Әлем өркениетіне бетбұрыс

00a6928619a46b54605dec148b786a6d resize w 520 h Қоғам

Бүгінгінің маңызды инвестициясы – адами капитал. Яғни, адамның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі, кәсіби құндылығы. «100 жаңа оқулық» жобасы біз айтып отырған осы мәселеге арналған.

00a6928619a46b54605dec148b786a6d_resize_w_520_h_-1000x700

Аударылған оқулықтардың ішінде психология ғылымы бойынша Дэвид Майерс пен Жан Туенждің «Әлеуметтік психология», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульцтың «Қазіргі психология тарихы» атты еңбектері бар. Аталған кітаптардың ғылыми маңызына тоқтала кетсек, біріншіден, Дэвид Майерс пен Жан Туенждің әлеуметтік психология оқулығы әлемдік деңгейдегі үздік шығармалардың бірі. Екіншіден, «әлеуметтік психология» жеке пән ретінде жоғары оқу орындарында оқытылса да, осыған дейін қазақ тілінде кең ауқымда қамтылған оқулық жоқтың қасы еді. Үшіншіден, әлеуметтік психология екі ғылым саласының – әлеуметтану мен психология ғылымдарының бірігуі негізінде пайда болған дүние. Демек, әлеуметтік психология қазіргі қоғамның қарқынды дамуына, әртүрлі топтағы жеке тұлғаның рөлі мен орнын түсінуге мүмкіндік береді.

Дэвид Майерс пен Жан Туенждің «Әлеуметтік психология» оқулығының мазмұны ерекше және тараулары, бөлімдері авторлық өзіндік бір мәнерде орындалған. «Олай дейтін себебіміз, әлеуметтік ортада байқалатын, дамитын, өзгеретін психикалық құбылыстар алдымен мысалдар арқылы сипатталады. Осыдан кейін ол талданып, негізгі ұғымдарына анықтама беріледі, ғалым-зерттеушілердің ұстанымы таныстырылады, қорытынды жасалады.

Оқулық 16 тараудан тұрады. Әр тараудың өзіндік маңыздылығы да жоғары. Мәселен, Әлеуметтік психологияға кіріспе тарауы, іштей бірнеше бөлікке бөлініп, алдымен қарапайым, кез келген адам түсіне алатын ертегілер берілген. «Ертеде бір кісі болыпты. Оның екінші әйелі тәкаппар да өзімшіл жан екен. Әйелімен еріп келген екі қыз да – өркөкірек әрі қарақан басының ғана қамын ойлайтын мейірімсіз болып шешелерінен аумай қалыпты. Ал, әлгі кісінің өз қызы – Күлбикеш қарапайым, мінезі жібектей жан екен. Ол шайпау әпкелерінің айтқанын екі етпей, көрсеткен зәбіріне шыдап, үнсіз жүре береді» немесе «Бірде Күлбикеш перизат «анасының» көмегімен үйден сытылып шығып, король сарайындағы балға қатынасады. Сол жерде оған сымбатты ханзаданың көзі түседі. Жүректе тұтанған ғашықтықтың жетегімен Күлбикешті үйіне іздеп барған ханзада сүйіктісін әуелде танымай қалады».

Осы қысқаша мәндегі ертегілер бізді жағдаяттың құдіретіне сендіреді. Адуын өгей шешесінің жанында Күлбикеш көнбіс те қарапайым кейіп танытуға мәжбүр болды. Ал, король сарайында құлпырып кеш ханшайымына айналады. Бірінші жағдайда сұлуымыз бейшара көрінді, екінші жағдайда сымбатты жігіттің жүрегін жаулады. Француз жазушысы, философ Жань-Поль Сартр «Күлбикеш эффектісін» оңай түсіндіріп береді. «Яғни, адам болмысы жағдаятқа байланысты. Бізді айналамызда қалыптасқан хал-ахуалдан бөліп қарауға болмайды, өйткені жағдай бізді қалыптастырады және мүмкіндіктерімізді анықтайды» деп жазды ол.

