Әркімге қолжаулық болған жесір әйелдің жан сыры

Айсәуле Атырау қаласына таяу жатқан ауылдың бірінде тұрады. Жасы 38-де. Құдай қосқан қосағының қайтыс болғанына жылдан асыпты. Үш баламен жесір қалған оның қазіргі жағдайы қиындай түскен. Себебі, қайын інісі мен келіні, қайын сіңлілері – бәрі бір үйде тұратындықтан, бұны шеттетіп жүрген көрінеді. Тіпті келіні бір сөзінде: «Байың болса жоқ, бұл үйде не бағып отырсың кетіп қалмай?!» – депті. Шайпау мінезді келінмен сөзге келмеген Айсәуле: «Алланың басыма салғаны жесірлік болса не істеймін, үш балапанымды өсіріп отырамын-дағы,» – дейді де қояды. Келінмен бірге қос қайын сіңлісі де түрлі сөзбен қағытып, жөн отырғызбайды.

zhenshhina-sidela

«Меніңше, олардың ойы – мені үш баламмен үйден қуу. «Қойыңдар, бұларың не?!» – дейтін ата-енем де, әулеттің ақылгөй ағалары да жоқ. Өз жағым да солай. Енді не істеймін, әбден басым қатты. Содан жұмыстас келіншек: «Редакцияға барып, сондағы кісілерге арыз жаздырып ал. Сосын үй кезегіне тұр!» – деп ақыл қосты. Сіздерге келген шаруам осы еді, апа»,-деді ол бар үмітін бізге артып.

Бір-бірімізді бұрыннан білетін адамдай тез тіл табысып, әңгімелесіп кеткеннен бе, жесір келіншек жұмысындағы бөріктілерден де қағажу көріп жүргенін жасырмады. «Апа, қазіргі адамдар, шынымен-ақ, бұзылған екен. Қолында азды-көпті билігі бар азаматтар мені айналшықтап: «Әлі жап-жассың, саған еркек керек. Мұны ешкім білмейді, ол жағына қам жеме. Екеуміз жасырын кездесіп тұрамыз, бәрі нормально болады!..» – деп жүргізбейді. Сонда өздерінің әйелдері, бала-шағалары бар. Қайсыбірі ата болып отыр! Масқара!».

Күйеуі бар әйелдердің құлағына – «алтын сырға»

Пендешілікпен екі күннің бірінде ерлі-зайыптылардың ренжісіп жататыны, бір-бірінің жүрегін жаралайтын ауыр сөздер айтатыны, әлі жететіні әлсізін соққыға жығатыны бар. Бұл – өмір, одан ешкім қорғалмаған. Осылайша бір-бірімен ырылдасып жүргенде олар ұл-қыздарының қалайша есейіп қалғанын, өздерінің құдандалы болып үлгергенін, ата мен ене болғандарын білмей де қалады. Ал, ең ауыры – жаныңдағы жартыңның көзі тірісінде қадіріне жете алмау. Көз көріп, құлақ естір жердегі жағдайларды бажайласақ, әйелі қайтқан ер де, күйеуі өлген әйел де жетім баланың күйін кешеді. Бала-келін мен қыз-күйеуге бұрынғыдай сөзі өтпейтін ол (әйел не ер) кімге өкпелерін білмейді. Басына түскен жалғыздықты енді ғана шын түсінген олар өздерін жерден алып, жерге салады. Кейбір ер кісі «әйелімнің алдында кетпегенім-ай» деп, зар илейді. Сөйтіп, кезінде тату тұрмағандарына өкінеді, бармақ тістейді, бірақ, әрине, бәрі кеш…

Жанындағы жартысынан айрылған оларға ешкім өздерін сыйламайтындай, бұрынғыдай құрақ ұшпайтындай көрінеді. Іштерінен: «ол барда бұлай болмап еді», «әттең, өзі тірі болғанда ғой», «не болса да, жанымда жүргені жақсы екен-ау», «жора-жолдастар да, тума-туыстар да, тіпті үйдегі бала-келіндер де өзгеріп кеткен бе, қалай?» деп, үнемі ауыр ойда жүреді. Осындай қалың ойдан арылмайтын олардың бірлі-жарымы көп кешікпей сыңарының соңынан «кетіп» тынады…

«Жуырда достарымыздың бірінің үйінде қонақ болдық. Дастархан арасындағы үзілісте бәрі биге шықты. Мені күйеуімнің сыныптастары кезекпен вальске шақырып жатты. Ойымда түк жоқ, бәрімен емін-жарқын билеп жүрмін. Бір кезде менімен билеген жігіттің әйелі: «Қыздар, байқаңдар, күйеулеріміз Айсәулені қатты «сағынып» қалыпты. Тірі жесір болып қалмайық, тартып алмасын байларымызды!» – деп, дарақылана күлді. Жігіттер жағы да, мен де, басқа келіншектер де – бәріміз ыңғайсызданып қалдық. Жесірдің өмірі қандай қиын еді, апа!»,-деп, Айсәуле өксіп жылады. Мен барымша жұбатып жатырмын. Қоштасарда ол: «Әйелдер тірі күйеулерінен қалай ажырасады екен – осыған таңым бар!» – деді.

Қорытынды ой: Иә, көрінгенге көзтүрткі болып жүрген жесір келіншектің жан сыры осы. Оны қайын жұрты да, тұрмыстағы құрбылары да жақтырмауда. Ал, еңбек ұжымындағы басшысымақтардың ойы тіпті әріде – «пайдаланғылары» келеді. Қазіргі таңдағы ащы шындық. Сонда ол бейшара қайда барады, кімнен қайыр күтеді – ойланарлық жағдай, әрине. Үлкендеріміздің «жесіріңді қаңғыртпа, жетіміңді жылатпа» деген аталы сөзін құлағына ілер біреу табылар ма, сірә…

Лиза СЕЙТІМОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*