Құрманғазы ауданында батыс аймақтық театрлар фестивалі өтті (ФОТО)

Бүгінде бағы жанып, мерейі асқақтаған «Киров» халық театрының жарты ғасырлық торқалы тойына орай Құрманғазы ауданында «Театр – сарқылмас қазына» атты батыс аймақтық театрлар фестивалі ұйымдастырылды. Оған көршілес облыстар мен аудандардан 7 театр ұжымы жиналды.

Изображение 070

Атап айтқанда: Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданынан «Жымпиты», Ақтөбе облысы, Ойыл ауданынан «Ойыл», Батыс Қазақстан облысы, Тасқала ауданынан «Тасқала», Қызылқоға ауданынан «Самал», Индер ауданынан «Ақ Жайық», Исатай ауданынан «Аққыстау», Құрманғазы ауданынан «Калинин» халық театрлары. Мақсаты – театр қайраткерлерінің шығармашылығын дәріптеу, артына қалдырған мұраларын қайта жаңғырту, есімдерін ел есінде мәңгі қалдыру. Алдымен өнер тарландары көрнекті ақын, еліміздің Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің рухына тағзым етуді жөн санап, Еңбекші ауылдық округінде орналасқан ескерткішіне гүл дестелерін қойды. Аудан әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаев, киелі өңірге келген өнер саңлақтарына фестивальдің сәтті өтуін тіледі. Жылы лебізін одан әрі аудандық мәслихат хатшысы Б.Жүгінісов жалғастырды.

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің алдына қызыл кілем төселіп, құрметті қонақтар оның бойымен жүріп өтті. Жүргізуші Р.Исмағұлов олардың әрқайсысын жеке-жеке таныстырып отырды. Ал үстеріне қазақша киімдерін киген мәдениет үйінің қызметкерлері меймандарға ақтан ауыз тигізіп, сары бауырсақтан дәм таттырды. Мәдениет үйінің фойэсінде ақ жаулықты әжелер шашу шашып, «Жиделі» фольклорлық ансамблінің өнері тамашаланды.

Зал толы өнерсүйер қауым көркемдік бағыттағы ізденістерін тоқтатпай, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіріп, өткен мен бүгінгіні сабақтастырған «Киров» халық театрының арнайы тапсырысымен дайындалған «Өмір.Театр.Тарих» атты қысқа метражды деректі фильмін тамашалады. Онда ұжымның жүріп өткен жолы айшықталып, өнер ошағында әртіс болып, түрлі рөлдерді шебер сомдаған ардагер аға-апалардың тағылымды әңгімелері тыңдалды. Мерекенің салтанатты шарасын жүргізген аудандық өнерпаз Болат Бидоллаев фестивальді ашық деп жариялап, алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаевқа ұсынды. «Театр фестивалі – ел мәдениеті үшін айтулы оқиға. Бүгінгі мереке халық мәдениетін қайта жаңартып, елдік рухты асқақтататыны сөзсіз. Бұл фестиваль киелі өнердің келешегі кемел екенін көрсеткен «Киров» халық театрының 50 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келіп отыр. Жолдың шалғайлығына және ауа-райының қолайсыздығына қарамастан тойымызға алыс-жақын жерлерден қадірлі қонақтарымыз келіп, қуанышымызға ортақтасуда»,-дей келе, «Киров» халық театрының құрылуы мен қалыптасуына еңбектері сіңген, «халықтық» атаққа ие болуына зор үлестерін қосқан өнер адамдары Мұғал Наурызбаев, Мардан Тәжібаев, Сабыр Ажыханов, Зәмзәм Ысмағұлов, Саясат Жұбаниязов, Науқан Қалиев, Ахонғали Елеуов, Бердіхан Қалиев, Сатыбалды Қуанышбаев, Жексенбай Әйтекешов, Өтежан Қалиев, Маркс Әлісмақов, Жәрдем Қамбаров, Құрманғазы Құбашов, Дәрмеш Бейішовтың ұрпақтарына аудан әкімінің Естелік хатын табыстады. Аудан әкімінің Алғыс хатымен өнер ошағының алғашқы кезеңінен оның ыстығына күйіп, суығына төзе білген ардагерлер Пәрен Әбенова, Ұлмаш Ерғалиева, Мағират Қыдырова, Социал Сабырғалиев, Өміржан Жұбаниязов, Серік Сапарғалиев, Сережа Садықов, Жаңбырбай Нәрешов, Сәуле Марданова, Қарлығаш Қалиева, Берік Жұмағазиев, Анарбек Нухов марапатталды.

