РЕСЕЙ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ

Жылы шырайлы жүздесуді кіріспе сөзбен ашып, қазақы дәстүрмен «қош келдіңізін» айтқан аймақ басшысы меймандарды облыстың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен таныстырды.
Бір-бірімен ежелден тату көрші Қазақстан мен Ресейдің, әсіресе Атырау мен Астрахан облыстарының, басқа да шекаралас аймақтардың арасында көп жылдардан бері қалыптасып, берік орныққан, тамыры тереңге жайылған экономикалық-мәдени байланыстардың бұдан былай да жалғаса беретіндігіне сенімділігін білдірді.
Бүгінгі таңда бір ғана Атырау облысында 100-ден астам Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны әр салада жемісті жұмыс жасауда. Мұнда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Атырау инвест» бизнес форумының да ықпалы зор. Оған қоса, үстіміздегі жылы қаламызда екі мемлекет басшыларының келісімі бойынша халықаралық деңгейдегі осындай ауқымды шараны өткізу жоспарланғаны белгілі. Алдағы күзде ұйымдастырылғалы отырған ХІ Қазақстан-Ресей бизнес форумына дайындық шаралары да қарқын алған.
Қазыналы аймақта атқарылып жатқан сан салалы жұмыстардан хабардар болған Ресей елшісі Михаил Бочарников та өз тарапынан оларды құптағандығын және ризашылығын білдірді. Игі бастамалар мен игілікті істердің жалғаса беруіне өз өкілеттігі шеңберінде үлес қосып, атсалысатындығына сендірді.
Ол Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселесі туралы ойларын да ортаға салды. 2014 жылдың мамыр айының 29-ы күні осы одаққа бірігіп, мүше болуға ниетті мемлекеттердің басшылары оны бекіту туралы келісімге қол қоймақ. Бұл үрдісте бағзы заманнан іргесі мен ынтымағы жарасқан Ресей мен Қазақстанның алар орны, атқаратын рөлі айрықша болары даусыз.
Ойындағысын осылайша сабақтаған елшінің айтқандарын мұқият тыңдаған Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те бұл маңызды оқиғаға қолдау білдірді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*