ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ ҮЗІЛМЕЙДІ

– Еліміздің оңтүстік, солтүстік, шығыс өңірлерінде өнер көрсетіп, шеберлік сабақтар өткіздік. Батыс өңіріндегі шараның алғашқысын Атырау облысынан бастап отырмыз. Мақсатымыз – әр өңірдегі соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетіп, оларға концерт қою. Сондай-ақ, арнайы музыкалық оқу орындарына барып тәжірибе алмасу, күрделі әлемдік классикалық шығармаларды орындауға баулу,- дейді Тимур Урманчеев. Ол фортепианода ойнаудың күрделі ноталары туралы әңгімелеп, «Ноталар жинағы» атты кітапшаларды студенттерге табыстады.
Вокал, баритон бойынша сабақ берген Андрей Трегубенконың айтуынша, бүгінгі жас дарындар – ертеңгі өнер жұлдыздары. Олар алда үлкен сахналарды бағындырады, халықтың ілтипатына ие болады. Оларға қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Сабақ өткізу барысында ол туабітті әншілік өнердің қыр-сырын тарқатты.
Ермек Құрманаев өнерлі жастарға виолончель аспабында ойнаудың шеберлігін, соның ішінде сұқ саусақ пен шынашақты дәл түсіруді үйретті. Жеке-жеке сыныптарда өткізілген әрбір сабаққа колледждің оқытушылары мен оқушылары қатысып, музыка, өнер жайындағы сауалдарын қойды.
«Дегдар» гуманитарлық қорының қайырымдылық концерті Махамбет атындағы қазақ драма театрында жалғасты. Шараны тамашалаған соғыс және тыл ардагерлері майдан даласында оларды Ұлы Жеңіске жігерлендіріп, күш-қуат берген асқақ рухты әндерді сүйсіне тыңдады. Андрей Трегубенконың орындауындағы итальян, неміс, француз және орыс композиторларының шығармалары көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, Абайдың «Көзімнің қарасы» әні де әншінің табиғи ерекше дарынын айғақтай түскендей.
Париж және Мәскеуде де көрермендердің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіп жүрген Тимур Урманчеевтің фортепианода және Ермек Құрманаевтың виолончельде ойнауына таңданыс білдірген көрермен зор ықыласпен қошемет көрсетті.
Шара соңында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан өнер қайраткерлеріне алдымен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан ризашылығын білдірді.
– Рухани баю, кемелдену дегеніміз – осындай үлкен өнерпаздардың концертіне қатысып әдемі демалу. Әлемдік деңгейдегі өнер иелерінің қатысуымен концерт өңірімізде күнде өте бермейді. «Жасында бейнетін, қартайғанда зейнетін бер» деген қанатты сөздегідей жас ұрпақтың ардагерлерге деген құрметі, концерт ұсынуы сол зейнеттің бір өлшемі секілді көрінеді. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның бастауымен құрылған «Дегдар» гуманитарлық қоры да ардагерлерге құрмет көрсету, жағдай жасау мақсатында игі шараларды жүзеге асыруда. Осы орайда атыраулық жүз ардагерге сый-сияпат көрсетілгенін атағанымыз жөн. Дариға Нұрсұлтанқызына алғысымызды білдіреміз. Ал, талантты өнер иелерінің концертіне көп сөз айтудың қажеті жоқ, тек қол соғу ғана керек, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Айта кету керек, «Дегдар» гуманитарлық қорына «Джей-Ти-Ай Қазақстан» компаниясы қолдау білдіріп келеді. Ендігі «Ұрпақтар сабақтастығы» («Времен связующая нить») деп аталатын қайырымдылық мәдениет жобасы Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында жалғасын таппақ.
Соғыс және еңбек ардагерлері Атырау қалалық кеңесінің атынан төрағасы Әліпқали Бекеш өзгеше көңіл-күй сыйлаған өнер иелеріне ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді. Ардагерлер майдан жылдарындағы орындалған, жауынгерлерге күш-жігер, рух берген әндерді Андрей Трегубенкомен бірге қосылып шырқады.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*