АЛҒЫС АЛҒАН АРЫМАС

Біз әңгімелеп отырған ардақты жан – Нұржау округіне қарасты «Қазпошта» бөлімшесінің меңгерушісі Абенова Айнаш. Ол 1995 жылы нұржаулық Айталиев Маратпен шаңырақ көтерді. Келін болған әулетте қос кейуана болды. Үлкені Ғайни, кішісі Мұхсина есімді екі енемен тез тіл табысып сыйласып кетті.  Айнашты еркелетіп «Айнашжан» дегенін біз де естіп жүрдік. Екі енесі де жасы ұлғайып сексеннен асып о дүниелік болды.

 

«Құрметтесең кәріңді, жарылқармын бәріңді» дегендей енелерінен алғыс алған Айнаш апаны тәңіріміз де жарылқады, алтын асықтай екі қызды өмірге әкеліп, оқытып, тәрбиеледі. Үлкені – Айжан тұрмыста, информатика пәнінің мұғалімі, кіші қызы – Айдана мектепті үздік бітіріп, Қазақ ұлттық мемлекеттік Әл-Фараби атындағы университетінің ІІ-ші курсында грантпен оқып жатыр.

Жолдасы Марат аудандық газ мекемесінде қызмет етеді. Айнаш апаны Нұржау халқы түгел сыйлап, қадірлейді. Себебі, әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақыны поштадан алады, төлемдерді осы пошта арқылы төлейді. Қарбалас шақта Айнаш апа қабағын шытпай, тұтынушымен сыйластықта жұмыстанады. «Құдайға шүкір, жұмыс жасауға төселдік қой, биыл төрт жыл толады, бұл жұмысқа 2011 жылы келіп едім» – деп жымиып қояды әңгімелескенде.

«Әуелде қос енеден, қазір Нұржау халқынан алғыс алған Айнашқа біз де ризамыз. Қашан келсек те, жұмысымызды барынша тындырып жібереді» дейді ата-әжелер. Аудан әкімі Амангелді Барақатовтың қабылдауында болып Алғыс хатпен де марапатталыпты.

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,
Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз