ҰРПАҒЫ ТӘРБИЕЛІ ЕЛДІҢ ТҰҒЫРЫ МЫҚТЫ

Кейінгі буынды патриоттық тәрбиеге баулу мақсатында мектеп қабырғаларында атқарылған іс аз емес. Мәселен, Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Досқалиеваның айтуынша, өткен жылы қала бойынша жалпы саны 2015 шара өткізілсе, үстіміздегі жылдың бес айында 35 жоспарлы жұмыс жүйелі жүзеге асқан. 
Бүгінгі жастарға салауатты өмір салтын ұстануға лайықты жағдай жасалып, өз бойындағы талабын шыңдауға да барлық мүмкіндіктер ұсынылуда. Жастардың діни сауаттылығын арттыру, ислам дінінің құндылықтарын бойына сіңіре отырып, теріс ағымдарға еліктеушілігінің алдын алу мақсатында да ауқымды істер атқарылған. «Бұл ретте діни ахуалға зерделеу жүргізу, қала аумағындағы діни бірлестіктердің жұмыстарына тексеру жүргізу мақсатында құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесе отырып, рейдтер ұйымдастырып келеді. ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді кеңінен түсіндіру бағытындағы жұмыстар да жолға қойылған. Жалпы 81 кездесу ұйымдастырылып, арнайы құрылған ақпараттық-насихаттық топтар жұмыс жасады» деді Ж.Досқалиева баяндамасында.
Өз кезегінде отырысқа қатысушылар аталмыш тақырыптың бүгінгі күн үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтіп, ауқымды жұмыстар легі алдағы уақытта да жалғасын таба берсін деген тілектерін білдірді. Комиссия төрағасы Шыңғыс Жұмабекұлы да бұл пікірлерді бірауыздан қолдап: «Күні кеше өңірімізде болып өткен мың адамдық оркестрдің өнері мен патриоттар форумының да жастар тәрбиесіне тигізер ықпалы мол. Бұл – мәдени тәлім-тәрбие берудің, ұлттық құндылықтарды ұлығылаудың бірден-бір жолы. Сонымен қатар, дәстүрлі діни тәрбие беру керектігін де естен шығармағанымыз жөн. Мен демалыс күндері мешітке барып тұрамын. Сол кезде балағын кесіп, бетін тұмшалаған өрімдей жастарымыз бен қыздарымыз жүреді. Сондықтан, бұл тақырып өте өзекті, ауқымды, маңызы мол», – деді ол. Комиссия төрағасы комиссия мүшелеріне «мүмкіндігіне қарай, мешітке барып, сол жердегі ахуалды көзбен көру қажет» деген пікірін де жеткізді.
Келесі кезекте Атырау облысы бойынша балалардың құқын қорғау департаментінің директоры А.Ғилымовтың баяндамасы тыңдалып, балалар мүддесін қорғау және оларды адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу мәселелері туралы әңгіме қозғалды.
Жетімдіктің алдын алу бағытында республикалық «Ризашылық», «Балаларға жылулық сыйлайық!» және әр тоқсан сайын «Қуан, сәби!» атты акциялар ұйымдастырылып келеді. Аталмыш шаралар нәтижесінде осы жылдың бес айында 26 бала отбасына орналасқан. Яғни, ата-аналардың қалауымен 12 бала өз отбасын тапса, жеті бала өз ортасына, әке-шешесіне қайтарылған. Бес бала патронаттық тәрбиеге, екі бала қамқорлыққа берілген.
Мүгедек әйелдердің жағдайын барынша жақсарту – қоғам болып қолға алатын маңызды жұмыстардың бірі. Комиссия отырысында талқыға түскен келесі тақырып – Исатай ауданындағы мүгедек әйелдердің жай-күйі және олардың жағдайын жақсарта түсу жолында атқарылған іс-шаралар. Бұл жөнінде баяндама жасаған аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы М.Өтеғалиевтың айтуынша, жалпы аудандағы халық саны 26657 болса, оның 49 пайызын нәзік жандар құрайды. Ал, тіркеуде тұрған 643 мүгедектің 242-сі – әйелдер. Аудан бойынша әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында атаулы әлеуметтік көмек, мемлекеттік жәрдемақы төленіп келеді. Сонымен қатар, мүгедектерді оңалту бағдарламасы негізінде де жұмыстар жүйелі жүзеге асуда. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке кәсібін ашуға лайықты жағдай жасалғандығының арқасында өткен жылы жұмыспен қамту орталығына жеті мүгедек әйел кәсіпкер ретінде тіркелген.
Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан атқарылған істің ауқымды екендігіне тоқталып, алға қарай да тұрақты жалғастырып, нәтижелері жөнінде облыстық комиссияға хабарланып тұру керектігін атап айтты.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*