Рингте – қыздар!

Спорттың бокс түрінен ерлеріміз дүние жүзі бойынша үлкен жетістіктерге жетіп келсе, ендігі кезекте нәзік жанды қаракөз қыздарымыз да бұл спортқа бейімделіп, сүйіспеншілік танытуда. Осының айғағы ретінде Атырауда КСРО батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованы еске алуға арналған бокстан қыздар мен әйелдер арасында халықаралық турнир аяқталды. Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев дүние жүзінің әр түкпірінен келген боксшы қыздар мен жаттықтырушыларына «қош келдіңіздерін» айтып, сәттілік тіледі.

66qhlalrnki-1024x683

Жанкүйерлер рингте әлем чемпиондары Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Валентина Хальзова сынды былғары қолғап шеберлері мен атыраулық жас дарын Назым Ищанованы жарыс алаңынан көріп, шеберліктеріне тәнті болды. Қырық сегіз келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Алуа Балқыбекова жеңіс тұғырынан көрінді. Ол ақтық сында Алина Тұрлыбаеваны жеңіп, чемпион атанды. Ал, қола жүлде Ангелина Лукас пен Ақдидар Жұманазарға бұйырды.   Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 51 келіге дейінгі салмақта бұл жолы да жеңіс жолынан тайған жоқ. Финалда ол тәжікстандық боксшы Светлана Веглинадан басым түсті.

– Мен бұл жарысқа тек жеңіс үшін келдім. Мақсатыма жеткенім үшін қуаныштымын. Алға қарай көптеген жоспарым бар. Ең бастысы — олимпиада ойындарына жолдама алу. Ол үшін төрт жыл бойы дайындалу керек, – дейді әлем чемпионы.

rixp3ygx-ic-1024x700

Ал, тағы бір әлем чемпионымыз Дина Жоламан бұл жолы күміс жүлдегер атанды. Ол финалдық кездесуде Аида Тұяқбайға жол берді. Елу жеті келіге дейінгі салмақта Дәметкен Келімбетке тең келер ешкім болмады.

Өз салмақ көрсеткіштерінде де Мадина Нұршаева, Валентина, Виолетта Князева, Мөлдір Базарбаева алтыннан алқа тағынды. Ең ауыр салмақта Умида Садықова І орынды иеленді.

– Біз халықаралық турнирде ел намысын қорғай алатын боксшы қыздар арасында іріктеу жүргіздік. Жарыс барысында олардың қабілеттерін байқап, шеберліктерін шыңдауға мол мүмкіндік берілді. Турнир де өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл елімізде бокс спортының тек ерлер арасында ғана емес, сонымен қатар, әйелдер арасында да қарқынды дамып келе жатқандығын көрсетеді, – дейді жаттықтырушылар.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*