«Рух жыры» жарыққа шықты

Амангелді Мырзабектің «Рух жыры» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан туындының тұсаукесер салтанаты Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда өтті. Жиынға қаламгерлер, мәдениет саласының қызметкерлері мен студенттер қатысты.

25

Шараны жүргізген өлкетанушы Өтепберген Әлімгереевтің айтуынша, жас күнінен әдеби, саяси, әлеуметтік мәселелерге қалам тербеп, парасат майданында әбден ысылған Амангелді Кеңшілікұлының «Рух жырының» тұсаукесерінің Атырау өңірінде өтуі заңды құбылыс. Өйткені, автор  жаңа туындысында қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы ірі өкілі, әлі күнге дейін жұмбағын ешкім шеше алмаған, тереңіне ешкім сүңги алмаған Жұмекен Нәжімеденовтың ғажайып әлеміне зерттеу жасап, зерделейді.

– Кітаптың негізгі бөлімі ұлтымыздың ұлы ақынының шығармашылығына арналған эсселерден тұрады. Екінші бөлімде әлем әдебиетінің алыптары Руми, Гоголь, Кафка туралы танымдық дүниелер қамтылды. Оқырман қауымға ұсынылған бұл кітап Алматыдағы «Мереке» баспасынан мың дана таралыммен шықты. Болашақта Жұмекеннің прозасы мен поэмаларын толықтырып, тағы да бір үлкен еңбек жазу жоспарда бар, – дейді автор А.Мырзабек. Бұл еңбек бүгінде Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы қорына тапсырылды.

Көпен ӘМІРБЕК, сатирик-жазушы:

– Қазақ ақындарын саралап, қанша қысқа ғана тізім жасалса да, Жұмекеннің есімі ешбірінен қысқартылмайды. Ал, оның ақындық сырына үңіліп, әлеміне бару үшін жаның таза, рухың мықты болуы қажет. Яғни, Жұмекеннің парасатты поэзиясын пайымдау екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл ретте асылдың сынығы Амангелді Мырзабектің оның шығармашылығына тереңнен бойлап, зерттеудегі еңбегі өлшеусіз.

Асылбек ЫҚСАН, театр қайраткері:

– Автор бұл еңбегінде қазақ поэзиясын жаңа биікке көтеріп, проза саласында толайым табысқа жетіп, күй өнерінде де қайталанбас қолтаңбасын қалдырған дарынның шығармашылығына жан-жақты үңіледі. Жұмекеннің ақындық мінезі, сан қырлы табиғатының жұмбағын аша түседі. Тоқсаныншы жылдардың басында  әдеби мұрасын тануға қатысты қолға алынған игілікті істердің аяқсыз қалуының себебін де саралайды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

1 комментарий

  1. Қазіргі таңда бағдарламаға байланысты қарапайым халық арасында көптеген сұрақтар туындап жатыр, жарыққы шыққан жаңа кітап бағдарламаны кеңінен түсіндіруге ықпалын тигізеді деп үміттенемін.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*