Атырауда хакім Халел жөнінде жаңа кітап жарық көрді

Halel "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

«Халқымен етене Халел хакім» деген атпен жуырда ғана публицистикалық баян жарық көрді.

Халел

Төлиесі – белгілі жазушы-өлкетанушы, Қазақстанның құрметті журналисі, еліміздің Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Төлеген Жаңабайұлы.

Жаңа туындыда ұлтымыздың ұлы тұлғасы, Алашорда қозғалысының батыс бөлімшесіндегі екі қолбасшының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, бірегей ғалым, профессор Халел Досмұхамедов туралы жан-жақты жазылған. Әсіресе, хакім Халелдің туған өңіріне, өскен ортасына, ағайын-туыстарына қатысты баршаның құлағына жетіп үлгермеген әңгімелер кеңірек қамтылған. Халел есімінің халқына қайта оралған шақтарындағы жарқын сәттер мен түйткілді тұстар да тыс қалмаған. Кітап қалың оқырман қауымға, оқу орындарының ұстаздары мен студенттерге арналған.
– Әмбебап ғалым, қабырғалы қаламгер, қайтпас қайсар қайраткер Халел Досмұхамедовтің өмір жолы мен шығармашылығы соңғы жылдары біршама айтылып та, жазылып та жүр, – дейді автор. – Мен де өткен ғасырдың сонау тоқсаныншы жылдарының бас жағынан бері жерлес тұлға жөнінде естіп-білгендерімді қойын дәптеріме түртіп қоятынмын.
Сонымен қатар, қазір қазақ елі латын әліпбиіне көшуге түбегейлі бағыт ұстады. Бұл әліпбиді бұдан бұрын да отызыншы жылдары он жыл қолданғанымызда оның бастауында Халел Досмұхамедұлының тұрғанын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Өткен ғасырдың сонау жиырмасыншы жылдарындағы Халел Досмұхамедұлының ұстанған бағыттары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы бүгінгі ой-пікірлерімен, көзқарастарымен үндесіп жатқаны қандай ғажап?!
Расымен де, 1929 жылы қоғамдағы саяси-әлеуметтік өзгерістер салдарынан КСРО-ның құрамындағы түркі халықтарымен бірге қазақстандықтар да латын әліпбиіне көшірілгенде Халел Досмұхамедұлы мемлекет қайраткері ретінде қазақ тіліне үйлестіріп латын әліпбиін жасауға бар күш-жігерін жұмсаған болатын.
– «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде «Өткенге қарап, ертеңіңді түзе» деген өсиет бар. Әуелі хакім Халел Досмұхамедұлының шыққан тегі, арғы аталары кім деген сауалға жауап беріп кеткен дұрыс болар деп ойладым. Әрине, оның ішінде түп қазық болып табылатын атақты Алдар бидің алатын орны айрықша. Ал, одан тараған үрім-бұтақтың бір-біріне жазысқан хаттары арқылы біраз мәлімет берілді. Сол хаттарда Халел туып-өскен жер-су аттары да бар.
Бір ғажабы, Халел елдегі әдеби мұралар мен көне шежірелерді жинаудың асқан білгірі болған. Әуелден ақын Ығылман Шөрекұлын ұлт-азаттық көтеріліс басшылары Исатай мен Махамбет туралы дастан жазуға да бірден-бір ықпал еткен осы данағөй Халел еді ғой, – дейді Төлеген Жаңабайұлы бізбен әңгімесінде.

Эльвира САТЫЛҒАНОВА.
Н.Крупская атындағы мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Котяев ауылы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз