АҚТӨБЕ-АСТРАХАН ТАС ЖОЛЫ

бұл бағытта биыл көп жұмыс атқарылады 

Жол апаты жиілеп кетті

Біз Құрманғазы ауданының алыс түкпірінде, «Жасталап» ауылында тұрамыз. Ауылда орталау Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп бар еді. Қазіргі таңда оның да жағдайы күмәнді болып отыр. Алайда, бүгін қолыма қалам алуымның себебі – жолдың жағдайы. Атырау- Ганюшкино-Котяевка жолының жағдайы көзге жас аларлықтай. Жолдағы терең қазаншұқырлар, ойылып қалған жерлер көліктің зақымдануына әкеледі. Оны жөндеуге де аз ақша кетпейді. Сондықтан, жүргізушілер жаңағы ойық жерлерден қашып, қарсы жолға түседі. Сөйткенше болмай, алдынан машина келіп қалғанда, тоқтата алмай, қаншама жол-көлік апаты орын алып жатыр?! Осыған бір көмек болар ма екен, жол қашан жөнделер екен? Біз - қариялар, балаларымызды уайымдаймыз. Жолға шығып, облыс орталығына кеткенде қашан аман көріскенше көз іле алмаймыз. Жұртшылықтың сүйіп оқитын «Атырау» газетіне осының бүге-шігесін анықтар деген үмітпен хат жолдап отырмыз.

 

Ғибрат ӨТЕГЕНОВА,

Құрманғазы ауданы.

Қашан жөнделер екен?

Мен – бұрынғы мұғалім, қазір таксиспін. Мұғалімдердің жалақысы отбасын асырауға, ұл-қыздарыма жоғары білім беруге жетпейтін болғандықтан, жекеменшік көлігіммен мамандықты ауыстыруға тура келді. Бір қиыны – жол мәселесі. Ойқы-шойқы, кедір-бұдыр жолдармен жүру өте қиын. Осы жол қашан жөнделер екен?

Ақылбек ТЕМІРТАСҰЛЫ,

Құрманғазы ауданы.

 

Біз осы хаттарда айтылған мәселелер бойынша «ҚазАвтоЖол» УҚ» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Жантас Шәріповке хабарласып, халықтың қойған сұрақтарына нақты жауап беруді өтіндік.

– Жалпы, Атырау облысы бойынша 3500 шақырым пайдаланудағы автомобиль жолы бар. Маңызды автомобиль жолдары 980 шақырым. Соның ішінде Ақтөбе-Атырау-Котяевка жолы 552 шақырымды құрайды. Осы жолдың Атырау-Доссор бөлігінен (93 шақырым) басқасы осыдан 35 жыл бұрын салынған. Содан бері күрделі жөндеуден де, қайта жаңғыртудан да өтпеген. Жолды тек ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау арқылы ғана пайдаланып отырмыз. Аталған жол 6-8 тонна, әрі кеткенде 10-13 тонна жүк тиелген көліктерге арналған. Алайда, 13-18 тоннаға дейін жүк артқан ауыр жүк машиналары да осы жол арқылы өтеді. Осының бәрі жолдың бұзылуына әкеліп соғады. Бұл жолдың маңыздылығы үлкен, сондықтан жауып тастай алмаймыз. Қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланудамыз. Жолда сақтандыру белгілерін әкімшілік полиция қызметкерлерімен бірлесіп орнатып, апаттың алдын алуға жұмылудамыз.

Атырау-Астрахан бөлігі қазіргі талаптарға сай емес. Бүгінгі таңның талаптарына сай болу үшін бұл жол түбегейлі қайта жөндеуден өтуі керек. Сондықтан, «Нұрлы Жол» бағдарламасына енгізіліп, 2015 жылдың басынан бері жобалау-іздестіру жұмыстары қызу басталып кетті. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында осы жолдың жарты бөлігі үшін дайындалып жатқан жобалық сметалық құжаттар бітеді. Ал, осы жылдың екінші жартысында келесі бөлігіне арналған жобалық сметалық құжаттар дайын болады. Аталған жолдың 10 шақырымына, атап айтқанда Мақат-Сағыз аралығына жобалық-сметалық құжаттар дайын, мердігер мекеме анықталды. Биылғы жылдың сәуір айында қайта жөндеу басталмақшы. Одан кейін қалған бөліктерге де қайта жаңғырту жұмыстары жүреді.

 Атырау-Астрахан автомобиль жолы реконструкциядан кейін ІІІ техникалық категориядан ІІ техникалық категорияға ауыспақ. Жол төсемесінің беткі асфальт қабаты 1 м-ге биіктейді, ені 1 м-ге кеңейіп, 9 метр болады. Жолдың жалпы ені 3 м-ге кеңейіп, 15 м болмақ. Жалпы, Атырау облысында бұған дейін ІІ категориялы жолдар болған емес. Түгелге жуығы ІІІ-ІV категориядағы жолдар. Жол бойында орналасқан жасанды құрылыстар, атап айтқанда су өткізгіш құбырлар және 25 көпір бар. Бұлар түгелге жуық бұзылып, қайтадан салынады. Және жол бойына орналасқан әрбір елді мекендердің тұсынан аялдамалар, әжетханалармен бірге мал өткізгіштер де салынып, жол бойы, ауылдардың тұсы электр қуатымен жарықтандырылмақ.

 Әрбір 40 шақырым сайын ауыр жүк көліктері мен жеңіл көліктерге арналған эстакадалармен жабдықталған автотұрақтар салынбақ. Жол төсемесінде жаңа техникалық құралдар қолданылады. Бұлар Еуропалық стандарттарға сай құрылысқа кеткен қаражатты үнемдеп, шығындарды азайтады және экологиялық зардаптарды болдырмайды. Сағыз, Мақат, Аққыстау және Ганюшкино елді мекендерінде екі жол пайдалану участогі, екі жол пайдалану бекеті салынып, жұмыс орындары ашылатын болады. Жобаны жүзеге асыру бағытында біраз адамдар жұмыспен қамтылып, жергілікті  жерден техникалық ресурстар пайдалану үшін жалға алынады. Жоба біткеннен кейін де жаңа жол сервистерін ашуға, яғни, жанар-жағармай , көлік жөндеу стансалары, қонақүйлер мен тамақтану пункттерін салуға мүмкіндік болады.

PS. Міне, жоғарыдағы хаттарға орай берілген жауап осындай. Әрине, облыс халқы үшін өте-мөте қажет, әрі маңызды шаруалар жүзеге аспақ. Тек қана осы жұмыс уақытында басталып, сәтті де сапалы аяқталуын тілейік.

Дайындаған:

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз