Әлеуметтік салада айшықты істер мол

leumettik salada Қоғам

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев журналистерге өңірдің әлеуметтік саласында іске асырылып жатқан жобалар туралы әңгімеледі.

Әлеуметтік салада

103 жобаның  құны – 215,5  млрд. теңге

Аймақ басшысының баяндауынша, қазіргі таңда Атырау облысында әлеуметтік салада жалпы сомасы 215,5 миллиард теңге болатын 103 жоба іске асырылуда. 388 әлеуметтік объектінің  жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.

Оның ішінде 113 объект білім беру саласында: 45 балабақша, осындай мөлшерде мектеп, 7 лицей мен колледж, 7 музыкалық мектеп, жатақхана, екі пансионат салу бойынша 3 жоба бар. Мұнан басқа балаларға арналған сауықтыру лагері, сауықтыру орталығы, отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, сондай-ақ, жасөспірімдер үйі бар.

– Біз денсаулық сақтау саласындағы жағдайды жақсарту бағытында да жұмыс жасаудамыз. Бүгінгі күні 18 нысан құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалу сатысында – бұл дәрігерлік амбулаториялар, емханалар және басқалары, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ, 17 мәдениет объектісінің құрылысына арнал-ған жобалау-сметалық құжаттамалары  әзірленуде. Мәдениет үйлері облыстың ауылдық жерлерінде салынатын болады.

Өңір басшысы түсіндіргендей, спорт саласында 27 жоба іске асырылмақшы. Бұл спорттың көпшілік түрлерін дамытуға оң әсер ететін спорт және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері болмақ.

– Мемлекет басшысы үнемі айтып жүргендей, еліміз өз азаматтарына қамқорлық жасап келеді. Әлеуметтік саладағы нысандар санының өсуі тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар туғызып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативті әсер етеді. Бұл объектілердің құрылысына арналған қаражат жергілікті және республикалық бюджеттердің трансферттері және жер қойнауын пайдаланушылар мен инвесторлардың аударымдары есебінен бөлінетін болады,-деп  түйіндеді аймақ басшысы.

Тұрғындармен байланыс – онлайн режимде

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында журналистерді жергілікті атқарушы органдардың тұрғындармен өзара әрекеттестігі туралы мәселе қызықтырды.

Әкімдіктердің тұрғындармен кері байланысының ұтымды тәсілдерінің бірі –әлеуметтік желілер. Мұнда әрбір азамат өзін қызықтыратын сұрақтарын қоя алады. Сонымен бірге, облыс әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауы кезіндегі қарым-қатынасы көптеген мәселелерді шешуге ықпал етеді.

– Жергілікті атқарушы органдар тұрғындармен кері байланыс механизмдерін жолға қою бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Егер жеке қабылдаулар туралы айтатын болсақ, өткен жылы өңір тұрғындарымен қырықтан аса жеке қабылдау өткіздім, – деді Нұрлан Ноғаев. – 400-ден астам адам облыс әкіміне әртүрлі сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді. Мемлекеттік органдардың тұрғындармен өзара қарым-қатынас механизмін жақсарту бағытында жұмыстар жүруде. Облыс әкімдігі Telegram қосымшасында чат-арна ашып, мұнда барлық деңгейдегі әкімдер, басқармалар мен коммуналдық мекемелердің басшылары тұрғындардың сұрақтарына тікелей жа-уап береді. Қазіргі таңда чат-арнада 3100 пайдаланушы бар, 1500 сұрақ қаралды.

Аймақ басшысы облыс орталығында осындай принциппен жұмыс жасайтын «Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильді қосымшасы қолданылатынын да айтып өтті. Мұнда 3162 пайдаланушы тіркелген, бүгінгі күнге 600-ден астам сұрақ қаралды.

– Өзі үшін маңызды сұрақпен хабарласқан әрбір пайдаланушы барлық қажетті ақпаратты ала алады. Жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың сауалдарына жедел әрі сапалы жауап беру үшін кері байланыстың жаңа механизмдерін енгізу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізуде. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында онлайн құралдарға ерекше басымдық берудеміз,- деп       нақтылады Нұрлан Ноғаев.

Күй анасының композициясы – Анкарада

Бұл жобаға облыстың бизнес құрылымдарының өкілдері қолдау білдірді. Қазақтың күй анасының ескерткішін орнатуға 15 млн. теңге жұмсалатын болады.

Мүсіндік композиция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын Түркияда мерекелеу аясында 2011 жылы Анкарада ашылған Дина Нұрпейісова атындағы саябақта орнатылады. Сол жылы Түркияда атақты қазақ композиторы Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілген болатын.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани және мәдени құндылықтарды сақтауға және молайтуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өткім келеді, – деді Нұрлан Ноғаев. – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі таңда қазақ мәдениетінің үздік туындыларымен әлем жұртшылығын таныстыру үшін жағдайлар жасалуда. Бұл отандық шығармашылық зиялы қауым үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

Атақты қазақ композиторы Дина Нұрпейісова – тек қазақ халқының емес, бүкіл түркі жұртшылығының ықыласы мен құрметіне бөленген өнер иесі.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз