Атауы өзгерген ауылдар

EAC 8072 Қоғам

Тәуелсіз еліміздің қол жеткізген жетістіктерінің бірі – өз құндылықтарымызды дәріптеп, ел үшін туған жандардың есімдерін жадыларда жаңғырту. Бұл орайда жер-су, ауыл-аймақ, көше атауларын өзгерту жұмысының маңызы зор.

EAC_8072

Біраз уақыттан бері Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкин ауылының атын өзгерту сөз болып жүрген еді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бұл мәселе де оңтайлы шешімін тапты.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес елді мекеннің атауы өзгертіліп, аудандық мәдениет үйінде округ орталығының  «Құрманғазы» ауылы  болып өзгеруіне байланысты салтанатты шара өтті.

2017 жылдың 30 қазан күні өткен қоғамдастық жиынында көпшілік дауыспен күй атасы «Құрманғазы» есімі таңдалған болатын. Бұл ұсыныс облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың біріккен ХХІ сессиясында қолдау тауып, тиісті шешім шықты.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов «Заңдылықтар-ға сәйкес шешім алынып, бүгінгі күні бұрынғы Ганюшкин селосы мен округ облыстық әділет басқармасында Құрманғазы ауылдық округі мен Құрманғазы ауылы болып тіркелді» деп, шешімнің көшірмесін аудандық мұражайға табыстады.

Ганюшкин ауылдық округінің атауы 27 ақпандағы облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың шешімдеріне сәйкес өзгеріп, 3 сәуірде облыстық әділет басқармасында тіркелді. Жалпы, ауданда 58 мың халық болса, оның 14602-сі осы ауылда  тұрады.

Сонымен қатар, аталмыш аудандағы Киров ауылдық округі Жаңаталап, Дәшін ауылы Хиуаз атын иемденді.

Өз тілшіміз,

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз