ҰРПАҒЫ ҰЛАҒАТ ТҰТҚАН ЖАН

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап, соғыс өрті ел іргесін шарпыған кезде Халидолла Мирманов 18-ге жасы әлі толмаған жас өрен болатын. Атыраудағы жаяу әскерлер дайындайтын училищеде бірге оқыған Батырғали Қаленов, Қашқын Түгелбаев, Ыбырай Есенғалиев, Петр Умнов, Қуан Оразбаевтармен бірге елін жаудан қорғау үшін 1942 жылы ол өз өтініші бойынша қан майданға аттанды.
Бірден Оңтүстік майдан құрамында Сталинград түбіндегі шайқаста жауға қарсы жолын бастады. Сол қиян-кескі ұрыстардың бірінде жараланып, госпитальда емделіп, қайтадан ұрысқа кіріп, ерлікпен шайқасты.
Өжет өреннің кеудесіндегі жауға қарсы деген ыза, өшпенділік дұшпанға қорғасын болып атылып, алға қарай жүруге бел буады. Алайда, 1943 жылдың шілде айында Азов теңізіне жақын Таганрог бағытындағы шайқаста 221-атқыштар дивизиясының қайсар рухты жауынгері Халидолла Мирманов снаряд жарқыншағынан тағы да ауыр жараланып, кері госпитальға түседі.
Украинаның Черкасск облысына қарасты Днепр бойындағы Корсунь-Шевченковский және Солтүстік Шпола қалалары маңында неміс әскери топтарын қоршап, түгелдей жою операцияларына да белсене атсалысқан.
Адамға марапат, құрмет, даңқ, атақ-абырой өздігінен келмейтіндігі анық. Отан қорғау жолында патриоттық танытқан, жанқиярлықпен жауға қарсы аттанған лейтенант Халидолла Әуелбайұлының осы шайқастарда көрсеткен ерлігі де ескерусіз қалмай, ерекше қаһармандығы үшін Жоғарғы Бас қолбасшы бұйрығымен екі рет алғыс алған.
Сөйтіп, Кеңес әскерлерінің табандылығы, қайсарлығы, өжеттігі мен қаһарман ерліктерінен тайсалған неміс фашистері ат ізін суытып, біртіндеп шегіне бастаған кезде жауынгер Х.Мирманов офицер шеніне дейін көтерілді.
1944 жылдың ақпанындағы кескілескен майданның бірінде ол үшінші рет мина жарқыншағынан ауыр жарақат алып, тағы да госпитальға түсті. Бұл жарақат та қайсар рухты қазақ жігітінің жеңіске деген жігерін жасыта алмады.
«ІІ Прибалтика майданының ІІІ Екпінді армиясының 54-дербес атқыштар бригадасының құрамындағы саперлік-техникалық взводты басқару Халидолла Әуелбайұлына жүктеліп, шығыстың қос шынарының бірі Әлия Молдағұловамен осы армияда бір болғанын мақтан тұтып отырушы еді» деп еске алады ұрпақтары.
– Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия алға ұмтылып, жаудан еш сескенбей, батыл қимыл танытты. Ол құралайды көзге атқан нағыз мергендігімен ерекшеленетін. Әлияның өлімі бәрінен бұрын қазақ жауынгерлеріне аса ауыр тиіп, бригада жігіттері бұл хабарды естігенде, еңіреп көздеріне жас алған еді, – деп мұңая еске алып отырушы еді елге оралған соң майдангер.
ІІ Прибалтика майданы құрамында Великие луки, Псков, Рига қалаларын азат ету жорықтарына қатысып, ерекше ерлік істері үшін Бас қолбасшының Жарлығына сай «Қызыл жұлдыз» орденін кеудесіне тақты. Ал, 1944 жылдың соңына таман төртінші рет басы мен аяғынан тағы жарақат алған майдангердің соғысқа кері аттануына медициналық комиссия рұқсат етпей, біржола елге қайтарды. Сөйтіп, елге ІІ топ мүгедегі болып оралған Халидолла Мирманов бейбіт өмірде еңбекке де бел шешіп кіріседі.
Гурьев (қазіргі Атырау) қаласындағы Жамбыл атындағы мектепте, кейін облыстық комсомол комитетінде жауапты қызметтер атқарды.
Елге келіп, Жеңіс тойын тойласа да, оның көңілін мазалаған бір жайт бар еді. Ол – соғыстан жарақат алып оралған ағасын іздеп табу. Соғыс аяқталар тұста жарақат алған ағасын Семейдегі әскери госпитальға жібереді. Ал, сол кезде Халидолла Мирманов тыңшы қызметін атқарып жүрген еді. Бір күні ағасының сол госпитальда қайтыс болғаны жөнінде қаралы хабар жетеді. Оның жерленген жерін тауып, бейітін көтеріп, құран бағыштауды парызы санаған 24 жастағы Халидолла Мирманов жалғыз өзі жолға шығады. Он жеті күн жол жүріп, ақыр соңында ағасының Бауырластар зиратына жерленгенін біліп, екі шешенмен бірге қабірді қазады. Ағасында екі алтын тісі болған. Сол арқылы мүрдесін тауып, моласын көтеріп, белгі қойған.
– Сол кезде бір ата әкеме «Балам, осынау алыс жолдан жалғыз өзің келдің бе? Туыстарың қайда, өзің торғайдай баласың ғой» дегенде, әкем «Торғайдай балада арыстанның жүрегі бар» деп жауап берген екен. Кішкентай балалар су тасуға көмектесіп, саман тастан моласын көтеріп, інілік борышын өтеп келді», – деп еске алады қызы Маржан Мирманова.
Соғыстан кейінгі жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне белсене араласқан Халидолла Мирманов әуелі өзінің біліктілігін көтеруге ден қояды. 1951 жылы Ленинградтағы Жоғары кәсіподақ мектебін бітіреді, бұдан соң Алматыдағы политехникалық институтында білім алып шықты. Осылайша, білімі мен тәжірибесі сай келген Халидолла Әуелбайұлын партия комитеті облыстық атқару комитетінің құрылыс бөлімін басқаруды сеніп тапсырды.
Соғыста алған жарақаттары сыр беріп, ардақты азамат 1980 жылы 55 жасында көз жұмды. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бұл күнде жары Қарлығаш әжей 82 жаста ақ жаулықты әже атанып отыр. Ал, олардан өрбіген ұрпақтары – ұлы Жантемір мен қызы Маржан өз алдына түтін түтетіп, әке аманатын болашаққа жеткізіп келеді. Өзі көрген жиені Фархат – бүгінде ата жолын қуған әскери қызметкер, Қазақстан Әскери-теңіз флотының ІІІ рангалы капитаны. «Өмірдің бар бақыты – немере-жиен сүю екен ғой. Егер көзім тірі болса, Фархатымды Суворов училищесіне оқуға түсіремін. Бірақ, бұл күнге жеткізбейді-ау», – деп отырушы еді татар дәмі таусылып келе жатқандығын сезгендей. Ал, одан кейін өмір жалғасындай болып дүниеге келген немерелері Гүлжан, Жанболат, Раушан, Асхат түрлі мамандықтарды меңгеріп, жасампаз болашақ үшін абыройлы еңбек етуде.
Егер тірі болса, Халидолла Мирманов 10 маусым күні 90 мерейлік жасын тойлар еді. Ең бастысы, ұрпағы кешегі сұрапыл соғыста Отан үшін от кешкен майдангердің ерлігін ұмытпайды, ол салған ізбен жүруге бел буған. Ұрпақтар сабақтастығы деп осыны айтса керек.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*