Изображение 085

«Киров» халық театрының ардагері Өміржан Жұбаниязов толқи сөйлеп, өткенге көз жүгіртті. Он үш жасынан ата-анасының қасында жүріп театр өнерімен таныстығы басталғанын айтып, кейбір қызықты жайттарды сағынышпен еске алды. Театрдың құрылуы мен қалыптасуына бірден-бір себепші болған сол кездегі совхоз директоры Мұғал Наурызбаевтың рухына бас иетінін жеткізді. Бұдан кейін ол елдің рухани дүниесін байытып, талғамын арттыру мақсатында өткізіліп жатқан өнер мерекесiне қолдау бiлдiрген аудан әкімі Бибоз Шаяхметов пен оның орынбасары Өркен Тәжібаевқа, келген меймандарға айрықша iлтипат көрсетіп жатқан ұйымдастырушыларға зор ризашылығын бiлдiрдi.

Өнер мерекесінің шымылдығы «Киров» халық театрының «Ғашықтар хикаясы» комедиясымен ашылды. Бұл туынды көрермен көңілін сергітіп, студенттік жылдардың қызығы мен шыжығына толы тәтті шақтарына жетелейді. Әртіс мамандығын таңдаған төрт студент жатақхананың бір бөлмесінде тұрады. Үшеуі жоғары курстың жігіттері, біреуі ауылдан кеше ғана келген бірінші курстың студенті. Әлгі үшеудің әуресі – өздерінен кіші Тұрсынбек, оны әр жерге жұмсайды.

Жоғары курстағы үшеудің екеуі екі аруға ғашық. Оларға сезімдерін жеткізудің амалын іздеп, болашақтары туралы білгілері келген қыздарды балгермен кездестіру үшін бөлмелеріне шақырады. Қырсық шалғанда әлгі балгер келмейтін болып қалады. Ал оны шақырған – Дастан. Бұлай боларын кім білген? Енді не істемек? Аруларын асыға күтіп отырған екеуі тығырықтан шығудың жолын іздестіреді. Ақыр соңында қос ғашықтарды кездестірудің жоспарын құрған Дастанның өзі балгер әйелдің рөлін сомдайды. Әрине, оны достары әрең дегенде көндіреді. Қойылым соңында ғашықтар табысады.

Изображение 030

Режиссері – Сұңғат Бірәлиев. Қойылымда Самат Саламатов, Қуаныш Ажыханов, Тілек Мұзафаров, Ринат Әбілқайыров, Берік Жұмағазиев, Гүлзада Жұмалиева, Маржан Тасимова, Жазира Сәрсенғалиева, Маржан Мусағалиева секілді дәшіндік әртістер тамаша өнер көрсетті.

«Калинин» халық театры өнерсүйер қауымға Ә.Тауасаровтың «Махаббат аралы» драмасын ұсынды. Байлық пен билікке, ақшаға құмар адамдардың шынайы келбетін, бүгінгі қоғамның кеселіне айналған сыбайлас жемқорлықты ашып көрсетуді мақсат еткен өнер ошағының әртістері өз рөлдерін шынайы сомдай білді. Олар жалған ар-намыс, парақорлық, дүние-мүлікке деген құмарлық қай кезде де орға жығатынын анық көрсете білді. Оқиға орманшы мен орманға демалуға келген жас жұбайлардың арасында өрбиді. Қазіргі қоғамдағы ащы шындықты боямасыз көрсеткен бұл қойылым зал толы жиналғандардың көңілдерінен шықты. Әрбір айтылған сөз көрермен жүрегіне терең ұялаумен құнды көрінді. Қойылымның режиссері, орманшы рөлін сомдаған Берік Жұмағазиев, жас жұбайлар кейпіне енген – Қадыржан Хасанов, Айна Нұрғалиева.

Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданынан келген «Жымпиты» халық театры белгілі жазушы-драматург, жерлесіміз Рақымжан Отарбаевтың «Сырым батыр» тарихи драмасын сахналады. Сырым Датұлы – тарихтағы ең жарқын, ержүрек, тағдыр-талайы аса күрделі тұлғалардың бірі, биыл оның туғанына 275 жыл толып отыр. Ол қазақ қоғамының өзіне дейінгі басқару құрылымын өзгерту мақсатында алғашқы болып нақты қадамдар жасаған жан. Тау тұлғаларымыздың тарихтағы орнын айшықтаған драмада ұлттың тәуелсіздігі жолында тер төгіп, қан кешкен асылдарымыздың ерлігі дәріптеледі. Сырым бабамыз отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған, патша әкімшілігінің езіп жаншуынан, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске аттанады. Осы жерде батыр асқан ақылдылығымен, даналығымен, шешендігімен, даңқты қолбасшылығымен танылады. Қойылымда кәсіби және әуесқой әртістер өнер көрсетті. Қойылымның режиссері Сәндібек Өтеғалиев. Сырым Датұлының батырлық келбетін Жоламан Еркін жан-жақты аша түссе, Самат Ыбанов, Қайрат Ирлашев, Мұрадым Ғұбайдуллин, Бауыржан Шермеденұлы, Жасұлан Ойшыбаев, Нұрсұлтан Қалешов сынды жастар жоғары әртістік шеберліктерімен өз рөлдерін тамаша ойнай білді. Оларға деген өнерсүйер қауымның ықыласы да ерекше болып, қошемет көрсетіп, гүл шоқтарын ұсынды.

Изображение 109

«Аққыстау» халық театры фестивальге С.Балғабаевтың шығармашылық тілі көркем, көрермендерге терең ой салатын «Құдағилар» атты бір актілі заманауи пьесасын ала келіпті. Шығармада әйел затының психологиясы арқылы шынайы өмір бейнеленеді. Режиссері – Фаруза Ахметова, музыкасын құрастырған – Еркебұлан Тастанов. Қойылымдағы Гүлрайхан, Сайдаш, Нәзипа, Баймұрат, Мейрамғали, Раушан рөлдерін аталмыш өнер ошағының әртістері Гүлшара Ысмағұлова, Рита Жаппарова, Айнагүл Дәулетьярова, Серікқали Қинешов, Жалғасбай Тәжиденов, Назерке Амангелдіқызы сомдайды. Аталмыш театр ұжымы бұл спектакльді сәтті шығарды.

Одан әрі фестивальдің аясында Қызылқоға ауданынан келген «Самал» халық театры Сая Қасымбектің «Жарайсың, шал – жігіт» атты комедиясын ұсынды. Әзіл-қалжыңға толы қойылымның астарында өмір мен өлімнің, кәрілік пен жастықтың ара жігі ажыратылып көрсетіледі.

Фестиваль қорытындысымен, ІІІ орынды «Тасқала» (БҚО, Тасқала ауданы), «Жымпиты» (БҚО.Сырым ауданы), «Аққыстау» (Исатай ауданы) халық театрлары иеленсе, ІІ орын «Самал» (Қызылқоға ауданы), «Ақжайық» (Индер ауданы) халық театрларына тиді. Жүлделі І орынды Ақтөбе облысы Ойыл ауданының «Ойыл» халық театры алды. Ал, бас жүлдеге Құрманғазы ауданының «Калинин» халық театры лайық деп танылды.

Айнагүл Шакупова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*