Міне, күнделікті өмірде кездесетін әлеуметтік құбылыстардың психологиялық астары жан-жақты қарастырылған. Жеке тұлға, топ ішіндегі қарым-қатынас, тұлғаның түрлі әлеуметтік процестердегі рөлі, негізгі қызметі, даму өрісі сияқты әлеуметтік құбылыстардың психологиялық заңдылықтары заманауи зерттеулермен толықтырылып, тәжірибелік мысалдармен де дәйектелген. Сан алуан тәжірибелердің нәтижесінде сенім мен иллюзияның, махаббат пен жек көрудің, үйлесім мен даралықтың сан қыры зерттеу нысанына айналды. Адамның мінез-құлқының әлі де ашылмаған қырлары көп болса да, әлеуметтік психология оқулығы бұл саладағы сан түрлі сұрақтарға жауап тапты.

Оқулықтың алтыншы тарауы «Конформизм және көндігу» деп аталады. Оқулықта конформизм ұғымын түсіну үшін қарапайым мысал келтірілген. «Концерт аяқталғанда алдыңғы қатарда отырған көрермендер орындарынан тұрып, зор ықыласпен қол шапалақтай жөнеледі. Кейінгі қатарда отырған көрермендер де алдыңғылардан қалыспай, түрегеліп, музыканттарға деген қошеметін білдіреді. Орындарынан өре түрегелген адамдардың толқыны үдеген сайын жай ғана орындарында қошемет көрсетіп отырғандар өздерін ыңғайсыз сезіне бастайды. Сіз сол адамдардың арасында отырсыз, басқалар сияқты тұрғыңыз жоқ (концерт сіздің көңіліңізден шықпады) Сіз не істейсіз? Алайда, айналаңыздағылардың бәрі орындарынан тұрса, сіз отыра бересіз бе? Сіз айналаңыздағы адамдармен бірге тұрып қошемет көрсетесіз ғой». Конформизм қоршаған ортаның ықпалы арқылы қалыптасатын әртүрлі қимыл-әрекеттерді білдіретін ұғым. Яғни, конформизм басқа адамдардың іс-әрекетін қайталау ғана емес, сонымен қатар, ол – қоршаған ортаның адамға қалай ықпал етуіне байланысты мінез-құлық.

Осы секілді өмірден алынған қызықты материалдар ғылыми терминді жеңіл түсінуге мүмкіндік береді. Қарап отырсақ, оқулық мазмұны жеңілден қиынға қарай сипатталған кез-келген оқырманның оқуына түсінікті.

Біздің саналы және бейсаналы ойларымыздың мінез-құлқымызға қаншалықты әсері бар? Адамның ізгілікке де, араздыққа да даяр тұруының себебі неде? Әлеуметтік шиеленіс неден туады және жұмылған жұдырығымызды қалай мейірімді алақанға ауыстыра аламыз? Оқулықтан осы сияқты көптеген сұрақтарға жауап іздеп, адамзаттың күш-қуатын арттыруда пайдалы әлеуметтік күштерді жан-жақты түсінуге болады.

Қазіргі таңда еліміздегі психология ғылымының бастауында тұрған профессор Қ.Б.Жарықбаевтың «Күні бүгінге дейін түрлі деңгейде орта білім беретін мектептердегі шәкірттердің психология негіздерінен мағлұматы мардымсыз екені хақ. Өйткені, бұл ғылым саласы жеке пән ретінде оқытылмай келді. Осының салдарынан шәкірттеріміз ойлау, сөйлеу мәдениетіне шорқақ, мінез-құлық, ерік-жігер, сезім саласынан сауаттары төмен болғанын жасыруға болмайды» деген пікірін басшылыққа алсақ, аударылып отырған психология оқулықтары студенттермен қатар, оқырман қауымға да пайдалы болмақ.

Қ.ҚАЗИЕВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің аға оқытушысы, магистр.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз