РЕПЕТИТОР ҚЫЗМЕТІ: қажеттілік пе, осалдық па?

Жалдамалы қызметтің бұл түрі бүгін үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, аталған қызметті оқушылар мен жұмысқа орналасқысы келген азаматтар, тіл меңгеруді қолға алған жандар пайдаланады. Репетитор қызметіне жүгіну себебін мұғалімдер «сыныпта оқушылардың көптігінен» десе, ата-аналар «уақыттың жоқтығынан» дейді. Сөйтіп, жыл сайын жаңа оқу жылы басталысымен әрбір екінші оқушы мектептен тыс уақытында қосымша сабаққа барады.  Немесе репетитор үйіне келіп сабақ береді. Ал, оған ата-ана еңбегін төлейді.

РЕПЕТИТОР ҚЫЗМЕТІ қажеттілік пе, осалдық па

Ата-анамен ұстаздың өзара келісімге келуіне байланысты сабақ аяқталған соң үй тапсырмасын орындауды үйрететін мұғалімдер де бар. Әрине, тегін емес. Әсіресе, өткен жылы жаңартылған оқу жүйесі бойынша білім алу бірінші сынып оқушыларына оңайға соқпағаны рас. «Сабақ бес күнге қысқартылғанымен, таңертеңгі сағат 8.00-ден түскі 13.00-де ғана шығатын балаларымыз үйге сілесі құрып жетеді. Бірінші сынып болған соң, бірер сағат көз шырымын алдырған соң өткен тақырыпты қайталатамын (бір қуанарлығы, былтыр облыс әкімінің бастамасымен бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылды). Мұғалім соның өзінде баламның сабақ үлгерімі төмен деп, қосымша сабаққа беруіме кеңес берді. Және «қосымша сабаққа бердіңіз бе?» деп күн сайын сұрайтын. Ол, үшінші тоқсанның ортасы еді. Сенсеңіз, сол кезде балама екі сағат қосымша сабақ беретін мұғалім таба алмадым. Көпшілік ата-аналар сабақ басталмас бұрын алдын ала келісіп қояды екен. Сол кезде кейбір мұғалімдердің жұмысындағы оқушылардан гөрі, ақы төленетін қосымша алған балаларға ерекше ықылас танытатынын көрдім», дейді Айнагүл есімді ата-ана.

Репетиторлық қызметті уақыт  талабына орай, оқу бағдарламаларының өзгеруіне байланысты бүгін ғана пайда болған деуге болмайды. Оның тарихы ертеден басталған. Еуропалық бай-манаптар балаларына гувернанттар жалдап, оқуға бейімдеген. ХVІІІ ғасыр гувернанттық қызметтің нағыз өркендеген дәуірі болды. Соңғы кезде бұл қызмет жаңаша түрленіп, сұраныс пен оған төленетін ақы да жыл сайын артып отыр. Жалдамалы оқыту қызметіне сұраныстың артуы мектептегі білім беру жүйесінің әлсіздігін көрсетпей ме? Немесе баламен қарым-қатынасқа селсоқ қарайтын ата-ананың жұмысбастылығы ма?

Атырау қаласында репетиторлық қызмет ұсынатын орталықтарды аз деп айта алмаймыз. Әсіресе, соңғы жылдары олардың қатары көбейе түскен. Бизнес көзіне айналған мұндай орталықтардың әр ықшамауданнан кемінде екеуін кездестіруге болады. Және оқыту сағаты мен пәннің түріне байланысты бағалары да әртүрлі болып келеді. Мәселен, осыдан төрт ай бұрын ашылған «Junior» атты оқыту орталығы төрт жастан бастап төртінші сыныпқа дейінгі балаларды оқытады. «Балалар әсіресе, математика пәнінен қосымша сабаққа көп жүгінеді. Мұны үлкен мәселе десек те болады. Себебі, кішкентай балаларға бағдарламаны бірден алып кету өте қиын. Бұл тек біздің аймаққа ғана тән проблема емес» деген аталған оқыту орталығының өкілі.

Иә, барын «балама» деп жинайтын халқымыз, ұрпағынан еш нәрсесін аямайды. Баланың білімі үшін берген қаржы болашаққа салған инвестиция тәрізді. Бірақ, мұны барлық ата-ананың қалтасы көтере ме екен? Аталған орталыққа бір ай жарты күннен, аптасына бес рет балаңызды оқытсаңыз, ақысына  40 000 теңге  төлеу керек. Әрине, аз қаражат емес. Өзге оқыту орталықтарының да бағасы осы шамалы. Сондықтан, қосымша сабаққа кез келген адам баласын бере алмайды. Ал, мектептердегі тегін қосымша сабақтар ше? Біз бүгінде пәндік сабақтар емес, домбыра, би секілді үйірмелердің ғана бар екенін білеміз. Себебі, мұғалімнің уақыты немесе екі ауысымды мектептерде бос сынып болмайды. Ал, балаға шын жаны ашитын ұстаздар ғана сабақтан соң алып қалып, аз да болса тақырыпты қайталатады.

 

Роза  Қабдолова,

облыстық білім беру басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы:

– Репетитор қызметіне ата-ана өз қалауы бойынша, баласының сабақ үлгеріміне байланысты жүгіне алады. Мұғалімдер «балаңды репетиторға бер» деп айта алмайды. Себебі, сыныптағы баланы оқытуға, сабақты түсіндіре білуге  мұғалім міндетті. Ал, нағыз бағдарламаға ілесе алмайтын баламен,  ата-анамен мұғалім бірлесе жұмыс жасауы керек.

 

Зүлфат  АҚМҰРЗИЕВА,

№34-ші  лингвистикалық  мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:     

– Балалардың қабілеті әртүрлі. Бір тақырыпты барлығы бірдей бір мезетте қабылдамайды. Сондықтан, тақырыпты түсінбеген оқушыларды сабақтың соңында алып қалып, жеке оқытамын. Бала тақырыпты игеруі үшін бастапқыда жеңіл тапсырма беріп, біртіндеп күрделендіре түсемін.  Бұл енді мұғалімнің шеберлігіне байланысты деп ойлаймын. Жұмыстан қолы босай қоймайтын ата-аналар балаларына жеке мұғалім жалдап оқытқаны дұрыс. Өйткені, бір сабақты жіберіп алса, түсіну қиынға соғады. Репетитор бастауыш сынып оқушыларына қолайлы емес. Себебі, жеке ұстазға үйреніп қалған бала кейін өз бетінше кітап оқымайтын болады. Сол үшін «жақсы екен»  деп  кез келген пәннен жеке мұғалім жалдау да жөн емес.

 

Бала  өзіне  сенімді  болып  өсу  үшін:

– Балаға кішкене де болса жауапкершілік жүктеу, орындауына мүмкіндік беру қажет.

–Ұмтылысын бағалай білу, кейде мақтау, қолпаштау керек.

– Сабақ үлгерімі нашар болса, бір істе сүрінген болса, оны бетіне баса берудің қажеті жоқ. Ондайды уақытша жеңіліс ретінде көру керек және балаға да солай көрсете білу маңызды.

– Мектепте де балаға жеке тұлға ретінде қарау аса маңызды. Жақсы оқитын балаларға мейіріммен қарап, басқаларды оқшаулау дұрыс емес. Ұстаз барлық балаға бірдей қарағаны жөн.

– Баланың қалауын ескеру, кішкентайынан оған таңдау мүмкіндігін беру, келешекте өз пікірінің қалыптасуына себепші болады.

– Балаға айқайламау, зекімеу, қол көтермеу қажет.

Түйін:

Сарапшылар репетиторға әсіресе, оң-солын танып үлгермеген бастауыш сынып оқушыларының көп баратынын айтады. Әрине, бұл ата-ананың өз еркімен жасалып отырған қадам. Сондай-ақ, репетиторсыз да білім шыңына шыққандар бар. Бізді мазалайтыны – екі кеменің басын ұстаған бала ертеңгі күні білімсіз қалмай ма деген қорқыныш. 

Мәлике МӘЛІК.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*