарихы, ұлт тарихы ұғымдары бар. Мысалы, Ресей, Ұлыбритания сияқты ірі елдерде талай елді бағындырған соғысты өткізген, жақсылық-жамандықты көргендер Отан тарихын қолдайды екен. Ал, құрылғанына көп болмаған   Америка Құрама Штаттары сияқты елдердің тек қана мемлекеттік тарихы бар. Тамыры тереңге кеткен, сан ғасырлық үдерісі бар, ұлы даланың өркениетін әлемге таратқан сол ұлы далада, түркі әлемінің қарашаңырағында бүгінге дейін өмір сүріп отырған біздің еліміз ұлт тарихын қаузайды.

Біздің Елбасымыз ұлт тарихы жайында бұған дейін де айтқан болатын. Ұлттық идеяның формуласы да осында жатыр. Кеңес үкіметі кезінде тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде Қазақстан тарихынан жарты жыл ғана сабақ өтті. Оның өзі де 1905 жылдағы жұмысшылардың қозғалысынан бастау алатын. Соның ар жағындағы Қазақстан тарихы мүлде айтылмайтын. Біз оны білмедік. Содан кейін бізді тарихы жоқ, болашағы бұлыңғыр, далада мал бағып жүрген «жартылай жабайы» халық сияқты етіп көрсетіп, рухымызды төмендетіп тастаған кезде тәуелсіздік қайтарған. Енді ұлттық санамызды, рухымызды, намысымызды жаңғыртатын сәт туды. Елбасы ұсынған бірнеше жоба өркениет көшімен бірге алға қарай ұмтылып отырған отыз елдің қатарына жетуімізге оң септігін тигізетініне сенімдімін.

Тобықтай түйін:

Сондай-ақ, төл тарихын білетін, бағалайтын және оны мақтан ететін халықтың болашағын айқындап, осы тұрғыда алға қойылған жоспар, міндеттерді талқылауға арналған басқосуда «Елсана» руханият клубының жетекшісі Нұржан Ермұқанов, тарихшы Жұмабай Доспанов, еңбек ардагері Қали Әубекеров өз ойларын ортаға салып, пікір білдірді. «Дөңгелек үстелді» қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова жиында айтылған әрбір ұсыныс қалыс қалмайтынын баса айтты.

«Біз мақалада айтылған ойларды халыққа қалай жеткіземіз? Осы тұрғыда алға қойылған мақсат-міндеттерді  жүйелі жүзеге асырудың жолдары қандай?» деген сауалдарға жауап іздедік. Алдағы уақытта атқарар жоспар айқын, міндет зор. Бұл орайда жүрегі «ұлтым» деп соққан әрбір азамат «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жұдырықтай жұмылса, біз еңсермейтін асу жоқ» – деді Нұрсәуле Сайлауова.

Жазып алғандар: Айбөпе САБЫРОВА,

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз